Биыл жерді пана тұтқан жұмыр басты пенденің шетсіз-шексіз, кең байтақ ғарышта жат топыраққа табаны тигеніне жарты ғасыр. Америкалық  Нил Армстроң алғаш 1969 жылы 20 шілде Айға адамзаттың ізін салды.

Хьюстоннан шыққан астрофизик, тарихтағы 515-ші ғарышкер, ғарышкердің жары (австралиялық Эндри Томас) америкалық Шеннон Уокер Алматыда өткен «Ғарыш апталығында» қонақ болды. Ол 14 жыл бойы 5 рет іріктеуге қатысып, 2004 жылы 6 мамырда NASA-ға қабылданған. Дайындығын пысықтауға арналған алты жылдан соң 2010 жыл 15 маусым Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-19»-бен ғарышқа ұшқан болатын.

163 күн 7 сағат 11 минутын ғарышта өткеру екінің біріне бұйыра бермейтін жауапты әрі экзотикалық қызмет. Онда ерекше биофизикалық 130 шақты зерттеу-зерделеу экперименталды жобалармен айналысты. Бізге Шеннонмен емен-жарқын шер тарқатып, сыр ақтара сұхбаттасудың сәті түсті.

Оның ғаршы-ғаусар айдынынан жұлдызды сыр аулап жүргеніне 32 жылдан асты. Астронавт АҚШ пен Қазақстандағы ғарышкер феномені, ғарышкер болудың формуласыз жолы, адамзатқа айтқысы келген үндеуі, ерлі-зайыпты ғарышкерлер арақатынасы тағы да басқа тақырыптарда өз ойын бөлісті. 55 жастағы Шеннон жақын арада ғарышқа қайта ұшуы мүмкін бе?..

– 2004 жылдан бері NASA ғарышкері ретінде танылған Шеннон Уокер бұл жолға қалай келді? Бала кезінде ғарышкер болуды армандамаған адам кемде-кем. Өміріңіздің мазмұнына айналған балғын шақтағы арман-қиял қалай шынға шықты?

– Бәрі төрт жасымнан басталды. Теледидардан 1969 жылдың жазында айға алғаш қонған адамзаттың ерлігіне бағышталған деректі фильмді көрген сәттен бастап ғарышкер болуды армандадым. Шынымен де, сол кезімде ғарышкер боламын деп шештім. Арманыма жол ашу үшін ең бірінші жақсы білім алу керек болды. Ата-анам жақсы оқуымды талап ететін. Айға алғаш аяғы тиген адамның бейнесі – менің өмірлік мұратымды айқындады, армандарыма бастау болды. Бұлттан бұлтқа секіріп, көктен жауған алтын шұғаға шомсам дейтінмін.

Айға алғаш аяғы тиген Нил Армстроң. Фото: NASA

Балауса шақтың тазалығы ғой...

– Одан кейін университет қабырғасында оқыдым. Шынын айтсам, сол кезде біраз әбігерге түстім, астронавт болуға не керек екенін нақты білмедім, бірақ арманыма сенімімді жоғалтқам жоқ. Дипломымды қолыма ала салып, бірден Хьюстондағы Джонсон ғарышты зерттеу орталығына жұмысқа орналастым. Солай жолым болды. Үш жылға жуық жұмыс істегеннен кейін, ары қарай білімімді жетілдіру қажеттігін түсініп, магистратура мен докторантурада оқыдым. Оқуды тәмамдаған соң  алдымда екі таңдау болды: ғылыммен шұғылдану немесе бұрынғы қызметіме оралып ғарышкер болу үшін аянбай тер төгу,  дайындалу. Таңдауым екіншісіне түсті.

– Ғарыш құсын қызықтыратын ғаламның қызылы мол болар?!

– Бұл жол оңай болған жоқ. Арманыма қол жеткізу үшін ұзақ уақыт өзіммен күресуге тура келді. Он төрт жыл бойы бес рет тапсырып, соңғысында кандидаттығым мақұлданды. Қазір жастармен кездескенде мен жақсы білім алуларын және төзімді болуын қадап айтамын.

–  Жұлдыздар биігіндегі жарты жылдық сапарда астронавтар мен тіршілік иелерінің ғарышта барынша сау өмір сүруі сыналған көрінеді. Сіз сонда қатаң графикпен диета ұстағаныңызды білеміз. Демек сіз ғылыми зерттеу нысаны ретінде функция атқарғаныңыз ғой, солай ма?

– Иә. Ғылыми эксперименттердің нәтижелері ұзақ жылдарды қажет етеді әрі оның қорытындылары арнайы ғылыми журналдарда жарияланады.  

Шеннонның ғарыштағы өмірінен. Фото: NASA

– Қандай миссиямен бардыңыз?

