Бүгін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ-қа ресми сапармен аттанды. Бірер апта бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп телефонда сөйлесу кезінде Түркия президентін еліне сапарлай келуге шақырған болатын. Ердоғанның АҚШ сапары 12 және 13 қараша күндері өтеді деп жоспарланған.

Кезекті сапарында Ердоған Трамппен жекелеген және делегациялар құрамымен кездесулер өткізеді. Кездесулерде екі елдің қарым-қатынасын дамыту, қайшылықтарды жөнге салу мәселелері талқыланады деп күтілуде. Сауда қарым-қатынасын дамытуды мақсат еткен іскерлік топтардың кездесуі де жоспарланған.

Соңғы кездері АҚШ пен Түркия қарым-қатынасы бірқатар қайшылықты мәселелерге тап болғаны белгілі. Айталық, Сүрия мәселесі, S-400 қорғаныс жүйесі мен F-35 жауынгерлік ұшақтарының дауы, сауда дауы, Фенхоллаһ Гүлен тақырыбы және күрд мәселесі бойынша пікір алауыздығы көбірек туылды. Әсіресе, соңғы кездері Сүрияның солтүстік-шығыс шекарасына Түркияның жүргізген әскери операциясына байланысты екі ел қарым-қатынасы қайшылыққа қарай беттей түскен. Кезекті бас қосуда Ердоған мен Трамп арасында күрделі тақырыптарға арналған келіссөз болатыны сөзсіз.

“The Qazaq Times”