ҚР экс-президенті, «Қауіпсіздік кеңесінің мәңгілік төрағасы», «ұлт көшбасшысы» Нұрсұлтан Назарбаев кеше Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

Әзербайжан астанасы Бакуде түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-ші саммиті аясында кездескен Назарбаев пен Ердоған «түркі әлемі елдері интеграциялық үдерісінің қазіргі жағдайы мен алдағы перспективаларын талқылаған» көрінеді.

Elbasy.kz тұңғыш президенттің ақпараттық сайты келтірген мәлімет бойынша,  тараптар аймақтық қауіпсіздікті және Еуразия құрлығы мемлекеттерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасқан.

Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаев Түркия президенті Т.Ердоғанмен кездесті. Баку, Әзірбайжан. 15 қазан 2019 жыл. Фото: elbasy.kz

Сонымен қатар, Бакудегі жиын барысында қазақстандық экс-президент тасы өрге домалаған өзбек елінің көшбасшысы Шавкат Мирзиёевпен де жүздесіп, арнайы шара өткен.

Кездесу кезінде   Назарбаев   Мирзиёевтің басшылығымен қол жеткізілген Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне тоқталды деседі.

– Қазақстан мен Өзбекстан өте жақын және маңызды серіктес. Өзара тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұған дейін мұндай көрсеткіштер болған емес. Бұл жақсы перспективаларға жол ашып отыр, – деген Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаев Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёевпен кездесті. Баку, Әзірбайжан. 15 қазан 2019 жыл. Фото: elbasy.kz

Сондай-ақ, Ш.Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өтіп жатқан іс-шаралардың орындалу жайын сөз етті. Айтпақшы, мұқым түркі жұрағатының кеңесінде Назарбаев Түркі әлемінің Жоғары Орденімен марапатталған. Бұған қатысты Назарбаев:

– Маған «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Президент Режеп Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді, – деп ағынан жарылды.

Қазақстан-Өзбекстан делегациялары кездесуі барысында экс-президент пен қызметтегі президент тілдескен. Баку, Әзірбайжан. 15 қазан 2019 жыл. Фото: elbasy.kz

Экс-басшының сыртқы істерде өкілдік миссиясында жиі көрінуі әлеуметтік желі қолданушылары мен сарапшылардың сыни пікіріне ілікті. Түркі тілдес елдердің басшылары өкілдік еткен отырысқа Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жоқ. Жеті жұрттың басшылары бас қосқан алқалы жиынға Назарбаевпен бірге Қазақстан вице-премьері Бердібек Сапарбаев ере барған.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының 7-ші саммитінің отырысы. Баку, Әзірбайжан. 15 қазан 2019 жыл. Фото: elbasy.kz

"The Qazaq Times"