Ауғанстан Әуе қорғаныс күштерінің танымал ұшқыш қызы Нилофар Рахмани АҚШ-тан бассауға сұрап, елін дүр сілкіндірді. Нилофар АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Ержүрек әйел» марапатын алған талантты ұшқыш.

«Азаттық» сайты орыс редакциясының хабарлауынша,  26 желтоқсан күні Ауғанстан үкіметі ұшқыш қыздың әрекетін айыптап, оның қылығы "өз отанын қорғауға ант бергендер үшін ұятты жайт" екенін әрі оның өзіне қауіп төнуі мүмкін деген сөзінің жай "сылтау" екенін айтқан.

Бұл жөнінде, Ауғанстан қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Мохаммад Радманиш ауған билігінің Америка туралы ұстанымын да білдірді. Онда Ауғанстан қауіпсіздігін нығайту үшін миллиардтаған ақша шығындап жатқан АҚШ, бассауға сұраған Рахманидың өтінішін қабылдамайтынынан үмітті екені айтылған.

«Егер, әскери қызметкер өз өміріне қауіп төнуден қорықса, онда былайғы халық қалай күн көреді, –  дейді Радманиш, – ол жал тауып отыр, бізде білімді және құқық қорғаушы әйледер бар. Олар ондай қауіп туралы айтқан емес».

Рахмани Ауғанстанда қанатты ұшу аппаратымен ұшқан тұңғыш әйел ретінде танымал. Оның пайда болуымен бірге Ауғанстандағы әйел құқы мен мүмкіндігі артады деген үміт те зорайған.

Алайда, АҚШ-та бір жыл дайындықтан өткен ауған қызы өткен аптада New York Times (NYT) пен Wall Street Journal-ға сұхбат беріп, елді осылай дүрліктірді. Ол өз қауіпсіздігі үшін еліне қайтуға құлықты емес екенін айтқан. Күн санап жағдайы ушығып бара жатқан отанында жақсы өзрегістер орын алмайды деген пікірін білдірген. Оған мысал ретінде, осы айдың басында, Ауғанстанның оңтүстігіндегі әуежайдың әйел қызметкерінің өлімін келтірді.

«The Qazaq Times»