АВТОР: Тәуелсіздікті алу және оны шетелдерге танытудың қиын кезеңдерінде Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқардыңыз. Өз үлесіңізді қосып, әлемдік аренада Қазақстанның атын танытуда көп күш жұмсадыңыз. Ал тәуелсіз елдің елшісі болып жұмыс істеген қалай екен? Көрші ел Өзбекстанға Төтенше және Өкілетті Елші болып барған уақытта дипломатияның бұрын кездеспеген қиындықтарына жолықтыңыз ба?

С. Б.: 1993 жылғы 13 мамырда Президент Н. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалдым. Аталғ ан қос мемлекет Орталық Азиядағы үлкен елдер болып саналады. Екі көрші елдің татулығы мен ынтымағы, қарымқатынасы жақсы болса, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттер де тыныш болады. Сондықтан, Өзбекстан біз үшін дипломатиялық байланыс орнатуда маңызды ел ретінде қаралды. Оған елші етіп тағайындауда менің дипломатиялық тәжірибем және Ташкентте жоғары білім алғаным ескерілді. Мен Өзбекстанда елші болып жүргенде, 1994 жылы қарашада Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Өзбекстан Республикасына ресми сапармен келді.  Ташкентте «Көксарай» резиденциясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ӨР Президенті Ислам Кәрімовтың арасында келіссөздер өтті. Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда келісімі және Өзбекстаннан табиғи газ сатып алу туралы екіжақты құжаттарға қол қойылды. Өзбекстанмен арадағы сауда-саттық мәселесінде бір пікірге келе алмадық. Біз Ташкенттен СССР кезінде арзан бағамен газ сатып алатынбыз. Олар Қазақстанға сататын газ бағасын қымбаттатып, халықаралық нарықтағы бағаны сұрады. Баға тым жоғары болғандықтан, біздің оған қаржылай мүмкіндігіміз сәйкес келмеді. Осының салдарынан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына Өзбекстаннан келетін газдың мөлшері азайып, жұрт отынға ағаш кесіп жаға бастады. Алматы қаласының кей аудандарында газ тоқтатылып, қала тұрғындары қиыншылық тартты.

АВТОР: Екі ел арасындағы бұрыннан келе жатқан проблема –  Арал теңізінің тартылып, теңіз аймағындағы жерлердің тұзды сорға айналуы. Осы мәселе Ташкенттегі мемлекет басшыларының кездесуінде қаралды ма?

С. Б.: Бұрын дүние жүзінде көлемі жағынан 4 үлкен су қой масының бірі саналатын Арал теңізі 1989 жылы суы тартылуы салдарынан екіге бөлініп кеткен. Теңіздің суы өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап азая бастады. Оның тартылуы Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстанның оңтүстік аймақтарының теңізге құятын Сырдария мен Амударияның суын егін шаруашылық мақсаттарында бұрып алуынан басталды. 1990 жылдардың басында теңіз айдынының ауданы 45%-дан астам кішірейіп, судың көлемі 65%-ға кеміді, судың тұздылығы 3 есеге артты. Табиғи орта сапасының нашарлауына байланысты жергілікті халықтың денсаулығына зиянды экологиялық, әлеуметтік жағдай қалыптасты. Халықаралық Аралды құтқару қорының шешімдерін орындау мақсатында екі мемлекет басшысы Қарақалпақ АССР-нің орталығы Нөкіс қаласына арнайы барды. Онда елшіліктің қатысуымен Арал теңізінің жағдайын сауықтыру және елді мекендердің әлеуметтік, денсаулық сақтау шараларын қолға алу туралы Коммюникеге қол қойылды. Арал теңізіне құятын өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруда шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін бұл дағдарысқа қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіруге мүдделі етті. Келіссөз барысында Қазақстан тарапы Өзбекстанмен арадағы екіжақты қатынастарды жоғары бағалай отырып, екі ел арасында саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа да салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Елбасының ресми сапары екіжақты қатынастарды жаңа деңг ейге көтеруге мүмкіндік берді.

АВТОР: Өзбекстанда үлкен қазақ диаспорасы тұрады. Ол жердегі қандастарымыз елге оралуы тұрғысында Сіздің батыл қадамдарға барып, елеулі жұмыс жасағаныңызды баспасөз беттерінен оқыған едік. Ұлты қазақ болғанымен, Өзбекстан азаматы болып кеткен Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековке сол уақытта Қазақстан азаматтығын беріп, өз еліне қайтуға көмек жасадыңыз. Сол кезде Өзбекстандағы қандастарымыздың хал-жағдайы қалай екен?