– Менің жеке миссиям деп айтуға келмес. Себебі біз жердегі зерттеуші ғалымдардың көзі әм қолы болып қызмет етеміз.

– Ауды жайыңқырап кеңінен салсақ. Ғарышты игерудің бүгінгі ғылымдағы мақсаты қандай?

– Ғарышты игерудің бүгінгі ғылымдағы мақсаты – тірі ағзаның косомос кеңістігінде еш зиян шекпей  ұзағырақ болуын ұйымдастыру. Екіншісі, өміріміздің ажырамас маңызды бөлігі ауа, ас-су өзге де базалық қажеттіліктерді ғарышта инженерлік жүйемен қамтамасыз ету жолдары. Бұған қоса, біз ғарыш саласында барлық ғылым саласы бойынша іргелі зерттеулермен айналысамыз.

– ХХІ ғасырдың Тесласы Илон Масктің адам баласын Марсқа көшіру жобасы және Жер жұртшылығын тегін интернетпен қамтамасыз ету ойы сіз үшін қаншалықты іске асатын рационалды  мақсат?

– Илон Маск өте маңызды мақсаттарға көз тіккен жасампаз жан. Бірақ 2025 жылы Марсқа қонамыз деген ниеті өте батыл қадам сияқты, өз басым оны жасау мүмкін емес деп ойлаймын. Дегенмен Илон Масктің қолынан келсе тамаша болар еді. Меніңше, бұл ғажап әрі өте маңызды идея. Себебі жер бетінде әлі де интернет желісі жоқ аймақтар бар. ХХІ ғасыр адамының өмірі интернетке ауадай зәру.

Тегін интернетпен қамтамасыз етуге келетін болсақ, Маск қазірдің өзінде ғарышқа шағын серіктердің бірінші легін ұшырып үлгерді.

Илон Маск зымырандарының кешені. Фото: NASA spaceflight

– Колонизациялау демекші, тамыз айында Дональд Трамптың  Space Force туралы мәлімдемесіне байланысты. Ең көп талқыланып жүрген мәселе, АҚШ болашақта қорғаныс саласында әскери базаларын Жердің жалқы нөкері Айға апарып жаңа деңгейде салуы мүмкін бе?

– Өткен ғасырдың ортасында өз қызметін бастаған NASA әу бастан-ақ әскери емес, азаматтық ұйым ретінде құрылған. Ерекше екпін қойып айтатын дүние АҚШ айға барып әскери база салу жоспары бар деп ойламаймын. Қорғаныс министрлігінің жобасы Space Force жайлы сұраққа мен жауап бере алмаймын. Жер өрісіндегі серкітерді қорғау мақсатымен ғана болуы мүмкін.

– Ал күндердің бір күні ғарыш минералды ресурстардың көзі болады деген көзқарасқа қалай қарайсыз?

– Ғарышта қазба байлықтарын табу және өндіру әбден мүмкін дүние. Мысалыға астероидтардан құрылыс материалдары мен су ізі бар аспан денелерінен зымырандарға арналған жанғыш материалдар өндіруге болады.

– Соңғы кездері жиі сөз болып жүрген Қара құрдым деген не нәрсе?

– Қара құрдым дегеніміз үлкен жүлдыздар сөнген кезде болатын физикалық құбылыс. Ғарыштағы ауқымды жұлдыздардың өлетін аймағы. Оның орнында өте жоғары гравитациялық күш қалғандықтан, айналасындағы объектілерді тартып жұтып жібереді. Бақытымызға орай, біз өмір сүретін ғалам өте кең, Жерге жақын маңда ешқандай қара құрдым жоқ, адамзатқа алаңдайтын қауіп жоқ.

– Ғалымдар Марстың болашағы жайлы қандай ойда: зертхана ма, әлде адамзатқа жаңа қоныс  бола ала ма?

– Дәл осы сұрақты үш ғалымға қойсаңыз, үш түрлі жауап аласыз. NASA-ның Марсқа қатысты түпкі мақсаты – тұрғылықты тұру мүмкіндігі, яғни Жерден өзге баспана табу.

–  Жалпы бұл мүмкін бе, өзіңіз сенесіз бе?

– Иә,  бұған сенемін. Бүгін бола қоймас, көп уақыт алатын мақсат. Болашақта адамзат Марсты  мекен ететініне сенемін.

Илон Маск Марсты игеру жобасымен таныстыруда. Фото: Morgan Sette / Reuters

– Түсінікті. Енді әңгіме ауаны жаһандық масштабтан сіздің микроәлемңізге қарай ойысса. Бір сұхбатыңызда «Ғарышкер болу жұмысқа қарағанда, өмір сүру стиль-салтына көбірек келіңкірейді» деген екенсіз. Мезгіл мен мекен талғамайтын қызметті отбасыңыз бен жолдасыңыз қалай қабылдайды?

