Егемендік сөзінің сыңары болып саналатын азаттық идеясы халық ауыз әдебиетіндегі басты тақырып, әрі тұлпар мініп, ту алған бабаларымыздың аңсары болған сол жаухазын жырлар ескі дәуір мен бүгінгі күннің арасындағы алтын арқау екенін; Қазақ халқының азат мемлекет болуы жолында күрескен бабалар сол ұлы идеяның бүгінгі идеологиялық құралға айналғанын көруді армандағанын, әлем таныған Қазақстанның жасампаздық жолын; Алабайрақ ту алған жыршылардың сөзі халықтың жадында, оның асыл рухымен егіз екендігін таныта білген МӘҢГІЛІК ЕЛ жыр фестивалі өз мәресіне жетті. 

Жыр фестивалінің көтерген идеясы мен оның идеологиялық мәні, ел бірлігі, ұлы жыраулар аңсаған азаттық сөзінің қадірі, сол бағыттағы болашақ бағдар беру болып отыр.

Еліміздің барлық өңірінен ата жұрттың асыл мұрасы - жырларымыз бен термелерімізді ала келген өнерпаздар Алатау мәдениет үйіне жиналған халықты Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай төл өнеріміздің маржандарымен сусындатты.

"ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН"   және "АТЫМДЫ АДАМ ҚОЙҒАН СОҢ" деп аталатын екі бөлімнен тұрған жыр кеші - төл мәдениетіміздің жаңғыруы мен жандануына өзінің сүбелі үлесін тигізе алды деген сенімдеміз.

“The Qazaq Times”