Діни экстремизм мен терроризм қаупі бізбен бетпе-бет келіп, еліміз бен қоғамымызды дүрбелеңге салып жатпаса да, олардың қауіпті ықпалдарына ұшырап жатқанымыз шын. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдайдың жаңа бейнесі біздің территориямызға діни экстремизм мен терроризм қаупін жақындата түсті. Осыған байланысты да Қазақстанда дін, діни сауаттылық, дінтанулық білім беру мәселелері өзектілене түсті. Азаматтарымызды жат әрі қауіпті ағымдардан сақтап қалу үшін бұл тақырыптарда ағартушылық ету мемлекеттің де сауатты азаматтардың да борышы. Осыған сай елімізге белгілі дінтанушы, теология докторы – Балғабек Әбдіқайымұлымен болған Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы дінтанулық білім берудің қалай жүріп жатқаны туралы сұхбатты сайт оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік. 

Қазақстандағы діни білім беру моделі қай елдің негізінде жасалған?

— Біздегі діни білім берудің өзіндік моделі біртіндеп қалыптасуда. Дегенмен де оның қалыптасу моделіне Өзбекстанның, Түркия мен Египеттің діни білім беру жүйесі ықпалын тигізгенін де айта аламыз. Оның басты себебі – біздегі діни білім беру саласындағы мамандардың көпшілігі осы елдерде оқып, білім алып келген азаматтар. Осыдан 8-10 жыл бұрын еліміздегі діни білім беру мекемелеріне сұраныс күшті емес еді. Оның басты себебі – білікті дін мамандарының жетіспеушілігі болатын. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті ғана сапалы дін мамандарымен қамтамасыз етіліп отыр. Медреселердің білім беру базалары мен мамандары әлі де жетілдіруді талап етеді. Себебі бүгінгі жастар білімді Түркия, Мысыр, Малайзия секілді елдердегідей алғысы келеді. Діни білім беру ұйымдары да сол талаптарға жауап бере алуы үшін өздерін ұдайы жетілдіріп отырулары міндетті. Мысырда мың жылдан астам тарихы бар Әл-Азхар университеті бар, базасы өте мықты. 2014 жылы «Біз Нұр-Мүбарак университетінің беделін көтеру үшін, оның оқыту, білім беру деңгейін Әл-Азхардың деңгейіне жеткіземіз» деп өз алдына бір бастама көтерілген болатын. Университет басшылығы да, Діни басқарма да осы бағытта жұмыс істейміз деп белсене кіріскен еді, алайда бастама аяғына дейін жеткізілмей, тоқтап қалды. Бұл бастама не үшін керек болды десек, себебі, көп азаматтарымыз: «Қазақстанда діни білім жеткілікті деңгейде берілмейді. Сол үшін біз шетелге барып оқығымыз келеді» деп Мысырға, Саудияға, Түркияға, Малазия мен Иранға, Ливанға кетіп жатты.

Университтер мен медреселердің оқу бағдарламалары ҚР білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу стандарттарына сәйкес жасалады. Мысалы, кәсіби пәндер 60-70 пайыз, сонымен қатар мемлекет тарапынан оқытылуы міндетті пәндер «Қазақстан тарихы», «Философия» және т.б. сол сынды төрт-бес пән бар. Сол пәндерді діни оқу орындары қосып оқытуға міндетті. Дәл қазіргі жағдайды білмеймін, бірақ кешеге дейін Нұр-Мүбарак университетінен басқа оқу орындарында осы пәндерді оқытатын мамандарға байланысты мәселелер болды.