С. Б.: Жалпы, Өзбекстанда 2 миллиондай қазақ бар еді. Совет кезінде Өзбекстан үкіметі олардың 150 мыңнан астамын бәріміз бір совет халқы боламыз деп паспорттарына «өзбек» етіп жаздырып жіберді. Тәуелсіздік алған соң ұлттық саясатты жүргізу мақсатында Ташкент телеарналары арқылы аптасына үш рет берілетін қазақ тіліндегі бағдарлама мен радиодан берілетін қазақ тіліндегі хабарды қысқартты. Низами атындағы Орта Азия педагогика институтындағы қазақ топтары қысқартылды. Әкімшілік орындарында лауазымды қызметте істейтін қазақтарды ығыстыра бастады. Осының дәлелі ретінде мына бір оқиғаны айтып берейін. Бірде елшілікке бір өзбек әйелі келіп, прокуратурада қызмет істейтін күйеуін пара алушы ретінде жала жауып, түрмеге қамап тастағаны, күйеуінің қазақ және үш баласы бар екенін айтты. Өзбек келіншегі: «қандастарыңызды жалған жаламен түрмеге қамап тастап, өзім үш баламен қаңғып жүрмін, сіздердің намыстарыңыз қайда?» – деп жылады. Мен Өзбекстанның прокуратурасымен байланысқа шығып, сол қазақ жігітінің түрмеден босатылуына себепкер болдым. Қазақ тіліндегі теле-радио хабарларын қайтадан қалпына келтіруге жәрдем бердім. Ташкент қаласында бұрыннан келе жатқан шоғырланған қазақ интеллигенциясы бар. Олардың ұрпақтары да сонда оқыды, қызмет етті. Мәселен, Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы Ниязов, Социалистік Еңбек Ері Қынабек Үкібаев, Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінде Серік Қарабаев, Республика президент көмекшісі Артықбай Қынабекұлы және басқа мәдениет, ғылым, жазушы қайраткерлері болды. Осындай зиялы қауымның өкілдерін жұмылдырып «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» филиалын аштық. Бүгінде Ташкентте қазақ тілінде Республикалық «Нұрлы жол» газеті шығып тұрады. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков туралы айтып берейін. Ол Қызылорда облысында дүниеге келген. Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтын өте үздік бітіріп, сол жерде қызметте қалған. Өзбектердің бір ұтымды саясаты – басқа ұлттың талантты адамдарын өзіне тартып, сіңіріп, жұмыс істете біледі. Жәкең Ташкентте архитектура саласында жемісті қызмет етіп, архитектура шеберханасын басқарды. Мен қазақ зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста болдым. Дипломатияның екі ел арасындағы құзырына саясат, экономика, сауда байланыстарымен қоса шетелдегі қазақ диаспорасына жәрдем беру де кіреді.

АВТОР:  Сайлау ағаның өмір жолын, оның еңбегін зерделеген автор ретінде айтарым, Сәкең талай рет Баукеңнің ұлт намысы, ана тілі, ел үшін қажырлы күресін қайталады және ол кісіні тұлға ретінде биіктен көре алмайтын мәңгүрттерден талай қысым да көрді. Бұл туралы мысалдар өте көп. Соның біреуін келтіре кетейін. Ташкентте Елші болып жүргенде Қазақстанның Елтаңбасын Өзбекстанның азаматы Жандарбек Мәлібеков жасап берді деп өзбектер үнемі жария етіп жүрді. Дипломаттар арасында «Елтаңбаңызды жасауға Республикада бір қазақ табылмады ма?» деп кейіпкерімізге талай рет «әңгіме» айтқандар да болды. Сонда Сәкең ҚР «Азаматтық туралы» Заңына сәйкес, өз шешімімен оған Қазақстан азаматтығын береді. Оған негіз болған Ж. Мәлібековтің Қызылорда облысында туылғаны, ұлтының қазақ екені. Ол Ташкенттегі политехникалық институтында оқып, сонда қызметте қалып қойған. «Қазақстан Республикасының азаматы» деген паспортына өз қолымен штамп басып, Елшінің мөрін салып, қол қойған осы Сәкең болатын. Сөйтіп, оның өз отанына келуіне тікелей себепкер болған қайсар дипломат. Бұл іс-әрекетке Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрлігі елшіге наразылық білдірген. Сонымен қатар, өз отандастары тарапынан да қырын қарағандар табылды. Айта берсеңіз, ҚР сыртқы істер министрлігінің басшысы «Зачем нарушаешь закон о гражданстве Казахстана, саған шеттегі қазақтардың не керегі бар?» – деп ескерту жасайды. Сәкеңнің айтуымен, тәуелсіз Қазақстанның Гимні, Туы және Елтаңбасының авторлары өзіміздің азаматтар болуы тиіс. Сондықтан да мен «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңына сәйкес Елтаңбаның авторы Ж. Мәлібековті Қазақстанның азаматтығына қабылдау туралы шешім қабылдадым. Жоғарыда айтылған заңда «Қазақстанда туып-өскен азаматтар басқа республикаларда қызмет істеп жүрсе, шетелде оқудағы студенттер және әскери борышын атқарып жүрген адамдар Қазақстан азаматтығын алуға толық құқылы» деп жазылған. Шетелдегі Қазақстан елшілеріне мұндай шешім қабылдау құқығы берілген. Мен Елтаңба авторы Мәлібековпен жүздескенде, ол кісі былай деді:

