Осы апта басталысымен Сүриядағы жағдайда ауқымды өзгерістер болды. Түркия Сүрияның солтүстік өңірінде өз шекарасын бойлап әскерлерін ендетіп барады. Түркия армиясы кірген солтүстік-шығыс өңірден осы тұста АҚШ әскерлерінің шығарылып кеткені де белгілі болды. Америкалық әскерлерді бұл аумақтан шығару о баста президент Трамптың шешімі. Бірақ, Пентагон бұл шешімге риза емес. Трамп әскерлерін кері қайтару турасында Пентагонның кеңесіне құлақ аспағаны туралы да әңгімелер өрбіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Сүрияда АҚШ, Түркия және күрд қарулы күштері арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағы ашылғандай. Осы мәселені тереңдей қаузап көрелік.

Дүйсенбі күнгі АҚШ үкіметінің мәлімдемесінде Түркияның Сүрия жеріндегі әскери әрекеттеріне америкалық қарулы күштер бейтарап позицияда болатынын, килікпейтінін, бірақ қолға түскен «Ислам мемлекеті» террорлық тобының мүшелеріне жауапты болатыны айтылған. Бұл тұста өңірден америкалық әскери техникалармен қарулы күштердің шығып жатқанын Сүриядағы күрд қарулы күштерінің ақпарат құралдары да мәлімдеп үлгірген. Сондай-ақ, күрдтер АҚШ-ты «келісімдегі міндеттерін орындамады» деп айыптады. Күрдтердің білдіруінше, АҚШ солтүстік-шығыс аумақтағы кейбір нысандарды қорғап тұруы керек екен. Әрине, келісім бұдан да тереңірек мәселелерге құрылған болуы бек мүмкін.

АҚШ әскерлері Сүрияның Түркияға жақын шекара маңынан шығарылды. Фото: VOA7

Осы арада «күрдтер не үшін АҚШ-ты айыптады?» деген сұрақ туындайтыны анық. Орта Шығыста көптеген жылдардан бері күрд мәселесінің көтеріліп келе жатқаны көзқарақты жұртқа белгілі. Осы аймақтағы кейбір қақтығыстарға себеп болатын жып ұштарын тартып көрсек, түбінде күрд мәселесінің жатқанын байқаймыз. Соңғы жылдары АҚШ күрдтерді терроризмге қарсы күрестегі одақтасы ретінде қолдауды күшейтті. Осы арада АҚШ пен Түркия арасында бір кереғар қайшылықтар да бар. АҚШ одақтас етіп отырған күрт қарулы күштерін (YPG-ді) Түркия елде террорлық ұйым ретінде атаған Күрд жұмысшылар партиясының (PKK-ның) сыртқы күштері деп қарайды. Бір сөзбен айтқанда YPG де, PKK да Анкара үшін террорлық ұйым.

Түркия көп жылдардан бері Сүрия жеріндегі дербес қарулы күштерге ие күрдтерден қауіптеніп келді. Сүриядағы күрдтердің Түркия шекарасына жақын орналасуы, ал Түркиядағы күрдтердің көбірек қоныстанған аймағы Сүрия шекарасына жақын болуы да бұл қауіптенуді күшейткен еді. Анкара өз шекарасын жақын осы бір бітеу жараны тазалауды көптен бері ойға алған. Сүриядағы жағдайда белсенді ойыншы болғанының бір себебі де осы (Осы ретте, Сүрияда Түркияның қолдауындағы қарулы топтар да бар екенін айта кету керек. Оның кейбірін өзге елдер де террорлық ұйым деп қарайды). Бірақ, күрдтерге қарсы қарулы әрекет жасау үшін соңғы жылдары Түркия үшін АҚШ үлкен кедергі болды. Сүрия соғысы басталған кезде Түркияның НАТО-дағы одақтастарына да «өкпесі қара қазандай» болған бір кездері. Бұл енді өз алдына бір тақырып.

Күрд әйел сарбазы. Фото: Zaman al-Wasl.

АҚШ-тың «кедергі болуындағы» себептің бір ұшын жоғарыда да атап кеттік.  Естеріңізде болса, бұдан екі жыл бұрын Түркия АҚШ-қа «террорлық топтарды қаруландырды» деген айыптаған еді. Бұл да АҚШ-тың күрдтерді озық қарулармен қаруландырғанына байланысты Анкараның таққан айыбы еді. Аймақта АҚШ пен күрд күштері арасында көпке белгісіз келісімнің бар екені менмұндалайды.Күрд күштерімен АҚШ арасында шынында қандай келісімдердің болғаны бізге анық емес. Бірақ, Сүрия соғысы күрдтерді кәдімгідей күшейтті. Терроризмге қарсы күрес желеуімен Батыс елдері көбірек жарылқады. Тіпті, «Сүрия Демократиялық армиясы» күрдтердің басқаруында. Ал, Түркия армиясын Сүрия шекарасын бойлата кіргізгенде АҚШ-тың өз әскерін алып кетуі күрдтерді түріктің оғына тастап берумен бірдей көрінеді.

