Каталонияның Испаниядан тәуелсіздігін алуын жақтаушылардың ереуілі полициямен қақтығысқа ұласты. Кейбір ереуілшілер көліктерді өртеп, көшелерді жауып тастаған. Бірнеше күн бұрын Испания Жоғары соты Каталонияның бірқатар лидерлерін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру шешімін шығарып еді.

Каталониядағы дүрбелеңге назар аударатын себебіміз – демократия мен ұлттық мүдде мәселесінің дамыған Еуропаның ортасында теке-тіреске түсуі десек болатындай. Испания Жоғары сотының шешімін Каталония үкіметі айыптап жатыр. Жалпы 12 адам 9 жылдан 13 жылға дейінгі қамау жазасына кесілген шешім дербестікті жақтаушылардың ашу-ызасын өршітті.

ереуішлілер полициямен қақтығысты. Фото: Reuters.

Ереуілдер Каталонияның барлық жерінде болып жатыр әрі 3 күннен бері жалғасып келеді. Кеше ғана 51 ереуілші қамауға алынғаны мәлім болған. Жарақат алғандардың анық саны белгісіз. Полиция тарабы ереуілгілердің орталық көшелерде бірнеше көлікті өртеп, жолдарды жауып тастағанын айтады.

Үш күннен бері шерулер жалғасуда. Фото: BBC.

Ал, Каталонияның дербестігін жақтаушы лидерлер ереуілшілердің әсіре әрекеттерін тоқтатуын талап етті. Олар Каталония дербестігін жақтаушылардың арасына арандатушылар кіріп, осындай басбұзарлық әрекетке барды деген мәлімдемелер де таратты. Каталонияның үкімет басшысы Ким Торра да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

“The Qazaq Times”