Қазақстандық оппозиция мен билік текетіресінің арасында қағажу көрген азаматтық қоғамның үні мен болашағы жайлы ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы ой-пікірін білдірді.

Соңғы кездері Қазақстан халқының саясатқа көзқарасы өзгеріп, өз даусы мен құқықтарын қорғауда белсенділік таныта бастағаны белгілі. Әрине, бұған ел ішіне тамыр жайған, премьер министрінен бастап көмір тасушыға дейін ауызданған жемқорлық дертінің дендеуі мен билік жүргізіп отырған әлеуметтік саясатқа көңіл толмаушылық, қымбатшылық пен жұмыссыздық, баспанасыз қаңғырған тұрмысы нашар отбасылардың артуы т.б. факторлар әсер еткені сөзсіз. Айдың басында Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Атырау, Семей және өзге қалалар мен ел астанасында «Қазақстанға Қытай жобаларын салуға қарсылық білдірген» жаңаөзендіктердің талабын қолдап, наразылық эстафетасы жүрген болатын. Мемлекет басшысы Тоқаевтың «Қазақстан халқына жолдауында» айтқан бейбіт жиындар өткізуге рұқсат беру мәселесінен кейін аталмыш шараларда полиция қызметкерлері жаппай ұстау әрекеттеріне бармаған еді. «Қытай экспансиясына» қарсы өткен наразылықтарда көзге түскен 20 шақты белсенді екі аптадан соң, 16-18 қыркүйек аралығында жаппай ұсталып, көбі 15 тәулікке дейін сотталды. Осы процестерді бақылап отырған қоғам белсендісі, Білім саласының құрметті қызметкері, Журналистер Одағының мүшесі Өмір Шыныбекұлын сөзге тартып көріп едік.

Азаматтық қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы. Фото: ашық дереккөз

– Өмір аға, қоғамдағы саяси-әлуметтік жаңалықтарыға үнемі үн қосып, азаматтық пікіріңізді ашық білдіріп отыратын белсенді азамат ретінде өзіңізден Қазақстандағы нөмірі бірінші мәселе туралы сұрасақ. Емендей қатты қуатты қазақтың өзегіне түскен құртжегі не? 

– Парламентке әділ сайлау өткізіп, елге шын жаны ашитын депутаттарды сайласаң, олар мемлекеттің мүддесін көздейтін заңдар шығарып, етек-жеңді қыстап қойса, Қытай да, Ресей де, тіпті Батыстан келіп жеткен қызтекелік пен Таяу Шығыстан сыналап кіріп жатқан әсіредіншілдер де қауіпсіз болар еді...

Әзірге ең қауіпті дұшпан өз жемқорларымыз болып отыр..

Ірі көлемдегі ақша араласқан жемқорлықты «Мемлекетке сатқындық» деп заңмен бекітіп, тиісті жазаны белгілеу керек.

Жеп көрсін, сосын..

Бар болғаны сол..

Қазақстан билігі өз құқығын талап етіп бас көтерген жұртты басуға тырысты, тіпті төрт мыңға жуық азаматты ұстаған кездері де болды. 16 қыркүйектен бері республиканың түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсы" акция өткізген 15 белсенді ұсталып, көбі 10 күнге қамалып, кейбірі әкімшілік жазаға тартыла бастады. Мұның сыры неде? Қыркүйектің 21-іне бейбіт шеруге шақырған сырттай сотталған М.Әблязовтың митингісінен алдыңғы биліктің "астарлы ескертуі" деп бағалауға бола ма? Биліктің ҚДТ жақтастары мен азаматтық қоғам өкілдерінің аражігін ажыратпай тұрып жаппай жауапқа тарту қаншалықты "өнімді профилактика"?

– Жалпы, шеруден қорқудың қажеті жоқ. Ең бай-бақуат деген елдердің өзінде күн сайын түрлі себеппен жүздеген шеру өтіп жатады.

Тек Қазақстанда ғана «Оппозиция деген дұшпан» деген түсінік қалыптасқан.

