Бүгін, Алматы қаласында мектеп оқушыларын түрлі пәндерде тереңдей оқытуда үздік тәжірибеге ие «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы ашылу салтанатын өткізді. Бұған дейін елордамызда аталған білім ошағының алты бірдей орталығы жұмыс істеп келген.

Ашылу салтанатында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев пен «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев және «Алтын сақа» олимпиадасының демеушісі, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия мырза, сондай-ақ, бірқатар қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болды. Алматыда ашылып отырған орталықтың тұсауын профессор Асқар Жұмаділдаев пен ЮНЕСКО клубының жетекшісі Ғани Бектайұлы кесті.

Асқар Серікұлы балаларға білім берудің маңыздылығы туралы сөйлеп тұыр. Фото: QТ7

Ашылу салтанатынан кейін 6 сыныпқа дейінгі оқушылар арасында өткен «Алтын сақа» қалалық олимпиадасының жүлдегерлері және олардың ұстаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Жүлделі 4- орын иегерлері Қазақстан Математика пәні мұғалімдер қауымдастығының вице-президенті Бақнұр Зиябек мырзаның қолынан «Зерделі» орталығында 1 жылдық білім алудың 30 пайыздық жеңілдік сертификатын алды. 3- орын иегерлері 5 мың теңге ақшалай сыйлық және «Зерделі» орталығында бір жылдық оқудың 40 пайыз жеңілдік сертификатын иеледі. Бұл қатардағы жүлдегерлерді аталған олимпиаданың өтуіне демеушілік еткен «Шипа-Мед» халықаралық медициналық орталығының директоры Құрманбек Аймолла мырза марапаттады.

10 мың теңге ақшалай сыйлық және орталықта бір жыл оқудың 50 пайыз жеңілдік сертификатын иелеген 2 - орын жүлдегерлеріне Ғани Бектайұлы сертификаттарын табыстаса, олимпиада демеушісі Golden Bridge компаниясының директоры Болатбек Дәлелхан мырза ақшалай сыйлықтарын табыс етті.

«Алтын сақа» қалалық олимпиадасының 1- орын иелеген оқушылар 30 мың теңге ақшалай сыйлық пен және орталықтың бір жылдық оқуына 60 пайыз жеңілдік сертификатымен марапатталды. Бұған қоса жүлделі оқушылардың ұстаздары 20 мың теңгеден ақшалай сыйланды. Алдынғы қатарлы жүлдегерлерді профессор Асқар Серікұлы мен «Ер Жәнібек» қорының президенті Жеңіс Түркия мырза марапаттады.

Олимпиада жүлдегеоердері және оның ұстаздары марапатталды. Фото: QТ.

Бұдан кейін «Алтын сақа» олимпиадасында командалық есепте ең көп орын алған мектептер марапатталды. «Алтынсақа» кубогын қалалық №173 мектеп иеленді.

Айта кетейік, мектеп жасындағы балаларды түрлі пәндерде тереңдей оқытуға арналған «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығында Қазақстандағы ең үздік мұғалімдер сабақ беріп келеді. Орталықта 120 мұғалім қызмет етеді және 2 мыңнан атсам оқушы білім алады. Жыл сайын үздік ЖОО және түйінді мектептерге қабылданатын шәкірттер саны да ең жоғары оқу орталығы саналады.