Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі биліктің ауысуы туралы пікір білдіріп, әдетінше 90-шы жылдары «құлдыраған экономиканы» қайта күшейту тарихынан естеліктер айтты.  

Бүгін астана төрінде өтіп жатқан «Астана клубы»   саяси форумының бесінші отырысының пленарлық мәжілісінде Назарбаев:

– Билік транзиті туралы сұрақ жиі қойылып жүр. Менің мандатым 2020 жылдың соңында аяқталуы тиіс еді, бірақ мен осындай шешім қабылдадым. Неге? Оған не себеп болды? Ең алдымен, мен Президент лауазымын нағыз танымал шағымда қалдырдым. 2015 жылы сайлауда мен 96% дауыс жинадым. Менің кеткенім үшін халық қамыққанын білемін. Бірақ, бұл бірегей оқиға емес. Бір кездері Де Голль де лауазымынан бас тартқан, Ли Куан Ю, Махатхир мырзалар да өзі кеткен, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana club панельдік отырысында.

Ол кеңес кезінен бері Қазақстан басшылығында болғанын және «есеңгіреген елдің» әл-ауқатын қалай 19 есеге өсіргенін әдеттегідей қайталады. «1984 жылы мені Қазақстан министрлері кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Содан бергі 35 жылда – КСРО ыдырауынан кейінгі ауыр жылдар бастан өтті, алып мемлекет қирады. Барлық байланыс үзілді, 2 миллион адам жұмыссыз қалды, электр қуаты жоқ, дүкенде нан мен сүт, шұжық жоқ. Мен Қазақстанды осы күйінде қабылдап алдым. Бұл жылдары ел экономикасы 20 есе көтерілді, халықтың әл-ауқаты 19 есе өсті. Біз әлем картасында болмаған мемлекетті құрдық. Қазір бұл мемлекет әлем картасында бар және құрмет-беделге ие», – деді ол.

Сонымен қатар ол 14,5 мың шақырым болатын ел шекарасының шегелеу тарихына тоқталып, алпауыт державалар арасында «біздің көпвекторлы саясатымыз ешкімнің аумағына енбей, тең қарым-қатынас құруға негізделетінін» қайталап айтты.

Сарапшылар тарапы Назарбаевтың әдетте әрқандай тұңғыш президент атқаруы тиіс «базалық міндеттемелерді» үнемі мақтаныш есебінде сөз етуін «әлсіз аргумент» деп санап, жиі сынға алады.

Экс-президент әкесінің оң жағында отырған сенат төрағасы Дариға Назарбаева. Елорда. 12 қараша 2019 жыл. Фото: ӘЭСИ

«Астана Клубы» саяси форумының бесінші отырысына төрағалық етуші экс-президент Н.Назарбаев. Елорда. 12 қараша 2019 жыл. Фото: ӘЭСИ

«Астана Клубы» саяси форумының бесінші отырысы. Елорда. 12 қараша 2019 жыл. Фото: ӘЭСИ

"The Qazaq Times"