АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаны «Ресейдің агрессиялық саясатына қарсы тұру үшін» арнайы қару-жарақпен қамтамасыз етті. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео WCSC-TV-ге берген сұхбатында мәлімдеді.

Помпео сұхбатында: «Қазіргі президент Ресей басшысы Владимир Путиннің Украина халқына қарсы қандай да бір зиян келтірмейтініне көз жеткізгісі келеді. Сондықтан біз Украинаға қорғаныс мақсатында қару-жарақ жібереміз. Бұрынғы әкімдік (экс-президент Барак Обама әкімшілігі) қару-жарақ бермесе де, әскери жағынан қолдау көрсетті. Мен АҚШ әкімшілігінің Украинаға жүргізген саясатын мақтан тұтамын», — деді.

WCSC-TV тілшілері Трамп мен оның украиналық әріптесі Владимир Зеленскийдің шілдедегі телефон арқылы әңгімесі мен импичмент процесі жайында сауал қойды. Бұған Помпео «Американың Украинадағы саясатын бақылап келемін. Біз өте айқын болдық. Украинада ұзақ уақыттан бері қалыптасып қалған сыбайлас жемқорлықтың жойылғанына көз жеткізгіміз келеді. Меніңше, президент Зеленский бұған қол жеткізе алады», — деді.

"The Qazaq Times"