Respublika қозғалысының 9 қарашада елордада митинг өткізу туралы өтінішін астаналық әкімдік  мақұлдағаны белгілі болды. Азаматтық қоғам белсенділерінен құрылған қозғалыс алдағы уақытта партия ретінде тіркеуден өтуге үмітті. Осыған орай алдыңғы өтінімде рұқсат ала алмаған Respublika-лық Бэлла Орынбетовамен хабарласып, «жылымық» кезеңінің жай-жапсары жайында сұхбаттасып көрдік.

Әлеуметтік желілердегі қозғалыстың парақшаларында мынадай құжат жарияланды:

«Қала әкімдігінің 2019 жылғы 4 қарашадағы №506-1441 қаулысына сәйкес Сізге Жерұйық саябағының солтүстік-батысындағы алаңда 2019 жылғы 9 қараша күні сағат 14:00-ден 16:00-ге дейінгі аралықта бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілді»

Астана әкімдігінің Respubliка қозғалысына бейбіт митинг өткізуге рұқсат бергенін айғақтайтын ресми құжат. Фото: Respubliка парақшасынан

Қозғалыс өкілдерінің түсінуінше, «оппозициялық қозғалысқа кенет митинг өткізуге рұқсат беруінің екі себебі болуы мүмкін:
1) Қозғалысты барынша мемлекет жобасы ретінде көрсету;
2) Митинг кезінде бүлік шығарып, қозғалысымыздың белсенді мүшесі Бэлла Орынбетованы ұйымдастырушы ретінде жауапкершілікке тарту». Бір қызығы, әкімдік ескертпе ретінде қоғам тыныштығы, өтетін орынның тазалығы, бұқаралық тәртіптің сақталуы жайында емес, бірыңғай экстремизм "қаупі" туралы жазылған. Кейбір сарапшылар мұны "біздің елде экстремистік ұйым ретінде танылған ҚДТ қозғалысынан жүрегі шайлығып қалған биліктің сақтық шарасы" деген меңзеумен түсіндіреді.

Осыған дейін қазан айның соңында Oyan Qazaqstan мен Respublika қоғамдық қозғалыстары 9 қарашада Парламенттік республиканы талап ететін митинг өткізетіні туралы хабарлаған болатын.

Respublika қозғалысының белсенді мүшесі Бэлла Орынбетова. Фото: кейіпкердің facebook парақшасынан

Respublika қозғалысының белсенді мүшесі, журналист Бэлла Орынбетова бүй дейді

– Астаналық әкімдік неліктен рұқсат берді деп ойлайсыз?

Қазіргі жағдайда билікке «жылымық» көрінісін жасау ұтымды. Полиция бөлімшесіне шақырғанда рұқсат берілсе де, берілмесе де шығатынымды мәлімдеген едім. Митинг кезінде ұсталуымыз билікке абырой бермейтінін түсінген болуы керек. Сонымен қоса Respublika қозғалысын жоба ретінде көрсетудің амалы деген де ой бар. Қалай болғанда да біздің өткізетін митингіміз хайп немесе пиар үшін емес, қарсылығымызды білдіру, талаптарымызды жеткізу, мүдделестерді жинау. Сондықтан митингті ұйымдастырудан бас тартпаймыз.

– Ал Алматыдағы жиын ше? Әсем Жапишева өткенде берген сұхбатында әкімдікке ешқандай өтініш жолдамағанын айтқан еді. Алматыдағы шеру қалай өтпек сонда?

Алматыдағы жиын «Оян, Қазақстан» қозғалысының ұйымдастыруымен өтеді. Конституцияның 32-бабын, халықаралық келісімдерді басшылыққа ала отырып ол митингке рұқсат алудың қажеті жоқ деп санады. Ояндықтардың позициясын түсінеміз және қолдаймыз.

– Шеруге қатысушыларға айтар жаднама, нұсқаулық ретінде қандай кеңес берген болар едіңіз?

Бізде ұзақ уақыт бойы халық митингке дайын емес, митинг мәдениеті қалыптаспаған деген желеумен рұқсат бермей жүрді. Әрине 29 жылда қыспаққа алып, цензурамен бұғаттап тастаған елде митингке үрке қарайтындар бар. Бірақ түптеп келгенде митинг азаматтардың конституциялық құқығы, өз талаптарын бірлесіп жеткізудің ұтымды жолы. Саяси өзгерістерге қатысты күш біріктіру, бас қосу амалы. Сондықтан митинг қылмыс емес. Арнайы жаднама шығарудың да қажетін көріп тұрғаным жоқ. Халықты жабайы, қылмыскер көруге болмайды. Сайлаудан бері қанша адам көшеге шықты. Халық тарапынан бір адамға, мүлікке зияны болған жоқ. Сондықтан кеңесім, өз құқымызды пайдаланайық, үнімізді шығарып, жеткізейік. Әлеуметтік желідегі сөзден шынайы өмірдегі іске көшетін кез келді.

– Санкцияланған митингтен не күтесіз?

Бұл митингте провокациялардан қорқатыным рас. Бірақ халық тарапынан емес, билік тарапынан. Адамды жазаға тартудың түрлі қитұрқы әрекеттерін қалай қолданып жүргенін көріп жүрміз. Сондықтан өз арамызда халықты бұзақылардан емес, осындай «ресми» провокаторлардан қорғау жасағын қалыптастырамыз. Сондықтан митингте азаматтық қоғам тарапынан қолдауға мұқтажбыз.

– Жақсы, пікір білдіргеніңізге рахмет. Алдағы жиын «ресми псевдо-арандатушыларсыз» сәтімен өтсін.

Respublika  және Oyan, Qazaqstan қоғамдық-азаматтық ұйымдарының талаптары:⠀

  1. Барлық азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуы;
  2. Парламенттік республика жүйесіне көшу;
  3. Шын мәніндегі жергілікті өзін өзі басқару жүйесі;
  4. Сайлау жүйесінің реформасы;
  5. Сот билігінің тәуелсіздігі мен заң үстемдігі;
  6. Полицияның парламентке есеп беріп, қоғам мүддесіне қызмет етуі;
  7. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің дербестігі.

"The Qazaq Times"