– Сәкеңнің еңбегі, батылдығы арқасында мен Қазақстан азаматтығын алып елге оралдым. Осындай ұлтшыл тұлға болмаса, Өзбекстанда қалуым мүмкін еді.

Ал бүгінде жұртшылық Республика Елтаңбасын жасаған қазақ азаматы өз еліне келіп, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде жемісті еңбек етіп жатқанын мақтаныш етеді.

С. Б.: Мемлекеттік егемендік туралы декларац ияның  12-тармағында «Қазақстан Республикасы Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деп жазылған. Тура осындай қағидат «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңының  2-тарауы 8-бабында көрсетілген. Өкінішке қарай, Декларация қабылданған күн 25-қазан «Республика күні» деп аталатын ресми мереке тізімінен кейін алынып тасталып, Декларацияның біраз баптары ескерусіз қалды. Сол құжатта «Біз Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын қазақ ұлтының дамуы үшін қабылдаймыз» деп жазылған. Ал қазіргі 1995 жылы қабылданған Конституцияда «қазақ халқы», «қазақ ұлты», «қазақ жері», «қазақ мемлекеті» деген сөздер алынып тасталған. Бұл сөздерді Конституцияға қайта кіргізу керек. Себебі Конституцияның өзі «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» негізге алуы тиіс еді. 1995 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасының паспортын кеш енгіздік. Оған дейін Совет Одағының паспортымен жүрген болатынбыз. Яғни, үш жыл бойы әлемде жоқ мемлекеттің паспортын пайдаландық. Мен өз мемлекетіміздің паспортын тезірек шығару керек деп ұсыныс білдіргеніммен, үкімет қаржы жоқ деп, паспорт шығаруды созып жіберді.

АВТОР: Өзбекстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, суретші және мүсінші Әбдімәлік Бұқарбаев туралы әңгіме айтылғанда дипломат ағамыз мені өз үйіндегі жұмыс кабинетіне ертіп апарды. Онда атақты суретшінің қазақтың әйгілі хансұлтандары, би-шешендері, Алаш арыстары, елбасымыз Н. Назарбаевтың, бүгінде елге қызмет етіп жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің баспадан шыққан портреттерін көрсетті. Әбдімәліктің өз қолымен салған Сайлау ағамыздың портреті бар екен. Адамның ішкі жан-дүниесі мен рухани келбетін, сыртқы бет-пішінін де анық көрсетіпті. Байқағанымыз, өнер иесі біздің кейіпкеріміздің өзіне тән болмысын бұлжытпай бейнелепті. Бұлар жеке дарын, халықтың біртуар тұлғаларының биік бейнесін анық көрсеткен жәдігерлер, құнды суреттер. Қазір осы портреттер мектептер мен университеттер және министрліктер ғимаратында ілулі тұр. Бүгінгі ұрпақты өткен замандағы тарихи тұлғаларымен қайта беттестірген, солардың тарих қойнауындағы бет-бейнесін елімен қауыштырған Әбдімәлік Бұқарбаевтың өнеріне бас имей тұра алмайсыз. Дипломатиялық қызметін пайдаланып, ол Ташкенттегі біраз қазақ зиялыларын, соның ішінде талантты суретші және атақты архитектордың Қазақстан азаматтығын алуына күш салады. 1993 жылғы 25 қазан – Мемлекеттік егемендік Декларациясы қабылданған мереке күніне орайластырып, осы екі кісіге және басқа қазақтарға салтанатты түрде өз қолы қойылған, Қазақстан Республикасының азаматы деген гербі бар мөрін басып, паспорттарын табыстайды. Сөйтіп, басқа республиканың өркендеуіне қызмет етіп жүрген талантты азаматтар өз отанына қайтады. Оның алдынан білім алған талай шәкірттер, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Ал Әбдімәлік Бұқарбаев Алматы қаласы маңындағы Райымбек ауылында тұрады, жасының ұлғайғанына қарамастан, өзінің жеке студиясында еліміздің өнер саласына үлесін қосуда. Осындай талантты азаматтарды іздеп, оларды өз отанына қайтаруға барын салған елші, ұлт қамқоршысының да даңқы арта түсері сөзсіз. Мұндай отаншылдық әрекетті шет мемлекеттердегі елшілер жасамады. Мәскеуде тұратын қаншама белгілі қайраткерлер, бұрын жоғары қызметте болған қазақтар сонда қалып қалды. Себебі Мәскеудегі елшілік оларға Қазақстанның азаматтығын бермеді. Кезінде Н.С. Хрущев тағайындаған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне И. Юсупов басшы болып тұрғанда, оңтүстіктегі Жетісай, Мақтаарал және Киров аудандарын Өзбекстанға беріп жіберген. Алайда түгел қазақтар тұратын өңірлерге өзбектер басшылыққа келіп, өз ықпалдарын жүргізе бас таған соң, халық наразылық білдіріп, Алматыға және Мәскеуге арыз жазып, аталған аудандарды Қазақстанға қайтаруды сұра ған. Кейін Л.И. Брежнев билікке келгенде, осы 3 ауданды Қазақстанға қайтарып берді. Алайда Өзбекстан үш ауданның жерін толық қайтармай біраз шаруашылықтар қалып қойды. Ал Сіз елші болып барғанда, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы саяси қатынас қалай болды? Қазақтарға азаматтық беріп, өз отанына қайтарғанызға Өзбекстан үкіметі наразылық білдірген жоқ па?

