АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Сауд Арабиясындағы сапары кезінде АҚШ-тың екі сенаторы Трамп үкіметіне ескерту хат жолдады. Олар Трамп үкіметі Сауд Арабиясымен ядролық ынтымақтастық туралы қол қоймауын талап еткен. Сенаторлар егер бұндай келісім жасалса Орта Шығыста ядролық қару жарысы басталуы мүмкін деп алаңдайды.

Демократиялық сенаторлар Эд Марки мен Жефф Меркли Мемлекеттік хатшы Помпео мен Энергетика министрі Рик Перриге ескерту хатында: «Сауд Арабиясымен ядролық технологияларды бөлісу мәселесі, әсіресе қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде, Сауд Арабиясына ядролық қаруға ие болу мүмкіндігін береді», – делінген.

Эд Марки мен Жефф Меркли екеуі де Халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттің мүшелері. Олар бұл келісім АҚШ-тың Сауд Арабиясындағы ықпалын жақсарта алмайды деп санайды. Олар аталған ескерту хатында егер Трамп үкіметі Сауд Арабиясына ядролық қаруға ие болуға мүмкіндік беретін келісімге қол қойса, Конгрестің мұнай келісімін тоқтататынын ескерткен.

Сенаторлар Сауд Арабиясының «адам құқығы мен әлеуметтік теңдікті елеусіз қалдырып келгенін» алға тарта отырып, оларды «жарылқауға» болмайтынын айтқан.

Сауд Арабиясы АҚШ-пен ядролық келісім жасау арқылы ядролық қаруды таратпау сынды қатаң шарттардан, соның ішінде БҰҰ қарарынан жалтаруда. Көптеген сарапшылар АҚШ-пен ядролық энергетика келісімін жасасу Сауд Арабиясына уран байытудың және ядролық қаруды қамтамасыз ететін қауіпті қалдықтарды жаратуға мүмкіндік бере алады деп санайды.

Осыдан бұрын Сауд патшалығының тақ мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман: «Егер Иран ядролық бағдарламасын жүзеге асырса, Сауд Арабиясы ядролық қару іздейтін болады», – деп мәлімдеме жасаған еді.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мен Энергетика министрлігі әлі де сенаторлардың хатына жауап берген жоқ.

“The Qazaq Times”