16 желтоқсан қазаққа бодандық дәуіріндегі (Желтоқсан оқиғасы, 1986 ж. Алматы қ.) һәм тәуелсіздіктің бейбіт таңындағы (Жаңаөзен оқиғасы, 2011 ж. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қ.)  нақақ төгілген қан мен ауыр қайғыны еске салады. 

Әдетте, 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні қаладағы студенттерді үйіне дереу қайтарып, жатақханадағысын тізімдеп, кіріп-шыққанын тіркеп отыратын, анау жерде концерт, ескерткіш түбінде құран арнап, еске алып жататын  ала-құлалықтан арылуды тілеп жүрген жұрттың қарасы қалың. Не шаттанарын, не ақтаңдақ өткенін еске аларын білмей дағдарған жармақ күйден әбден  мезі болған мұқым алаш Қайрат-Сәбирадай ұл-қызы қайрат көрсеткен күнді бүтін тарауихының ескерткіші ретінде Жалпыұлттық аза тұту күні болса дейді. Ал он жылға жуық Республика күні деп мерекелеген 25 қазанды – Қазақстан республикасының Тәуелсіздігі күні ретінде белгілеген лазым деген бастама кеше ғана айтылған жоқ.

ХХІ ғасырда туған ұрпақты айтпағанда бүгінгі қоғамға 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаны таңсық жағдай емес. Өзге одақтас елдерден кейін болса да тарихи датадан соң дербестікке қарай апаратын қадамдарға жол ашылғанын білеміз. Осы тұста қазақ ұлтшылдығын оның мемлекеттілігімен тұтас екенін айтып жүрген қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Дос Көшіммен «мерекелік мұңды» атаулы дата туралы пікірлесіп көріп едік.

– Тәуелсіздік күнін 25 қазанға ауыстырудың тарихи негізі туралы айтсаңыз. 16 желтоқсан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаудың қоғамдық маңызы қандай? Жармақ ала-құла күй кешетін қазақ халқының табиғи хақы, заңды сұранысы қалай шешілген жөн?

– Бұл жерде әңгіме Декларацияның мәні мен Тәуелсіздік жариялаған күннің мәнін салыстыруда болмауы керек. Екеуінің де тарихи маңызы бар, Қазақ елінің егемендігін жариялау мәселесіне тікелей қатысы бар ерекше даталар. Әрине, біздің Декларациямызды АҚШ-тың Декларациясымен салыстыруға келмейді. Оның басты себебі – 1990 жылғы 25 қазандағы қабылданған Декларация Қазақ елінің толық тәуелсіздігінен гөрі, өтпелі кезеңнің, оның ішінде Жаңарған Одақ құрудың алдындағы саяси мақсатта жарияланған құжат болатын. Бұл Декларацияның ішінде «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардын қызметіне қатысуға құқығы бар» деген сөздермен қатар, «Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады» (демек әлі де Одақтан шығу мәселесі шешілген жоқ) «Қазақ ССР-і өз территориясында Республиканың егемендi праволары мен Конституциясын бұзатын Одақтың заңдары мен оның жоғары органдарының басқа да актiлерiнiң қолданылуын тоқтата тұруға праволы» (тоқтата тұру, бірақ тыйым салу емес), «Әрбір азаматқа ССРО азаматтығын сақтауға кепілдік беріледі» (демек екі азаматтық қатар жүреді) деген сияқты баптар да бар. Ал соңғы бап Декларацияның негізгі мақсатын анықтап тұрған сияқты:   «17. Декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады». Қысқасы, бұл – сан ғасырлар бойы арман болған мақсаттың жүзеге асырылуынан гөрі өтпелі кезеңдегі саяси тәсілге жақын құжат. Дегенмен, сол кезеңде, сол бір саяси жағдайда, осы Декларацияның жариялануы – біздің тәуелсіздік жариялауымыздан кем болған жоқ.

Меніңше, әңгіме қай күнді ресми түрде Азаттық күні деп тойлауымыз керек деген сұрақта сияқты. Әрине, Декларация жарияланған күн – мемлекеттік мейрам болып табылады. Оның басты себебі – Тәуелсіздік жариялаған 16 желтоқсанның, тоталитаризмнің негізін шайқалтқан, қазақ ұлтшылдығының нақты көрінісі болып табылатын 16-17 желтоқсанмен қатар келуі. Бұрын біздер бұл екі күнді де тойлайтынбыз. Бірақ кейін мемлекеттік билік Желтоқсан көтерілісін тәуелсіздік тойының көлеңкесінде қалдыру үшін 16 желтоқсанды ғана ресми мейрам етіп белгіледі. Демек бізде таңдау болды, ал билік «Желтоқсан көтерілісінің» атын өшіру жолын таңдады...

– Тоқаевтың ыстық-суығы аралас либералдандыру жылымығы тұсында бұл мәселе шешім табуы мүмкін бе?

– Әрине, болады.  Тәуелсіздік не үшін керек? Өзімізге қажетті заңдарды қабылдау үшін, қажет деп тапқан мәселелерді өзгерту үшін, өзіміздің мейрамдарымыздың күндерін белгілеу үшін алдық емес пе? Демек  Парламент бұл мәселені бес минуттың ішінде шешіп, Желтоқсан көтерілісімен қосарланған Тәуелсіздік күнін 25 қазанға көшіре алады. Егер... билікте осы мәселені шешеміз деген ниет, ынта, түсінік болса...

– Пікіріңіз үшін рахмет, аға!

Реплика: 1990 жылдың 25 қазанындағы декларацияның қабылдануымен еліміз егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, демократиялық-зайырлы бағдары, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Декларациялық құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды.

"The Qazaq Times"