Кеше астаналық әкім орынбасары мен жаңаөзендік судья пара алғаны үшін 3 жылға темір торға қамалып, қылмыстық іске қатысы бар өзге де айыпталушыларға жаза тағайындалды. Күнбе-күн өршіген жемқорлықтың «салдарымен күрес» қашанғы жалғаспақ? Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 124-ші орынға жайғасқан Қазақстанда қазына ұрыларының үлкені шалқып, ұсағы оңай тұтылып жүр.  

Ел астанасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қаланың Алматы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Талғат Тлеуов пен «Лайн Групп» ЖШС және «Ақжайық Энерго» ЖШС директоры Б.Абдиевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған. Т.М. Тлеуов Алматы ауданын жарықтандыруға қызмет көрсету бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шартта орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін, сондай-ақ жалпы қамқорлығы үшін Б.Абдиевтен 5 миллион теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген.

Осы іс бойынша 17 қазан елордадағы Есіл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Талғат Тлеуов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Осы үкіммен Б.Абдиев пара бергені үшін сотталды және оған 71 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Дәл осы тақілеттес айыппен Жаңаөзенде қалалық соттың судьясы пара алғаны үшін сотталды. Ведомство мәліметінше, Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Айзада Сейлхановаға және қала әкімдігінің ТКШ бас маманы А.Ақназаровқа қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып сотқа жолданған. Сейлханова Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімінің талап арызын қараусыз қалдыру туралы өкім шығарғаны үшін Ақназаров арқылы 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Бұл фактіні Антикоррупциялық қызмет ішкі қауіпсіздік және Жоғарғы Соттағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесіп анықтаған деседі. Астаналық шенеуніктің сотымен қатар жаңаөзендік судья Сейлханова да Ақтау қалалық сотының үкімімен сотталып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Іске қатысы бар деген айыппен Ақназаров та сотталып, оған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сот үкіміне сәйкес сотталғандардың мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысуына өмір бойына тыйым салынды.

Бұл бірінші рет емес. Бізде кейде бір күнде тап осы парақорлық қылмысы негізінде бірнеше сот болып жатады. Естеріңізге сала кетсек, биыл қаңтарда жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 124-орынды қанағат тұтқан. Зерттеуші халықаралық ұйымның атқарушы директоры Ольга Шиянның сөзінше, TI есебінде Қазақстан қаржы министрлігі құрылымын коррупция жайлағанын, ал ішкі істер министрлігі өзіне жүктелген қызмет міндетін атқаруға «дәрменсіз» органға айналғанын атап көрсеткен.

Transparency International «Қазіргі кезде Ресейден бастап Әзербайжанға дейін, Украинадан бастап Өзбекстанға дейін көптеген елдерде көбіне авторитарлық басқару кесірінен демократиялық институттар мен нормаларға қатер төніп тұр. Демократиясы әлсіз қоғамда коррупция өршиді. Мемлекеттік сектордағы коррупциямен күресте саяси ерік-жігердің жоқтығы азаматтардың саяси құқықтарын бұзады, соның кесірінен адамдар кейін әсері қалай болады деп алаңдап, ой-пікірін ашық білдіре алмайды, шеру өткізу және бірігу бостандықтарын пайдалана алмайды» деген ұйым баяндамасында.

Бұқара ғана емес, президенттің өзі әшкере сынға алған атышулы «Астана LRT» жобасының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды.

Қазақстандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру саясаты профилактикадан бұрын, салдарға басымдық беретін сияқты. Саяси шымылдықтың арғы жағындағы қандай ойындар мен жүрістердің нәтижесінде көзге түсіп жатқаны да сыр. Неге ұқсас айыптармен он жылға сотталған шенді үш жылға жетпей босап шығып, немесе министрліктегі қайсыбір мемуар жазғыш вице-министр ауыр айыптан жеңіл құтылып, азаматтық қоғам мен БҰҰ, халықаралық құқықтық ұйымдар «саяси нақақ тұтқын» деп таныған азамат денсаулық жағдайының ауырлығына қарамастан босатылмайды? Демек, бұдан биліктің мүдделілік позициясын байқауға болады.

"Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтыла қоятын" сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының курс-бағдарын өзгертуге ақжағалылардың батылы бара қояр ма екен?

"The Qazaq Times"