Шетелдермен салыстырғанда Қазақстандағы діни білімнің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

— Ең негізгі мәселесі – әр елдің өзінің қалыптасқан салт-дәстүрі мен ғұрпымен сабақтасуы. Осы жағына келгенде өзіміздің елде оқыған пайдалырақ. Елдің ішінде діни санасы қалыптасқан азамат, кейін қайда барса да өз ұстанымын да қала алады. Егер ешқандай діни білімі жоқ азамат сыртқа шықса, экстремизм, радикализм сынды діннің шектен шығуына алып барады. Саудияның діни ұстанымы қаталдау деп айта аламыз, Мысырдың өзінде де радикализм проблемалары бар, тіпті, Түркияда оқып жүріп, ДАИШ құрамына қосылып кеткен шәкірттер де болғаны жасырын емес. Адамның діни фундаменті дұрыс қалыптаспаған болса, ол кез-келген уақытта жат ағымға еріп кету қаупін жоққа шығара алмаймыз. Сол үшін діни білімді азаматтарымызға ең алдымен елде қалуларына барымызды салуымыз керек. Негізінен діни білімнің түбірі – Түркияда да, Мысырда да бізге қарағанда әлдеқайда мықтылау. Өйткені ол жақта діни білім жүйеленіп, бірізділікке түскен. Сол үшін сол жақтарға қызығушылық көп.

Бұрындары медресе бітіргендер жоғары оқу орындары болмағандықтан, орта біліммен қалатын. Медресеге көп жағдайда мектепте төмен білім алғандықтан жоғары оқу орнына түсуге ниеті жоқтарды ата-аналары: «Әйтеуір Құран оқитын болсын, күнін көрсін» деп беретін еді. Екіншіден, ауылдық жерлерге әлеуметтік проблемалар шешілмегендіктен білікті мамандар барғысы келмейді. Нәтижесінде сол ауылдағы дінге икемділеуін молдалыққа амал жоқ тағайындайды. Бұл проблема қазір де бар. Мысалы, ауылдық жерлерге ешкім бармайды. Өйткені ауылдық жерде қажеттілік аз, екіншіден күн көру мәселесі бар. Мемлекет ешқандай имамға жалақы бермейді. Мешітке түскен ақшадан ғана ол өз күнін көреді. Ауылдық мешітте айына 10 мың түсуі мүмкін, оған мешіттің жылуы, жарығын қосыңыз. Сондықтан ауылдарға жоғары білімі бар дін мамандары бармайды. Тек сол жерде туып-өскен, үйі мен мал-жайы бар болмаса, күн көру мүмкін емес. Көпшілік имамдар қосымша жүргізуші болып жұмыс істейді, ол кісілерге де отбасыларын асырау қажет. Жасыратыны жоқ, кей жағдайларда жершілдік мәселесі де орын алып жатады. Шалғай ауылға білімді жас маман барса жергілікті тұрғындар оны қудалап, «өзіміздің ауылдың азаматын имамдыққа бекітіп бер» деп орынсыз талаптарын орындатқысы келіп, қысым жасап жатады. Әлі күнге дейін шешілмеген имамдардың проблемасы бар. Мемлекет немесе діни басқарма арнайы қор құрып, имамдардың жалақысын түбегейлі шешпесе, бұл мәселе өзекті болып қала береді.

Діни білім саласындағы кадрлық құрамның жағдайына тоқталып өтсеңіз, оларды кімдер тағайындап, қадағалап отырады?