– Жолдасымның екілінетін жөні жоқ. Ол өзі де 4 рет  ұшқан. Америкалық шаттлмен төрт айдай ғарыш кемесінде, алты сағаттан көп уақыт ашық ғарыш кеңістігінде болған. Сондықтан ол маған қолдау білдіреді, бұл біздің ортақ тілегіміз. Эндри әсілі Австралияның тумасы, кейіннен АҚШ азаматтығын алды. Төрт тоқсан үй көрмеген кездерім де болды. Біз бір-бірімізбен түсінісіп, қабылдай білдік. Содан болар  жол ортасынан басы артық сөзге келмейтініміз. Техникалық құрылғылардың көмегімен байланысты үзбеуге тырысамыз. Қашықтықтағы ғашықтық... Бірақ өз үйіңде, жақын жаныңның қасында болғанға не жетсін... Қайтқанда қазан көтеріп, үй ішін сүр иісіне бөлеп, жолдасым мен балаларымның жанында бұғағым білініп, демалып қаламын.

Австралиялық АҚШ ғарышкері, Ш.Уокердің жолдасы Эндри Томас. Фото: NASA

– Сакральді сауал... Ғарыштағы сапарыңызда қандайда бір тылсым күшке куә болдыңыз ба? Тәңірмен байланысты немесе жат планеталықтар дегендей...

– Бөгде ғаламшарлықтар... жо-жоқ, оларды мүлдем кезіктіріп көрмедім.  Ғарышта тылсым құбылыстарды байқағам жоқ. Бірақ оларды біздің галактикада жоқ деп те кесіп айтуға болмайтын шығар. Дей тұрғанымен олар біздің жерге келіп көрмегенін нақты айта аламын.

– Ғарыштан Жерге қарағанда не ойладыңыз? Сол кезде жер бетіне немесе адамзатқа қандай үндеу-өсиет жолдағыңыз келді? 

– Жерге ғарыштан қарағанда адамдардың қаншалықты бір-біріне жақын екенін түсіну өте оңай. Жер алақандай ғана, бәріміз нәзік байланыс иіріміндеміз.  Басқарғыш пульттің батареясындай қысқа өмірімізді неліктен жанжал мен соғысқа арнаймыз деген ой келеді көзіңнің қарашығына көкшар сыйып тұрғанда.

Менің ойымша, мүмкіндігінше көп адамдарды ғарышқа жіберіп көру керек, әсіресе саясаткерлерді. Бір аспанның астында, ортақ жердің үстінде адамдар неге жауласады? Бейбітшілік – адамзаттың ең басты құндылығы емес пе?!

– Өзіңізді жұлдыз ретінде сезінетін кездеріңіз бола ма?

– Бүгінгідей кездесулерде болмаса... (езу тарта күліп жіберді – авт.)

Ғарыштан келген Шеннон Уокер. Фото: NASA

– Селфи жасадыңыз ба?

– Ол кезде селфи трендте емес еді. Бірақ өзімді камераға түсіруді ұмытқам жоқ.

– Айтпақшы, әдетте ғарышкерлер Жерге оралған соң немен айналысады?

– Ғарыштан оралған соң қызметімізді ғылыми кеңседе жалғастырамыз. Қайсыбірі жеке меншік SpaceX коммерциялық жобаларда, кейбірі Басқару орталығында, басқа да салаларда жұмыс істей алады. Мен Халықаралық ғарыш станциясында астронавтарды дайындау бөлімінде жаңа ғарышкерлерді жаттықтыруға жауаптымын.

Америкалық автронавтың зейнет жасы мен жалақысы туралы сөз етсеңіз?

– Өзге америкалықтар сияқты 65 жаста зейнетке шығады. Ал жалақысы интернетте ашық дереккөздерінде көрсетілген. Академиялық білім дәрежесі мен кәсіби тәжірибесіне қарай айына он мың АҚШ доллары төңірегінде еңбекақы алады. Тосыннан дәулетіміз асып, тасып бара жатсақ, мемлекеттік кіріс органдарына есеп беруге тура келеді.

– 2011 жылдың қыркүйек айында NEEMO 15 зерттеу жобасы бойынша бірнеше күн су астында командаңызбен болдыңыз. Жұрт сізді әлемдегі 35-ші астронавт әрі акванавт ретінде таныды. 2014-2015 жылдары Антарктида экспедициясында болдыңыз. Суасты, ғарыш, әуе, құрлық, мұздықтар... бәрімен жүріп өттіңіз... Жалпы, осылардың жаныңызға жақыны қайсы?   Қайсысында өзіңізді жақсы сезінесіз?

– Су астындағы экспедиция заттық күйі басқа болғанымен, ғарыштағы сезімге ұқсас. Су астында бір ұнаған дүние – үлкен терезеден балықтың алуан түрін тамашалауға мүмкіндік болды. Мұздықтардағы миссиям естен кетпес тамаша әсер сыйлады. Алты аптаға созылған ерекше экспедиция Антарктиданың жазында өтсе де, өте суық болды.