Жоғарыдағы сұрақтың жауабы, шамасы осында болуы мүмкін. Яғни, күрдтер өзін «лақтырып» кеткен АҚШ-қа «ренішін» жасырған жоқ. Ал, президент Трамп «Твиттер» парақшасында «Түркия шектен шығып кетсе, экономикасының тас-талқанын» шығарамын деуі күрдтің бұл «ренішіне» бола айтылса керек. «Біз әлі лақтырып кетпедік. Сырттай қарап отырамыз» дегендей сыңғайлы.

Сүриядағы Күрд қарулы күштері демократиялық күштермен бірлесе отырып, өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған террорлық ұйымға қарсы нәтижелі күрес жүргізді. Тіпті, сыртқы ойыншыларды алып тастасаңыз, Сүриядағы ең қуатты, ырықты ойыншылардың біріне айналды. Бұған АҚШ-тың қолдауы көбірек демеу берді. Сүрия жерінің солтүстік аумақтарын мекендеген күрдтер осы аумақтан автономиялық аймақ құратынын да ашық айтып жүр. Бұл Түркия үшін үлкен қатердің төнгенін көрсетті.

Былтыр Түркия осы қауіпті сейілту үшін Сүрияның солтүстік-батысында орналасқан Африн аймағында қарулы операция бастады. Ондаған қарулылар қаза тапты, мыңдаған күрд еріксіз қоныс аударуға мәжбүр болды. Былтыр жыл соңында АҚШ Сүриядан әскерін шығаратынын білдірді. Бірақ, Түркияның күрдтерге әскер аттандыруынан алаңдайтынын айтқан Трамп, Түркия бұндай қадамға барса, ауыр экономикалық зардап шегетінін де ескертті. Арқа сүйер АҚШ әскерлері кетіп қалған күрдтер мен түрік әскерлері арасында ұзаққа созылған соғыс болуы да мүмкін.

Ал, Ердоған да өзінің айласын қолданып, «Сүриядағы қауіпсіз аймақ» жобасын алып шықты. Қауіпсіз аймақ жобасы – «екі алып биге шығу» деседе болады. Түркия бұл жобаны толық аяқтаса, біріншіден, еліндегі босқындарды Сүрияға қайтарып, имиграциядан болған дағдарысты сейілтеді. Екіншіден, босқындарды шекараны бойлай ашылған «қауіпсіз аймақтарға» орналастыру арқылы күрд күштерімен ортадағы буферлік зона қалыптастырады.

Айтарға болмаса, жобаны жүзеге асыру оңай шаруа емес. 480 шақырымдық шекараны бойлай жасалатын қауіпсіз аймақта 2 млн шамасындағы босқындар орналастырмақ. Кейбір сүриялық босқындар Түркиядан кеткісі жоқ, бірақ құқық қорғаушылар жағынан күштеп апарылады.

Ал, АҚШ саясаткерлері арасында Трамптың Сүриядан әскер шығару шешіміне қарсы пікірлер көбейді. Олар Трамп Ресей мен Иранға және Ердоған мен Ассадқа пайдалы шешім жасады деп сынайды. Трамптың өз партияластарынан да наразылар көп. Кейбір сыншылар, террорлық топтарға қарсы күресте күрдтерді пайдаланып, енді қатерге қалдырып кетті деп қарайды. БҰҰ тарабыда кезекті мәселелерге байланысты алаңдаушылық білдіруде және әлеуметтік дағдарыс мүмкіндігін ескертіп, Түркиядан нақты мәліметтерді талап етуде.

АҚШ пен Түркия арасында қандай келісімдер болғаны бізге бей мәлім. Бірақ, ресейлік әуе қорғаныс жүйесі мен F-35 ұшақтарының тартысты ойындарынан кейін, Ердоған Трамптың "ақ батасын" алғанда болуы мүмкін. Фото: ALEX-NEWS

Ал, Пентагон мен Ақ үй ұстанымы да екі түрлі. Трамп отырған Ақ үй әкімшілігі Сүриядан америкалық әскерлерді шығаратынын мәлімдеп жатса, бұл Түркияның әскери операциясына мүмкіндік алғанын көрсетеді. Пентагон болса, АҚШ тек кейбір аймақтардан ғана әскерлерін шығарды, шын мәнісінде Түркияның әскери әрекеттеріне қарсы деген пікірде. Осы қайшылықты мәселелерге Трамптың бір мәлімдемесі жауап беретін секілді. Ол өзінің «Твиттер» парақшасында «осы бір «тайпалар арасындағы» толассыз соғыстарды ақырластыратын кездің келгенін» айта отырып: «Біз тек пайдалы жерде жеңіс үшін күресеміз», – деген еді. Демек, Ердоған Трампқа пайдалы бір ұсыныс тастаған болуы да мүмкін деп болжасақ та болатындай.

“The Qazaq Times”