АҚШ вице-президенті Майк Пенс пен мемлекеттік  хатшы Майк Помпео шұғыл келіссөздер жүргізу мақсатында Түркияға аттанды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Уашингтон тарабы Анкараның Сүриядағы әскери операциясын талқыламақ. Бірақ, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның АҚШ дипломаттарын қабылдауы екіталай дейді сарапшылар.

Өткен аптада Ердоған Ефрат өзенінен шығысқа қарай күрд лаңкестеріне қарсы операция жүргізілетінін хабарлаған болатын. 9 қазанда Түркияның қарулы күштері Сүрияда әскери операцияны бастап кетті. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, соның нәтижесінде екі ел шекарасында қауіпсіз аймақ құрылады. Және бұған дейін Түркияны паналаған сириялық босқындар өз үйлеріне оралатын болады. Ресми Анкара бұл арқылы шекаралас өңірде қауіпсіздік аймағын құрып, онда сириялық босқындарды орналастыруды көздеп отыр.

"The Qazaq Times"