Жапонияда жаңа императорды ұлықтау рәсімі өтіп, отыз жыл тақта отырған император Акихитоның ұлы Нарухито тізгінді өз қолына алды.

2016 жылдың тамызында император Акихито халыққа жолдауын жариялап, денсаулығы мен жасын меңзеген сәттен-ақ, тақтан түсетіні жайлы нақты айтпаса да, билікті жақын арада мұрагері Нарухитоға тапсыратыны белгілі еді. Билік тізгінін Нарухито биыл 1 мамырда қолына алды. Сол кезде халыққа он күн демалыс беріліп, дәстүрге сай рәсімдер өткен.

Ұлықтау рәсімінде император Нарухито сөзінде: «Отыз жылдан астам уақыт бойы Аса мәртебелі, құрметті император Акихито халқының бақытты болуын, әлемдегі бейбітшіліктің берік болуын тіледі. Мен Жапонияның бірлігі мен мемлекеттігінің нышаны ретінде Конституцияға сәйкес қызмет атқарамын», – деді.

Бүгінгі жиынға 174 елден 400 өкіл қатысты. Олардың 70-і монархтар мен мемлекет басшылары. Сондай-ақ, императорды құттықтауға жапон қоғамының барлық топтарынан 1,6 мыңға жуық өкілдер шақырылды: биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының басшылары, кабинет мүшелері және бұрынғы премьер-министрлер, префектур губернаторлары, ғалымдар, спортшылар, жазушылар, кәсіпкерлер.

Қонақтардың қатарында Бельгия, Бутана, Испания, Камбоджа, Малайзия, Нидерланды королдері, Біріккен Корольдіктің мұрагер ханзадасы Чарльз, Аустрия, Үндістан, Венгрия, Филиппин, Финляндия президенттері, АҚШ-тың көлік министрі Элейн Чао, Ресей Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов, ҚХР төрағасының орынбасары Ван Цишань бар. Сонымен қатар, Жапонияға Армения президенті Армен Саркисян, Грузия басшысы Саломе Зурабишвили, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Украина президенті Владимир Зеленский, Молдавия президенті Игорь Додон және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Жапон жұртының заңына сәйкес, патша отбасында саяси билік жоқ. Алайда, Жапонияның ел бірлігі мен ұлт тұтастығының символы ретінде патша отбасына үлкен құрмет көрсетіледі. Халық наразы болған жағдайда үкіметті де ауыстыруға қақысы бар.  Акихито патшаның тұсында жапон халқы талай ауыр күндерді басынан өткерген. Акихито соның бәрінде шапағатшыл, халықшыл патша ретінде есте қалған.

Нарухито – екінші дүниежүзілік соғыста Токио капитуляциясынан кейін дүниеге келген бірінші жапон монархы. Ол Токиожағы «Гакусюин» элиталы университетін және Оксфордты тәмамдаған. Жаңа императордың жұбайы 55 жасар Масако – Жапония дипломатының қызы, Токио университеті мен Гарвардта білім алған.

"The Qazaq Times"