Кеше, 1 қазан күні Бейжіңде ҚХР-ның 70 жылдық мерейтой салтанатымен бірге әскери парад өткізіліп, Қытай қарулы күштерінің озық әскери техникалары жұртқа көрсетілді. Әлем ақпарат құралдарының назарын аударған ДФ-41 (DF-41) зымырандарынан тартып, радарға көрінбейтін соғыс ұшақтары да әскери парадқа қатысты. Осыған орай, Қытайдың қазіргі әскери қуаты көп талқының біріне айналды. Олай болса Қытайдың қазіргі әскери қуаты қай деңгейде? Қорғаныстың қай саласын баса дамытып жатыр? Төменде қытайлық және әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жария болған ақпараттарға сүйене отырып осы сұрақтарды қаузап көрелік.

Қытайдың баса дамытқан қорғаныс салалары

Соңғы жылдары Қытайдың Тынық мұхиты батыс жағалауындағы әскери белсенділігінің арта түскені белгілі. Қытайдың Тынық мұхитындағы әскери ықпалының кеңеюі өз кезегінде АҚШ-тың жаңа қорғаныс стратегиясын жариялауға себеп болған болатын. Әрине, Тынық мұхитында ғана емес, барлық теңіз-мұхитта АҚШ-тың әскери қуаты әлемнің алдында тұрғаны белгілі. Солай болса да, Қытай өзіне ең керекті деген бақыттарды дамытуға ден қойғаны байқалады. Бұл ретте кемелерге қарсы зымырандар мен ұшқышсыз ұшу құрылғылары және су үсті барлау мен шабуылға пайдаланатын ұшақтарды дамытуға баса күш салған.

Оңтүстік қытай теңізі және Тынық мұхитындағы стратегиялық мүдделеріне қажетті ең негізгі қорғаныс саласы ретінде Бейжің теңіз күштеріне де көбірек инвестиция салды. Нәтижесінде 3 ұшақ тасымалдаушы кемесін ( біреуі әлі сынақ кезеңінде) теңізге шығарды. Бұдан тыс әлемдегі ең ірі суда қонып-ұшуға арналған барлау ұшағын жасап шығарды. Бұл ұшақ қазіргі кезде Оңтүстік қытай теңізіндегі аралдар да әскери операцияларға қатысуда.

Былтыр Қытай Тайуанға жақын провинциясында әскери шеру өткізіп, Тайуанға әскери қысымын арттырған еді. Фото: abc.net.au

Кешегі әскери парадта көрсеткен ДФ-41 құрлықаралық баллистикалық зымырандарын қытайлық әскери эксперттер бір ретте 10 нысананы жоюға қабілетті деп айтуда. Ал, қолданыстағы ДФ-17 зымырандары бұрынғы ресейлік «Авангард» зымырандарына ұқсатылып жасалғаны белгілі. Бұл аталған зымырандардың басты ерекшелігі – кеңістікте ұшып бара жатып, күрделі операцияларды жасауға қабілеттілігі. Анықтай айтқанда, жердегі зымыран қорғаныс жүйесінен жалтара алады. Әскери парадта бұлардан тыс әскери кемеге, ұшаққа және зымырандарға қарсы қорғаныс зымырандары да көрсетілді.

DR-8 ұшқышсыз ұшу құрылғысы. Фото: Hiiraan Online

Қытай қорғаныс күштерінің тағы бір ден қойған бағыты ұшқышсыз ұшу құрылғылары. Қазір Қытай жасаған ұшқышсыз ұшу құрылғылары әлемнің бірқатар елдеріне тараған. Орта Шығыс елдері де қытайлық дрондарды көбірек сатып алуда. Өткен қыркүйек айында Еуропа елдері арасында алғашқы болып Сербия Қытай өндірген қашықтықтан басқарылатын дронды сатып алды. Ал, кешегі парадта дыбыстан жылдам ұшатын DR-8 дроны алғаш рет көрсетілді. Тайуандық әскери сарапшылар бұл дрон болашақта маңызды әскери техника қатарында болатынын айтады. Себебі, DR-8 дроны қазірдің өзінде радарға көрінбеу және ұшақтан зымыран секілді ажырап шығып, дербес операция жүргізуге қабілетті. Бір сөзбен айтқанда Қытай өзінің мерейтой қарсаңында әскери қорғаныс саласының жаңа технологияларға қарай жылдам дамып бара жатқанын көрсетуге тырысты.

Қытайдың қорғаныс шығыны

Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң таққа отырғаннан кейін армияға реформа жасалатынын мәлімдеген. 2015 жылдан бері қарай Қытай үкіметі қорғаныс бюджетін жыл сайын 10 пайызға дейін көбейтіп келеді.

Қазіргі таңда Қытай қорғаныс шығыны 250 млрд АҚШ долларына жетіп, әскери бюджет жағынан әлемде екінші орында тұр. Былтырғы мәліметтерге қарағанда, 2018 жылы Қытай 56,1 млдр доллар жұмсап, жаңа әскери техникалар сатып алған.

Алайда, осыншама мол инвестицияға қарамастан Қытай АҚШ-тың қорғаныс бюджетіне маңайлай да алған жоқ. Себебі, жылына 643,3 млрд долларды құрайтын АҚШ-тың қорғаныс шығыны, өзінен кейінгі 5 елдің қорғаныс бюджетін қосса да асып түспек.

Қытай қорғаныс бюджетін көбейтті және әскери қызметкерлердің жалақысын өсірді. Фото; breitbart.com

Қытайдың жалпы әскери қуаты

Қытайдың әскери қуаты сөз болғанда, көбінше, АҚШ немесе Ресеймен салыстырып жатады. Бірақ, АҚШ-тың әскери техникаларының дамуы Қытайдан кемінде 30 жылдық үрдіспен алға кеткен. Ал, Қытай теңіз күштерін Құрама Штат теңіз әскери күштерімен салыстыруға болмайды. Теңіз үсті соғысында АҚШ әлемнің алдында. Оның ірі ұшақ тасымалдаушы кемелері төрт мұхиттың стратегиялық маңызды су айдындарын бақылауында ұстап келеді.

ДФ-17 зымырандары. Фото: Hiiraan Online

Қытайдың қазіргі лидері 2015 жылғы мәлімдемесінде 2035 жылға дейін заманауи армия жасақтау, 2049 жылға дейін әлемнің ең алдынғы қатарындағы армия құру мақсатын алға қойған. BBC қорғаныс саласы бойынша эксперттердің сөзіне сілтеме жасай отырып, Қытай қорғаныс қуатының, техникаларының АҚШ-қа жетуіне ондаған жылдардың бар екенін айтады.

Ал, Бейжіңде өткен әскери парад Қытайдың нақты әскери қуатын көрсетіп бере алмайды. Соғыс қуаты да жұрт елестеткендей «қорқынышты» деңгейде емес. Қытай жарты ғасырға жуық уақыт нақты соғыс тәжрибесінен өтпеген армияға ие. Шын мәнісінде, Қытайдың республика күнінде өткізілген әскери парадтың мақсаты – Қытайдың жаңа әскери қару-жарақтарын дабыралы түрде көрсетіп, «Қытай әскери салада заманауи даму үрдісін қалыптастырған» дегізу, сондай-ақ, Қытай басшысының реформалары нәтижелі болып жатыр деген мағынаны әйгілеу.

“The Qazaq Times”