Ғарышкерге деген АҚШ-тық билік пен қоғамның көзқарасы қандай? Бізде мемлекет тарапынан арнайы наградалар табысталады, айрықша танымалдылыққа ие болады. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз.

– Сұрағыңыз өте орынды. 60-жылдары ғарышты зерттеу жобасын жаңадан бастаған кезде бізде де ғарышкерлер батырлар ретінде ұлықталып, қайтып келгенде көлемді шерулер болатын. Қазір ондай жоқ. Әрине, Қазақстанға қарағанда  бізде ғарышкерлер көп. Сондықтан көпшілік олардың аттарын біле бермейді. Десе де мамандық әрі кәсіп ретінде астронавтар өте сыйлы. Мені көшеде жұрттың бәрі тани қоймас, бірақ білген бойда қызығушылығы оянып, сұхбаттасуға тырысады. Мұның бір жақсы жағы –  қазақстандық ғарышкерлерге қарағанда біз тыныш өмір сүре аламыз.

– Ғарышкерлер саяси ойындарға, партия қатарларына тартыла ма?

– АҚШ-та ғарышкерлер үкімет қызметкері есебінде. Заң бойынша бізге кез келген партияға мүше болуға, саяси науқандарға қатысуға, политика ойындарында мүдделілік танытуға тыйым салынады. Алайда зейнетке шығып, құрметті демалыс алған кезден бастап астронавтар жеке тұлға ретінде не істесе де өз еркі. Мәселен, бұрынғы ғарышкерлердің бірі қазір Конгресске сайланғалы жатыр.

163 күннің бірі де физикалық жаттығусыз өтуі мүмкін емес. Фото: NASA

– «Халық қаһарманы» сияқты жоғары наградалармен марапаттала ма?

– Жоқ, өкінішке орай, бізге ондай ештеңе берілмейді.

Сізді Қазақстанның космостық әлеуеті, тарихы терең Байқоңыр ғарыш айлағы бола тұра ғарышкерлерінің аздығы таңғалдырған жоқ па?

– Бұған дейін қазақстандық үш әріптесім ұшқанын білемін. Ғарышкердің аз болуы таңғалдыратын нәрсе емес. Ғарышкердің саны елге байланысты дегенге келіспеймін. Мәселен, Американың ғарыштық жүрегі Хьюстонда туып, ұшқан тұңғыш ғарышкер менмін.

– Ғарышкер болу үшін қажетті талаптар?

– Бұл шарттар әр елде әртүрлі. АҚШ-та ғарышкерлікке үміткер кандидаттарға PhD академиялық дәрежесі міндетті. Сондай-ақ өз білімі бойынша белгілі еңбек өтілі, біліктілігі  мен 30 жасқа толған болуы шарт. Әдетте, әр екі жылда бір рет болашақ ғарышкерлер үшін 20 орындық вакансия жарияланып, олар іріктелген 4000 претенденттің ішінен арнайы нұсқаулық критерийлеріне сәйкес таңдап алынады.

Ш.Уокер экмпажбен мүшелерімен бірге Байқоңырдан ұшардан бұрын. Фото: NASA

– 2017 жылдың наурызында NASA Уокер «Экспедиция 53/54» жобасының пилот-бортинженері Джозеф Акабаға резерв ретінде Халықаралық ғарыш станциясында дайындықтан өтетінін мәлімдеген еді. Қайта ұшу жоспарда бар ма? Егер мүмкіндік туған жағдайда басқа астронавтқа сыйлар ма едіңіз?

– Әрине, жоқ. Ондай мүмкіндігімді қалай бөлісейін..? Екінші сапар... иә, жақын арада ғарышқа тағы аттанамын деген үлкен үмітім бар. Негізі өзіңіз айтқандай ғарышкерлер резервтік позицияда келісімге қол қойғанда көп жағдайда ұшып жатады. Екі ай бұрын ғана Джозеф Абака ұшу туралы келісімшартқа қол қойды. Екеуіміз де бірдей дайындық кезеңінен өттік. Бұйыртса, алдағы екі жылдың ішінде қайта ұшамын деген сенімдемін. Бір ғана анық емес жайт, ресейлік Союзбен бе, әлде америкалық жаңа шаттлмен ұшамын ба? Әзірге осы  белгісіз болып тұр.

– Ағыңыздан жарылып, ашық пікір білдіргеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Ғаламның алтын бесігі – адамзаттың жүрегіндегі ізгілік шырағы өшпесін! Ғаршыны шарлап, ғылымды алқалап жүрген астронавтарға амандық пен баянды бақ тілейміз!

"The Qazaq Times"