Түркияның Сүриядағы жаңа әскери операциясы осы елдегі бейбітшілікті сақтауға бағытталған саяси қадамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл туралы Еуроодақ сыртқы саясат қызметінің ресми өкілі Майя Косьянчич Брюссельде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Осы ретте ЕО Сыртқы саясат қызметінің ресми өкілі Майя Косьянчич: «Сүрияның солтүстік-шығысындағы әскери іс-қимылдардың жандануы жағдайды одан бетер ушықтырады. Бұл жергілікті халықтың жаппай көшуіне әкеп соғады. Біз Сүрия мәселесі жөніндегі Астана процесіне кепіл елдерді оның ішінде Түркияны да аймақта әскери операцияны тоқтатып, жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз», – деп мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, Сүриядағы шиеленіске қатысты кез келген мәселе әскери жолмен емес, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясы мен 2012 жылы қабылданған Женева коммюникесіне сәйкес шешілу керек.

Осы аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ефрат өзенінен шығысқа қарай күрд лаңкестеріне қарсы операция жүргізілетінін хабарлаған болатын. Анкара бұл арқылы шекаралас өңірде қауіпсіздік аймағын құрып, онда сириялық босқындарды орналастыруды көздеп отыр. Дегенмен, әскери іс-қимыл ірі соғысқа ұласу қауіпі бар. Себебі күрдтер де түріктердің шабуылына тойтарыс беруге дайын екенін ескертті.

Қазіргі уақытта екі ел шекарасындағы жағдай ушығып тұр. 6 қыркүйекте түрік президенті Режеп Тайып Ердоған Сүрияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын қалыптастыру үшін Түркияға халықаралық қолдау көрсетілмесе, миллиондаған босқындар үшін Еуропаға шекара айқара ашылатынын ескерткен болатын. Сонымен қатар, ресми Анкара Еуропа елдерінен логистикалық көмек сұраған. Осыған байланысты, босқындар мен бейбіт тұрғындардың Сүриядағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсететін бірден-бір мемлекет АҚШ болғандықтан, Түркия аталған мәселені америкалық әскерлермен бірлесе шешуге бел буған.

9 қыркүйекте Түркия мен АҚШ әскерлері Сүрияның Евфрат өзенінен шығыс аудандарда қауіпсіздік аймағын құру мақсатында бірлескен операция өткізген. Кейіннен ресми Анкара Уашингтонның бұл істе немқұрайдылық танытып отырғанын хабарлаған.

"The Qazaq Times"