«Азаттық рухы» – адвокат – АҚШ консулдығы арасындағы «екі этникалық қазақтың болашағына» қатысты түсініксіз шиеленістің түйінін таратып көрдік. Тараптар бүй дейді...

29 қазан «Азаттық рухы» ақпарат агенттігі «адвокат Ләззат Ахатова екі айға қамалған Қытай қазақтарына Қазақстан босқын мәртебесін беруден бас тартса, Қастер мен Мұрагер АҚШ-қа кететінін және Шыңжаңдағы саяси жағдайдан қашып келдік деген екі жігітке пана беруге дайын екенін АҚШ-тың Алматыдағы консулы хабарлағанын айтты» деп жариялаған болатын.

Өскемендегі абақтыға қамлған екі этникалық қазақтың адвокаты Ләззат Ахатованың өзімен хабарласып, аталған мәселеге қатысты жай-жапсарын сұрастырдық. Ол «Азаттық рухының» «қате түсінгенін» және «асығыстық танытқанын» алға тартты. Оның сөзінше, АҚШ және келіссөз жүріп жатқан өзге 10-15 мемлекет Қазақстан шарасыздық танытқанда ғана арашалау амалын қарастыруы мүмкін.

Адвокат Ләззат Ахатова:

– Қазіргі таңда біз тарапымыздан бірнеше елдің елшіліктерімен Қастер мен Мұрагерге Қазақстан тарапынан босқын мәртебесін беруден бас тартса, шет мемлекетке жіберуге келіссөздер жүргізіліп жатыр. Соның бірі – АҚШ мемлекетінің елшілігі. «Азаттық рухы» сайты менің келіссөз жүргізіліп жатыр деген сөзімді қате түсініп, «АҚШ босқын мәртебесін беруге дайын» деп жариялапты. 10-15 елдің консулдарымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, олардың барлығы дерлік екі жігітке араша түсуге әзір екендіктерін, көмек көрсетуге даяр екендерін айтқан болатынмын. Алматыға барғанда, АҚШ мемлекетінің консулымен осы мәселе бойынша арнайы кездесетін болып келістік. Әзірге ешқандай ел босқын мәртебесін біз береміз деп айта алмайды, өйткені қазіргі таңда екі жігіт босқын мәртебесін басқа елдерден емес, Қазақстан мемлекетінен сұрап отыр. Заңды рәсімдер аяқталған соң, араша түсуге дайынбыз деді.

Артынша қазанның 31-і агенттік тілшісі Әмірболат Құсайынұлы консулдық өкілдеріне хабарласқан соң, «АҚШ қазақ-қытай шекарасын заңсыз кескен екі жігітке босқын мәртебесін береді деген ақпарат жалған» деген ақпарат таратты.

Осы орайда АҚШ консулдығынан анық-қанығын білмек ниетпен дипломатиялық миссия өкілдерімен байланысып көрдік.

– Кеше «Азаттық рухы» ақпарат агенттігі қазақ-қытай шегарасын заңсыз кесіп өткен «ҚХР-дағы этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына АҚШ босқын мәртебесін бермек» деген ақпарат таратқан болатын. Бұл қаншалықты рас ақпарат?

АҚШ: Бұл тараған Қазақстанда қандай да бір тұлғаларға АҚШ пана беріпті немесе пана беруге дайын деген ақпарат шындыққа сай келмейді. АҚШ-та бұл жөнінде өте айқын заңдар қабылданған, нақты бекітілген пана беру процессі бар. Процесс талаптары толық орындалмайынша, пана берілуі мүмкін емес.

– Агенттікке берген сұхбатында қашып келген қос азаматтың адвокаты Ләззат Ахатова «Жігіттер босқын мәртебесін алдымен Қазақстаннан сұраған. Сондықтан ресми жауапты күту керек. Тек содан кейін ғана қандай да бір әрекетке көшеміз. Яғни, бас тартса ғана Америка тарабы оларды қабылдай алады. Бүгін ғана консулмен сөйлестік» деген еді. Консулмен адвокат арасында қандайда бір кездесу, мәміле немесе байланыс болды ма? Сіздердің тап сол сәттегі жауаптарыңыз қандай болды?

АҚШ: Жоқ, Бас консул мен адвокат арасында кездесу, мәміле болған жоқ. Бірақ, Дипломатиялық өкілдік болған соң, біз әрдайым әр түрлі тұлғалармен кездесіп, түрлі тақырыпта сөйлесіп тұрамыз. Біз қалыпты дипломатиялық қызметіміздің аясында жеке тұлғалармен өткізілетін кездесулер және сұхбаттар жайлы қандай да бір түсінік бермейміз. Біз адам құқықтарына қатысты оқиғалардан үнемі хабардармыз, Қытайдағы мұсылман азшылығына Қытай Коммунистік Партиясы тарапынан көрсетіліп жатқан қудалау бізді ерекше алаңдатады.

Біз әрбір мемлекетті Босқындар мәртебесі туралы Конвенцияда бекітілген кері қайтармау қағидасын сақтауға шақырамыз, яғни ешбір пана іздеген адам оны белгісіз тағдыр күтіп тұрған елге мәжбүрлі түрде кері жіберілмеуі тиіс. Біз Қазақстан Үкіметі өз заңдарын қолданып, халықаралық міндеттемелерін орындайды деп сенеміз.

– Жалпы АҚШ-тың нақты бекітілген пана болу, босқын мәртебесін беру процесі қандай, тәртіптік нормаларын атап айтсаңыз? Екі қандастың жағдайы ушығып, өздері үрейленіп отырған Қытайға кері қайтарылып жатса, оларды АҚШ өз қамқорлығына алуы мүмкін бе?

АҚШ: Америка Құрама Штаттарының Қытайдағы мұсылман азшылығы өкілдерін Қытайдың қудалауына қатысты ұстанымы анық – біз Қытай үкіметін әділетсіз түрде қамауға алынғандарды босатуға, сондай-ақ шетелде тұрып жатқан мұсылман азшылығы өкілдерін белгісіз тағдыр күтіп тұрған Қытайға оралуға мәжбүрлеу жолындағы әрекеттерін тоқтатуға шақырамыз. Біз әрбір мемлекетті Босқындар мәртебесі туралы Конвенцияда бекітілген кері қайтармау қағидасын сақтауға шақырамыз. Біз Қазақстан Үкіметі өз заңдарын қолданып, халықаралық міндеттемелерін орындайды деп сенеміз.

АҚШ-тың пана беру процессі жайлы қосымша ақпарат алу үшін Ұлттық Қауіпсіздік Департаментінің (Министрлігінің) мына сілтеме арқылы танысуға болады.

P.S.: Кеше Қастер мен Мұрагерге ШҚО көші-қон департаменті үш ай мерзімге «Қазақстан Республикасынан саяси пана сұраушы» тұлғалар екенін растайтын куәлік берген. Үш айдан кейін құжаттың ұзарту-ұзартылмауы алдағы уақыттың еншісінде. Адвокаттың айтуынша бұл құжат «соншалықты қуанып, сүйінші сұрайтын – құжат емес».  Қазақстан «әдеттегідей» жарылқай алмаған жағдайда азаматтық қоғамның өркениетті әм жүректі елдер Сайрагүлге пана болғандай, қос қаракөзді қамқорлығына аларына сенімі зор.

"The Qazaq Times"