Үш министр пен сегіз әкім әкімшілік жауапқа тартылмақ.

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауынан шығарып алған ведомстволар вице-министрлері мен әкім орынбасарларын жауапқа тартуға тапсырма берді. Үкімет басшысы вице-премьер Роман Склярға бір жұма ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша нақты шаралар әзірлеуін бұйырды. А.Мамин:

– Премьер-министр кеңсесі үш күн ішінде азық-түлік тауарлары бағасына жауап беретін ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интергация  министрлерін тәртіптік жауаркершілікке тарту туралы менің атыма ұсыныс енгізсін. Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Тараз, Жамбыл өңірлері әкімдерінің орынбасарларын белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартып, Үкіметті хабардар етсін, – деді.

А. Маминның айтуынша, жыл басынан бері барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 15%-ға қымбаттаған. Ең жоғары баға мына тауарларда байқалады: қарақұмық  – 62,9%, күріш – 30,3%, ұн – 27%-ға қымбаттаған.

Шымкент және Қызылорда қалаларында баға шарықтаған. Аталған өңірлерде әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 7-еунің бағасы өскен.

Бұған дейін, өткен аптада Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Тоқаев азық-түлік бағасына бақылаудың жоқтығына кейіп:

Әкімдер, өз кезегінде, бұл жұмысты өз бетімен жіберген. Тұрақтандыру қорлары азық-түлік тауарларының нарығына ешқандай тұрақтандыру әсерін тигізіп отырған жоқ. Бағаның межелі деңгейі бақылауға алынбаған. Менің тапсырмам орындалған жоқ, – деген еді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қымбатшылық инфляцияға кері әсерін тигізіп жатыр деген болатын.

Халықаралық Moody’s агенттігі  қазірдің өзінде халықтың қарызы айлық табысынан екі есе көбейгенін, нақтырақ айтқанда 6 миллионға жуық отандасымыздың банк алдында өтелмеген жалпы сомасы 7 триллион теңге берешегі барын жариялады. Әсіресе, Алматы қаласы мен ел астанасының, Қарағанды облысының тұрғындары кепілсіз тұтынушылық несиеге белшесінен батқан. Ертеде бір ділмар айтқан деседі «ит-мысығы тоқ елдің, күйіне уайым жоқ» деп.  Біз де соның тысын ішіне қарай өңгеріп «ломбарды мен кредиттік ұйымы көп елдің, күйі мен күнінде жылу жоқ» дегіміз келеді.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті былтыр қаңтар-шілде аралығында 2017 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға қымбаттаған электр энергиясының құны желтоқсаннан бастап тағы 6%-ға өсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар биыл үкімет күнделікті тұтынуға қажет тауарлар мен азық-түлік өнімдері орта есеппен 9%-ға қымбаттағанын растап, «бұған өндірістің жоқтығы, алыпсатарлардың көптігі себеп»  екенін айтқан. Өткен айда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Ет бағасы 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 12,7%-ға шарықтағанын» ағынан жарыла айтқан болатын. Сонда ел қайтпек?

Түсіндіргіш шенеуніктер қымбатшылықтың себебін түлкінің құйрығындай бұлғаңдап ұстатпайды, ұшы «анау әлемдік мұнай бағасына» барып бір-ақ тіреледі. Арқаның кең даласында бидайын орып, ұнға тартып отырып өндірген отандық өнімнің өзі наннан бастап коммуналдық қызметтерге дейін төлем диаграммасы көкке қарай өрлеп барады.

Президент Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әдіре қалғаны ма? Мемлекет басшысы сондағы «Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс» деп жасаған қатаң ескертпесі шешесінің ақпақұлақ ұлына айтатын «бір құлағынан кіріп екіншісінен шығып кетеді» деген кейісінің керіндей  болды. Тұрмыс түзеп, күй оңалтпақтық –  мемлекет экономикасының ең қуатты күзірі орташа кластердің өмір сүру сапасын күшейтпелі шырайға дейін жеткізбесе де, ортайтып алмау, тиімділік коэффициентін тұрақтандыру – күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Біздің айтпағымыз, бір айналдырғанда шыр айналдыратын қымбатшылық бұқараның қос бүйірінен қысып, тынысын тарылған тұста билік ел жағдайына құлақ түріп, мейілінше оң шешім қабылдаса. Қазан көтерерге де көңіл керек аспазға. Ендеше, халықтың париоттық потенциалын көтеру үшін де, жасампаз жастары жастық жалынын өзге елге арнамас үшін оның хал-ахуалына мойын бұрып, сапалы-жайлы өмір стандарттарымен қамтамасыз етпек лазым.

"The Qazaq Times"