«Oyan, Qazaqstan» азаматтық ұйымының белсенді мүшесі Әсем Жапишевадан 9 қарашада астана мен Алматыда «Республика» қозғалысымен бірігіп  өткізгелі жатқан «Саяси реформалар мен Парламенттік республика үшін» тақырыбындағы шерудің алғышарттары мен барысы жайында сұрап білдік. Ол ешқандай билік биігін көздемейтін, бар болғаны демократиялы қоғам құруға тырысып жүрген азаматтық белсенділердің беталысы мен оларға құзырлы органдар тарапынан жасалып жатқан қысымдар туралы пікір білдірді. 

— 9 қарашаға жоспарланған бейбіт шерудің негізгі мақсаттары туралы айтсаңыз.

Шерудің мақсаты — саяси реформалардың қажеттілігін жариялау. Елді және экономиканы басқарудын президенттік моделі бір президент пен Нұр Отан партиясының 28 жылдық билік монополиясынан кейін құлдырағаны анық. Қоғам кедей көпшілікке және өте бай азшылыққа бөлінеді. Экономикалық мүмкіндіктер билік басындағыларға ғана қол жетімді, ал кең тараған сыбайлас жемқорлық өмірдің барлық салаларын бұзады. Қоғамның болашаққа деген сенімі жоқ.
Біздің әл-ауқатымыз, қауіпсіздігіміз және бүгінгі күні жақсы өмір сүруіміз елдегі саяси реформаларға тікелей байланысты. Сондықтан біз президенттік өкілеттіктерді шектеуді және парламенттік республикаға көшуді дәйекті түрде жақтадық. Бұл болашақтағы саяси бәсекелестік, әділ сот, есеп беретін үкімет және баршаға арналған экономикалық мүмкіндіктер сияқты оң өзгерістер үшін ең жақсы саяси алғышарттар.

— Шеру өткіземіз дегеннен-ақ серіктес «Республика» қозғалысының мүшесі Бэлла Орынбетованы астаналық полиция шақыртқанын, жауап алғанын білеміз. Алматылық ұйымдастырушыларға қандайда бір шақырту не ескертулер болды ма? Құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасалды ма?

Иә, Алматыдағы және басқа қалалардағы полиция департаментінің қызметкерлері біздің қозғалыстың мүшелеріне қысым көрсетіп жатыр. Осы шерудің алдында Алматы қаласының полициясы «Oyan, Qazaqstan» мүшелерін бопсалауға және психологиялық қысым жасауға тырысты. Астанада да біздің бірқатар жақтаушыларымыз Полиция департаментіне шақырылды. Одан басқа мені және басқа адамдарды тамыздағы шерудің алдында Алматы әкімшілігі Полиция департаментіне шақырып, қысым көрсетті.

Митингке қатысты әкімдік, басқа құзырлы органдар тарапынан рұқсат беретіні немесе бермейтіні жайлы хабар берілді ме?

Жоқ, «Oyan, Qazaqstan» ешқандай рұқсат сұраған жоқ, себебі атазаңымыз бойынша және Қазақстан қол қойған БҰҰ адамдар құқықтары пактісі бойынша рұқсат сұрау заңсыз, тек ескерту берілуі тиіс. Біздің бір талабымыз шерулер туралы заңды конституцияға сәйкес өзгерту.

— «Oyan, Qazaqstan» азаматтық ұйымының алға қойған мұраттары қандай? Басқа қозғалыстар сияқты партия болу жоспарда бар ма? Әзірге ұйым құрамында кімдер бар?

Біздің негізгі мақсатымыз — парламенттік республика және саяси реформалар. Мұның барлығы біздің декларацияда көрсетілген. Партия болу қозғалыстың жоспарында жоқ, себебі біздің мақсат билікке келу емес, реформалар. Жүйе өзгерген кезде, партия құрам немесе партияға кірем деуші қозғалыс мүшелеріне, әрине, жол ашық. Ұйымның құрамындағылар елдің болашағын өзгерткісі келетін азаматтар.

— Соңғы кездері жиілеген әр түрлі митингтер, сіздер ұйымдастырған «Сенбілік серуен» акциялары, өткендегі марш. Мұның бәрі нені аңғартады? Билік айтқандай «жылымық кезеңнің» көрінісі деп бағалауға бола ма? Жалпы бейбіт шерулер халыққа не береді, пайдасы бар ма?

Серуендердің мақсаты Қазақстанның еркін азаматы ретінде қоғамдық орындарды қайта "қайтарып алу", қорықпайтындығымызды көрсету. Одан басқа, өзара танысып, білісу, ашық диалог орнату, пікір алмасу. Бейбіт шерулердің пайдасы зор. Алдымен, біздің елде азаматтардың билікке наразылығын басқаша жеткізе алмайды, барлық басқа жолдарды шенеуіктер заңды бұрмалап, заңсыз етті.

— Болашақта «Республика» қозғалысы партияға айналып жатса, «Оян, Қазақстан»-дықтар әріптестерінің жағына өтуі мүмкін бе?

Жоғарыда айтқанымдай, біздің қозғалыстың мақсаты билікке келу емес, реформалар. Өз басым, мені билік қызықтырмайды.

— Әсем, соңғы сұрақ, азаматтық қоғам белсендісі ретінде Қазақстан жастарына, соның ішінде алматылықтарға қандай үндеу жолдар едіңіз, елге айтарыңыз болса, мархабат!

Журналист Баубек Сағындық мені бір рет "жүрегі махабатқа толы адам" деп атаған, сол сөздерді өзімнің ұраныма айналдырғандай болдым. Қазақстан жастарына тілейтінім, жүректерің махабатқа толы болсын. Ол болса, қорқынышқа орын қалмайды, жала жабушылардың қара сөздері жүрекке тимейді, зұлымдық жоламайды, ал ең бастысы — дәл өзіңіз секілді сенімді серіктестерді таба аласыз. Біз қозғалысымыздың ішінде аз уақытта жәй дос емес, жанұяға айналғандай болдық. Тәуелсіз болу, жасырмаймын, өте қиын, сондай кездерде тек серіктестер түсне алады, қолдай алады. Біз жүрегімізді махаббатқа толтыруға тырысамыз - отанымызға, жанұямызға, достарымызға, өзімізге. Басқа нәрселермен жұмысымыз жоқ, шындық бәрібір жеңеді.
Саған да тілейтінім сол, құрдас. Қорықпа, жүрегің махаббатқа толы болсын, оян!

Реплика: Бүгін азаматтық ұйым өзінің facebook желісінде 9 қараша шеру өткізу үшін әкімдіктен рұқсат сұрамайтынын әрі бұл атазаң және БҰҰ халықаралық келісімдер бойынша заңды екенін хабарлап, мәлімдеме жариялады:

«Оyan, Qazaqstan» қозғалысы Алматыда болатын митингісіне әкімдіктің рұқсатын сұраған жоқ, сондай-ақ алдағы уақытта да сұрамайды. Біз көпшілік алдында мәлімдеме жасау арқылы барлығына ескерттік.

Бейбіт мақсатта жиналып, өз құқығымызды пайдалану үшін бізге рұқсат керек емес.

9 қараша күні сағат 14:00 - де Абай ескерткішінің жанында, қозғалысымыз ұйымдастырып отырған парламенттік республика және саяси реформаларды талап етуші митинг өтеді. Баршаңызды шақырамыз!

«Оyan, Qazaqstan» ұйымының 9 қарашадағы шеруге қатысты постері. Фото: facebook-тағы ұйым парақшасынан

"The Qazaq Times"