— Діни басқарманың ішінде «Діни білім беру бөлімі» бар, сол бөлім бәрін қадағалап отырады. Осы бөлім тек қана қадағаламау керек, сонымен қоса медреселердің білім беру әдістемелерін қалай жетілдіреміз, оған талдау жасау жағына келгенде әлі де кем тұстары бар. Мен өзім медреселердің оқу жүйесін талдап, осыған байланысты тың ұсыныстар түскенін көрген жоқпын. Медреселерде белгілі әдістеме жоқ. Әрине «Құран», «фиқһ» әдістемесі, «Хадис» методикасы бар. Ал бірақ жалпы медресенің білім беруі бойынша, әдістеме жағында кем тұстары бар. Оның үлкен себебі – Діни Басқарманың діни білім беру бөлімінде имам отырып жұмыс жасайды. Ол жерде негізі Қазақстанда ЖОО-ны бітірген, білім саласын білетін маман отыруы тиіс. Тек қана дін мамандарын отырғызып қойып, біз діни білім беру мәселесін шеше алмаймыз. Өйткені методиканы жасайтын имам емес, кәсіби кадр. Мен Әл-Азхарды бітіріп, діни білімім күшті болса да, әдістеме жағынан ештеңе білмеуім мүмкін. Бірақ біз оны мойындағымыз келмейді, біз Мысырды бітірген мамандарымыз оны қарайды дейміз. Дінтанушы «фиқһты», «хадисті» қарауы мүмкін, ал ол кітапты қалай оқыту керек, кімдер оқыту керек, қанша сағат оқыту қажет деген методикасын біле бермейді. Сол себепті болашақта ғылыми дәреже қорғау барысында бұл кемшіліктер сезілетін болады.

Дінтанушы деген мамандықтың өзі ТМД-да ғана бар екен, батыста, Еуропада дін психологы, дін социологы, дін антропологы деп бөлінеді. Бәлкім бізге де салалыққа бөлінген дұрыс шығар?

— Негізі исламды терең оқытатын Мысырда, Түркия мен Ливандада діни факультеттің өзі салаларға бөлінеді. Дін психологиясы, дін философиясы, ислам тарихы, тассауф, суфизм, ислам құқығы, хадис бөлімі, дін - музыка деген салалыққа бөлініп кеткен. Мүмкін болып жатса, бізде де бөлінген жақсы болар еді. Бізде исламтану деген мамандықтың ішінде дін психологиясын да, социологиясын да, антропологиясында оқытамыз. Ал бір адамның мұның бәрін толықтай игеріп шығуы мүмкін емес. Екінші мәселе, бір пәннің түрлі атаулармен бірнеше рет оқылуы. Түсінікті болу үшін тарқатып айтсам, мысалы Мысырдан келген мұғалім «Пайғамбарлар тарихын» оқытса, бір жылдан кейін оны қазақ мұғалімге береді. Мысырдан келген мұғалімдердің бір дұрыс емес жағы, олар да жазба түрде бекітілген оқу жоспарлары, қандай пән, қандай тақырыптар екені жоқ. Оны білмегеннен кейін, біздің маман алады да басқа атаумен дәл сол пәнді тағы да оқытып шығады. Осылайша бір пәнді төрт жыл бойы оқып шыққан жағдайлар болған. Сол себепті кадр мәселесі өте маңызды. Біз діни білім беру бойынша, мықты жүйе жасайтын болсақ көп мәселе шешіледі деп ойлаймын. Бірізді жүйе жоқ болған соң, әркім өз бағытына бұрып кете береді.

Дінтану саласына қандай дисциплинарлы пәндерді енгізу қажет деп ойлайсыз және қайсы пәндерді алып тастаған дұрыс?

— Қазір нақты пікірім жоқ. Кезінде осы білім саласында жүрген кезде, философия, қазақстан тарихы, қазақ тілі міндетті түрде болуы керек деп қостырған едім. Ал діни пәндер бойынша, қазір қолымда нақты бағдарлама жоқ. Зайырлы пәндердің көпшілігінің дінтану саласында оқытылған дұрыс. Себебі әлі күнге дейін аудандық, ауылдық, тіпті, облыстық жерлердегі жиында әкімдерден кейін, ел алдына шығып сөйлейтін екінші адам – имам. Имамның абырой-беделін көтеруі үшін халыққа шариғат шеңберінде «намаз оқыңдар», «ораза ұстаңдар» дегеннен пайда аз. Олар біздің тарихымызды, мәдениетімізді білуі керек. Ата-бабаларымыз дінді қалай ұстанғанын білулері тиіс.

Әңгімелескен:  Қалиева Айжан

“The Qazaq Times”