Бүгін Алматы қалалық сотының судьясы Інжу Уәлихан оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың «заңсыз ұстау» жөніндегі апелляциялық арызын қанағаттандырмады. 

Биылғы кезектен тыс празидент сайлауы кезінде «сайлаудың лигитимділігіне» күмәнданатын азаматтар бейбіт шеруге шыққан болатын. ІІМ-нің дерегі бойынша, толқу барысында 4 мыңға жуық азамат ұсталып, 677-сі сот арқылы әкімшілік қамауға алынып, ал 305-іне әкімшілік айыппұл салынған еді.

Алматыда өткен бейбіт шеру уақытында Астана алаңы (ҚБТУ ғимаратының алдында – ред.) маңындағы қоғамдық тамақтану орнының біріне келген белгілі саясаткер Балташ Тұрсымбаевты полицейлер «ай-жайға қарамастан» ұстап кеткен. Өзін құқық қорғау органдарының заңсыз ұстағанын айтып, сотқа шағымданған.

Бүгін Алматы қаласының сотында аталған арыз бойынша сот отырысы өтті. Бар болғаны жарты сағатқа ғана созылған процеске жауапкер тарап қалалық полиция департаментінен ешкім келмеді. Судьяның рұқсатымен сөз алған Тұрсымбаев: Бұл сот жүйесі, билік, полиция, прокуратура, ҰҚК біздің халықтың жуастығын пайдаланып отыр. Қазір ешқандай митингі боп жатқан жоқ. Бірақ белсенділерді алып кетіп, кейбіреулерін 5-10 күнге қамап жатыр. Бұның барлығы ұят, масқара, – деді.

Ал қорғаушы-заңгер Маржан Аспандиярованың сөзінше, күштік құрылым өкілдері саясаткердің ізіне түсіп, заңсыз бақылауға алған. Себебі ұстау барысында полиция оның қай жерде, кіммен және не істеп жүргенін білген көрінеді. «Тұрсынбаевтың заңсыз ұсталғанына оны полиция қызметкерлерінің ешқандай құжат толтырмастан босатуы дәлел. Егер ол заң бұзып, қылмыс жасағаны үшін ұсталса, бұлай болмас еді...», – деді адвокат. Оның ойынша сот «шешімнің саяси астары бар».

Тұрсымбаевтың апелляциялық арызын қараған Алматы қалалық сотының судьясы Інжу Әлиханқызы бұған дейінгі №2 Алмалы аудандық сотының шешімін еш өзгертусіз қалдырды.

Қайта құру кезінде жоғары инстанцияларда лауазымды қызмет атқарған(1991-92ж. Қазақ ССР-і вице-премьері, 1992-93ж. ауыл шаруашылық министрі, 1995-96ж. Қауіпсіздік кеңесі хатшысы) оппозициялық белсенді «алдын ала шешіліп қойған сот үкіміне» наразы екенін айтып, алдағы уақытта «Жоғарғы сотқа, одан нәтиже болмаса, БҰҰ-ға шағымданамыз» деді.

"The Qazaq Times"