С. Б.: Екі ел арасындағы қатынас бір қалыпқа түсе қоймаған еді. Себебі, азаматтық мәселесі, шекара, оның маңындағы елді ме кендерді айқындау кезінде де ортақ шешімге келе алмай, таластартыс орын алды. Осы проблемалармен шұ ғылдануға тура келді. Қандастарымызға Қазақстан паспортын алып бергенім үшін өзбек билігінің назарына іліндім. Бауырларымызға елдің жағ дайы жақсы, жері бай, болашағының бар екенін айтып жүретінм ін. Сол арқылы талай адамдарға жақсы ой-пікір қалыптастырдым. Бір күні өзін институтта жұмыс істеймін деп таныстырған қазақ азаматы елшілікке келіп, Қазақстанға көшкісі келіп жүр генін айтып, ақыл-кеңес сұрады. Мен оған көшудің заңды тұрғыдағы тәртібін түсіндірдім. Өзбекстан бізге туысқан ел, бірақ түбінде ұрпақтың болашағы үшін Қазақстанға қайтқаны дұрыс екенін айттым. Кейін анықтасам әлгі жігіт Өзбекстан Қауіпсіздік комитетінің қызметкері екен. Суретші Әбдімәлік Бұқарбаев олар үшін таптырмас өнер адамы екені даусыз. Ол кісі тек суретші емес, дизайнер, мозайка жасаудың шебері. Ташкенттегі үш аяқты телевизия мұнарасының барлық мозайкасы Әбдімәлік Әбдіқадырұлының қолынан шыққан. Үндістан елшілігінің, көп зәулімді ғимараттарды безендіру істерін атқарды. Өзі ғана емес екі баласы да әкесінің жолын қуған шебер екен. Оның Өзбекстаннан кетуі де оңай бола қойған жоқ. Суретшінің өнер туындылары шекарадан тек Мәдениет министрлігінің рұқсатымен өткізіледі. Себебі ол еңбектердің иесі, авторы Әбекең болғанымен, мемлекеттік құнды шығармалар үкіметтің қамқорлығында болады. Әрбір туынды сол елдің құнды мәдени қоры болып саналады. Сондықтан суретші жасаған дүниелерін Алматыда және облыс орталықтарында көрме өткізген соң, барлық суреттерін Қазақстанда қалдырып отырды. Сөйтіп, Өзбекстандағы атақты суретші Орал Таңсықбаевтан кейін өз туған еліне оралған Әбдімәлік болды. Талантты қазақ интеллигенция өкілдері және өнер таланттарының кетіп жатқаны туралы Өзбек Республикасының елшілігі біздің Сыртқы істер министрлігіне наразылық білдіріп, нота жіберіпті. Сіздердің елшіңіз Ташкенттегі қазақтардың зиялы қауымын елдеріне қайтуға үгіттеп жүр, – деп шағым жасаған. Сыртқы істер министрі Т. Сүлейменов телефон шалып, «қазақтарды неге елге қайтуға үгіттеп, жұмыс жасап жүрс ің», – деді. Оған «Дипломатия қызметі туралы» заң аясында Отанына қайтамын деген адамдарға көмек көрсету елшіліктің бір міндеті екенін айттым. Осы арада бүгінгі шетелдегі елшіліктерге байланысты жағдай туралы да айта кету керек. Қазір біраз елшіліктеріміз сол жердегі қазақтардың өтініштері және көшіқон жұмысына қатысты мәселелеріне назар аудара бермейді. Келген ағайындарды әуре-сарсаңға салады. Тіпті, Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қандастарымыз Қазақстанға келіп қайтуға виза алу үшін айлап кезекте тұрады. Өзбекстанда қызмет еткен кезімде елшіліктің есігі әрдайым ашық болды. Қолымнан келгенше көмек көрсетіп, жөн сілтедім, шаруаларын бітіріп бердім. Ал менен кейін Өзбекстанға келген елші қандастарымызды елшілікке кіргізбейді екен.

