АҚШ Қытай үкіметі мен коммунистік партиясының өкілдеріне визалық шектеу қойды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұл шара Қытай үкіметінің Шынжаңдағы аз санды ұлттарға қысым көрсету әрекетіне қарсы жасалғанын мәлімдеді.

«Қытай үкіметі Шынжаң ұйғыр автономиялы районында жасайтын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман азшылық өкілдерін жаппай лагерлерге қамау, кең көлемде жоғары техникалық бақылауда ұстау, діни және мәдени салттарын ұстануға қатаң шектеулер қою, сыртқа шыққан Қытай азаматтығындағы тұлғаларды күштеп елге қайтарып жазалау және басқа да көптеген репрессиялық әрекеттер жасап келді», – деді Помпео мәлімдемесінде.

Мәліметтерге қарағанда, визалық шектеу Қытай үкіметі мен коммунистік партиясының отбасы мүшелеріне де қойылуы мүмкін.

Осы шарамен қатар, АҚШ Қытай үкіметін Шынжаңдағы репрессивті әрекеттерін тоқтатуға, шетелдегі Қытай азаматтығындағы мұсылмандарды қудалау, оларды күштеп елге қайтару сынды әрекеттерді тоқтатуға шақырды.

Айта кетейік, АҚШ үкіметі Шынжаңдағы мәселеге байланысты Қытай үкіметінің лауазымдыларын санкция тізіміне қосу шарасын бұдан бұрын да көтерген. Алайда, Бейжіңнің «жаулық әрекет арқылы жауап қайтаруынан» алаңдап, Трамп әкімшілігі жағынан бұл шара кейінге қалдырылған.

Қытай үкіметі Шынжаңда 1 млн-нан астам аз санды ұлт өкілдерін лагерлерге қамағаны туралы БҰҰ ресми мәлімдемесінде айтылған. Бұдан тыс, BBC секілді ықпалды ақпарат құралдары Шынжаң жерінде аз санды ұлт өкілдеріне жасалып жатқан «масқара» әрекеттердің бетін ашқан болатын. Бұдан бір ай бұрын осындай хабарлардың бірінде аз санды ұлт өкілдерінің балаларын ата-аналарынан күштеп айырып жатқаны туралы да мәліметтер берілген.

“The Qazaq Times”