Еуропарламент өкілдері Brexit келісімі бойынша арнайы жиын өткізіп, Ұлыбританияның одақ құрамынан шыққаннан кейінгі жоспарларын талқыламақ.

Еуродепутаттар Британия болашағына: экономикалық жағдай, Солтүстік Ирландиямен кедендік мәселе, халық толқулары және үкіметтегі саяси қиындықтарға алаңдаушылық білдіріп отыр. Парламент жұмысын 14 қазанға дейін уақытша тоқтатқан премьер-министр Борис Джонсон Қауымдар палатасының қарсылығына қарамастан, Brexit-тің қалай да жүзеге асатынына сенім білдіріп отыр.

Ұлыбритания ЕО-дан биыл 29 наурызда, яғни қауымдастықтан шығу туралы жазбаша хабарлама берілгеннен кейін екі жыл өткен соң кетуі керек еді. Алайда британ Парламенті Қауымдар палатасының депутаттары Брюссель мен бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй үкіметі арасында қол жеткізілген Brexit шарттары туралы келісімнің жобасын үш рет кері қайтарған. Нәтижесінде Еуропалық одақ Brexit-ті алдымен сәуір немесе мамырға, содан кейін 31 қазанға бекітуге келісті. Санаулы ждылдар ішінде бірнеше қиындыққа тап болған Мэй үкіметті тығырықтан шығара алмай, отставкаға кетуге мәжбүр болды.

"The Qazaq Times"