АВТОР: Бар қазақты бір тудың астына, Атамекендегі қара шаңырақтың астына жинау кешегі бабалардан қалған арман. Қазақстан тәуелсіздік алып, өз еркіндігі қолына тиген кезде кешегі ата-баба арманын Сәкең жалғастыруға ұмтылды. Азаттыққа қолы жеткен соң, әлемдегі қазақты елге шақырған Президент Н. Назарбаевтың саясатына үн қосты. Елге белгілі тұлғалардың өз отанына оралуына септігін тигізгені тарихтың парағында жазылып қалары анық, жазылып та жатыр. Қазіргі таңда шетелдегі елшіліктер өз қызметін қалай атқарып жүр? Кейде өзге елде жүрген қазақтарға көмек көрсете алмай жататын жағдайлар кездеседі. Оған мысал, бір ұйғыр саудагері Қазақстан азаматшасына Қытайдан көкөніс, жеміс жіберген. Ол жолда бұзылып кетеді. Тауар алушы қазақ әйелі Үрімжіге келгенде, оның бар құжаттарын есепке алмай, соттап жібереді. Сонда осындағы паспорт-виза бөлім консулдығы жәрдем көрсетпеген. Біздің мемлекет тұрғысынан шетелде қиындыққа ұшыраған азаматтарға көмек көрсету мәселесі заңды және қаржылық негізде қарастырылмаған екен. Бірақ Үрімжіде біраз жыл құл есебінде өмір сүрген қазақ әйелінің жағдайы қылмыстық іске жатпайтын. Бұл оқиға сол уақытта Қытайдағы дипломаттардың ұлттық сезімінің төмендігін көрсетеді. Абырой болғанда аталған жағдай Қытайға Нұрлан Ермекбаев жаңа елші болып барған тұста оң шешімін табады. Шыңжаңда жүрген қазақ әйеліне жанашыр адамдар тауып, ақша жинап, оны еліне қайтарып, анасымен қауыштырады. Оның мұндай азаматтық ісіне алғысымыз шексіз. Бұл жағдайды елшіміз Сайлау ағаға өзі айтып берген. Біздің кейіпкерімізді Өзбекстанда елші қызметін атқарып жүрген кезінде Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі етіп жібермекші болған. 1994 жылы екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс жолға қойылмаған еді. Түрікменстан үш ай бойы Сыртқы істер министрлігі жіберген Елші тағайындау туралы нотаға жауап бермейді. Дипломатия тілінде мұны «агреман» дейді. Ол елшіге сол елде қызмет атқаруға келісім беру. Ашхабадтың агреман бермеуінің себебі С. Батырша-ұлының жеке басына қатысты емес еді. Түркімен Президенті С. Ниязов Еуразия одағын құру туралы Қазақстанның ұстанымымен келіспейтін. Сол себепті ол мемлекеттің елшісін де қабылдамаймыз дегенді аңдатса керек. Одан кейін де елшілік ашуына көп жылдар бойы рұқсат бермеген. Сөйтіп, кейіпкеріміз Алматыға оралып, сыртқы істер министрінің кеңесшісі болады. Біраз уақыт өткен соң, Египет Араб Республикасындағы дипломатиялық қызметке тағайындалды.

Дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының өмірі мен қызмет жолына арналған "Тәуелсіздік жолындағы дипломатия" кітабынан.

Автор: Мұрат Алмасбекұлы

«The Qazaq Times»