Оппозиция дегенді қазақтың жалпақ тілімен, қазақы ұғымға барынша жақындатып түсіндіруге тырысып көрелік. ...Мәселен, сіз  Отағасы немесе Отанасы ретінде үй  салуды жоспарладыңыз делік! Үйдегі үйелмендеріңіздің барлығы өрелері жеткенінше өз пікірлері мен көзқарастарын айтып жатыр. Бәрінің көздегені бір мақсат – ол болашақ үйдің іргетасы берік, сырты көркі көз тартарлық әсем, іші жанға жайлы болуы!

Әйеліңіздің (еріңіздің)  немесе кейбір ұл-қыздарыңыздың  пікірі сіздің, яғни Отағасының пікірімен үйлеспеуі мүмкін! Арасында  тіпті ақылға сыймайтын пікір де айтылып қалуы мүмкін... Міне, соны оппозиция дейді.

Сонда ол  отағасына  (отанасына)  жау ма? Соттаймыз ба? Қарсы пікір білдіргеннің бәрін соттай берсек кім қалады?

– Сотталып жатыр ғой…

– Мәшһүр ғалым Исаак Ньютонның «Кез-келген күш қарсы күш тудырады» деген теориясы физиканың іргелі заңына айналған. Биліктің оппозицияны дұшпан етіп көрсетуіне жауап ретінде «Нұр Отан» партиясының мүшелерін жау деп білетіндер шыға бастады. Бұл кімге пайдалы?

«Нұр Отанның» мүшелері де өзіміздің бауырларымыз. Қандай мүддені көздегеніне қарамастан алаңға шығып жүрген азаматтар да өзіміздің бауырларымыз.

Өз басым ешбір партияда жоқпын. Бірақ мемлекет мүддесі үшін әрекет еткен кез-келген азаматты қолдаймын. Мәселен, дәл қазір Түркістан облысындағы артық жұмыс күшін халқы сиреп қалған солтүстік өңірлерге көшіруді қолға алған «Нұр Отан» партиясының өтінішімен Түркістан облысын аралап, үгіт-насихат жүргізіп жүрмін. Мен де жаумын ба?.. Өздерін «оппозиция» деп жүрген азаматтар осындай ұсыныспен шықса оларды да қолдаймын.

– Сіз айтқан тенденциялар нені көрсетеді? Алаңға шыққандар қатарында көпбалалы аналар, сот шешімінен жапа шеккендер ҚДТ-ға ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Расымен де, ірі басты шенділер жаппай ұстау арқылы «көңіл толмаушылықтың» бәрін Әбілязовпен байланыстырып, кемшіліктерді жасырғысы келе ме сонда?

– Ал алаңға шыққандардың бәрін Әбіләзовтің жақтастары деп санау биліктің үлкен қателігі. Олардың арасында айналасынан әділеттілік таппай, дауысын естіртер жалғыз орын алаң болып қалған азаматтар болуы да мүмкін..

Ертісбаев Әбіләзовке «Қазақстанға бір ел соғыс ашса 192 мемлекет қорғайды» дегені үлкен қателік немесе басқа уәж таппады. Қазақтың жерін тек қазақ қорғайды. Айтқан жерден аулақ, ел басына күн туа қалса өзге түгілі, біраз қандасың «Опыр-топыр басылғанда оралармыз» деп шетке зытқалы тұр..

– Сіздіңше, қазаққа ауадай қажет қажеттілік не? Күн тәртібінен түспейтін ең өзекті мәселе…

– Сондықтан қалай болғанда да қазақтың санын көбейту керек. Саннан сапа дейді. Мынау даланы қазаққа толтыру керек. Қазақстан экономикалық жағынан әлеуетті болу үшін кемі 50 миллион тұрғын болуы тиіс. Өзгесінің бәрі бос сөз. Демографиялық өсім көрсеткіші төмендеген өңірлерге Түркістан, Алматы облыстарынан, Шымкент, Алматы қалаларынан адам тарту керек.

Жалаң патриотизммен көп шаруа бітіре алмаймыз. Қоныс аударушыларға көрсетілетін көмекті ұлғайту керек. Ұлттық қордың ақшасын жекеменшік банктерді қолдауға бергенше, көші-қонға жұмсау керек. Сырттан келген қазақтарға жағдай жасау керек..

Болашаққа салынған ең үлкен инвестиция осы...

– Жақсы, Өмір аға. Пікір білдіргеніңізге рақмет.

"The Qazaq Times"