Қытайлық хакерлер Аустралияның (Австралия) мамыр айындағы сайлау науқанына дейін Парламент пен үш ірі партиясына кибер-шабуыл жасаған. Бұл туралы Reuters агенттігі Аустралияның барлау агенттігіндегі ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып хабарлады. Аталған ақпарат агенттігіне Қытайдың хакерлік шабуылы туралы анықтаған Аустралияның 5 бірдей барлау қызметкері осындай мәлімет берген.

Аталған ақпарат көздерінің мәліметіне қарағанда, Аустралияның Ұлттық барлау қызметі наурыз айындағы кибер-шабуылды Қытай Ұлттық қызметі жағынан жасалған деген қорытынды шығарады. Дегенмен, Аустралия барлау қызметінің екі қызметкері анықталған мәліметтің мақсатты түрде құпия сақталғанын айтқан. Олардың айтуынша, бұл мәлімет екі ел арасындағы сауда байланысына кері әсер етуі мүмкін. Аустралия үкіметі кибер-шабуыл туралы мәліметті таратпаған. Әрі, «Рейтер» агенттігінің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан.

Қытай СІМ тарабы бұл туралы жауап бергенде: «Бұндай мәліметті тарату үшін нақты негіз болуы керек, олай болмағанда бұл елдердің қарым-қатынасына және тұлғалардың беделіне нұқсан келтіреді», – деп қана қайырған. Әрі, Қытайдың Аустралиямен әріптестік ынтымақтастықты сақтайтынын айтқан.

Қытай Аустралияның негізгі сауда серіктесі болып саналады. Қытай көп мөлшердегі темір және көмір секілді кен өнімдерін Аустралиядан импорт етеді. Ал, Қытайға кіретін экспорты Аустралияның жалпы экспортының үштен бірін иелейді. Жоғарыда сөз еткен «сауда байланысына кері әсерін тигізу» деген пікір осы ірі сауда байланысынан келіп шыққан.

“The Qazaq Times”