Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ҚазАгро» мемлекеттік холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарушы директоры басқарма мүшесіне қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарламасында «... алдау және сенімге қиянат жасау арқылы күдікті «Интер-Агро» ЖШС мен «ИнтерАгроТрейд» ЖШС-нің құрылтайшысына және басшысына тиесілі, алдын-ала келісілген 200 мың доллардан 20 миллион теңгені оның құзыретіне кірмейтін шешім қабылдағаны үшін, Ақтөбе облысында орналасқан элеватор – кепіл мүлігін сатып алу-сату шартын жасау түрінде алған» , – делінген.

Хабарламада күдікті туралы толық мәліметтер көрсетілмеген. Әзірге белгілісі ол ұсталып, астанада уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сондай-ақ, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.

«Күдіктінің кінәсі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады», – делінген хабарламада.

Биыл қаңтарда жарияланған Transparency International ұйымының есебінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 124-ші орынға жайғасқан. Зерттеуші халықаралық ұйымның атқарушы директоры Ольга Шиянның сөзінше, TI есебінде Қазақстан қаржы министрлігі құрылымын коррупция жайлағанын, ал ішкі істер министрлігі өзіне жүктелген қызмет міндетін атқаруға «дәрменсіз» органға айналғанын атап көрсеткен.

Transparency International «Қазіргі кезде Ресейден бастап Әзербайжанға дейін, Украинадан бастап Өзбекстанға дейін көптеген елдерде көбіне авторитарлық басқару кесірінен демократиялық институттар мен нормаларға қатер төніп тұр. Демократиясы әлсіз қоғамда коррупция өршиді. Мемлекеттік сектордағы коррупциямен күресте саяси ерік-жігердің жоқтығы азаматтардың саяси құқықтарын бұзады, соның кесірінен адамдар кейін әсері қалай болады деп алаңдап, ой-пікірін ашық білдіре алмайды, шеру өткізу және бірігу бостандықтарын пайдалана алмайды» деген ұйым баяндамасында. Елдегі жең үшынан жалғасқан жемқорлықтан әбден зәрезап болған азаматтық қоғам белсенділері қазына қаражатының оң-солды тоналуынан халықтың қажығанын айтады.

Күнбе-күн өршіген жемқорлықтың «салдарымен күрес» қашанғы жалғаспақ? «Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтыла қоятын» сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының курс-бағдарын өзгертуге ақжағалылардың батылы бара қояр ма екен?

"The Qazaq Times"