Украина президенті Владимир Зеленский мен ГФР басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер Норманд төрттігі Донбасстағы қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізу үшін бірлесе әрекет етуге бел буды. Бұл жөнінде Зеленскийдің баспасөз мәлімдемесінде айтылған.

Токиода императорды ұлықтау рәсімінде арнайы кездесу өткізген тараптар Украинаны Ресейдің агрессиялық саясатынан қорғау, Қырым және Донбасс мәселелерінің шешімін табу туралы әңгіме өрбітті. Өз сөзінде Зеленский Норманд төрттігінің жұмысын жаңарту үшін барынша үлес қосқанын айтты.

Осыған дейін Донбасс мәселесінде Германия үкіметі «Штайнмайер формуласы» бойынша бірнеше уағдаластықтарға қол жеткізген. Берлин аталған формуланы «Минск уағдаластықтарын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам» деп есептейді.

3 қазанда Донбасстағы қақтығысты реттеу жөніндегі арнайы отырыстың нәтижесі бойынша Ресей өкілі Борис Грызлов барлық қатысушылар Украина заңнамасында бекіту үшін «Штайнмайер формуласы» бойынша әрекет етуге келіскенін хабарлаған. Сонымен қатар, «Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарының ерекше мәртебесі туралы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі» талқыланған.

"The Qazaq Times"