Кеше, қарашаның 22-сі Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 6 адам, соның ішінде 5 бала ыс тиіп (көмірқышқыл газына улану)  ауруханаға түсті.

ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлімдеуінше, Алматы облысының Талғар қаласында екіқабатты көппәтерлі тұрғын үйде көмір жағылатын пешті пайдалану ережелерін сақтамау (мұржасы тазаланбаған) салдарынан 9, 6, 4 және 2 жастағы балалар көмірқышқыл газына уланып, ауруханаға түсті. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

Ал СҚО Тимирязев ауданының Сулы теміржол станциясында жеке тұрғын үйде пешті пайдалану ережесінің сақталмауынан 34 жастағы әйел мен оның 11 жастағы қызы ысты газдан уланып, күйік шалған.

Мұржасы түтіндеген Қазақстан жұртының аймақтарында әлі күнге дейін жылыту жүйесіне қосылмаған елді мекендердің қатары көп. Сәйкесінше үй жағдайында өз бетімен пеш жағып, отын жарататын тұрғындары бар аймақтарды өрт оқиғалары жиі болып тұрады. Биыл жылыту маусымы басталғалы бері 1700-ден астам өрт болып, салдарынан 47 адам қаза тапқан. Ішкі істер министрлігінің вице-министрі Юрий Ильиннің айтуынша, былтыр республика бойынша 14 567 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 434 адам көз жұмған. Одан бөлек 412 адам жарақат алып, жалпы материалдық шығынның көлемі 3,5 миллиард теңгеден асқан. Ал 2017 жылы елімізде 15 мың өрт оқиғасы тіркеліп, 352 адам көз жұмып, 816 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Демек қызыл жанның құшағында жан тапсырғандар саны жылдан-жалға артып келеді. Өлім саны 352-ден 434-ке өскен. 82 азамат тілсіз жаудың құрбанына айналған. Биыл ше?.. «Бұл тиісті ведомстволар қызметінің дәрменсіздігін білдірмей ме?». Қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшылардың пікірі осы.

Қазақстанда өрт оқиғалары өте жиі болып тұрады. Биыл 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында орналасқан шағын үйінен өрт шығып, салдарынан 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген бес бала жан тапсырған еді. Қоғамдық резонанс тудырған трагедия елдегі әлеуметтік, қауіпсіздік саласында жүйелі мәселелердің барын көрсеткен. Бірақ бұл жұрт назарына іліккен бір ғана оқиға. Осы сияқты елімізде жыл сайын қаншама оқиға болып жатыр.

"The Qazaq Times"