16 қыркүйек таңғы сағат 8:00-дер кезінде Шымкентте жолаушылар автобусы жол апатына ұшырап, салдарынан 13 адам зардап шегіп, 1 кісі қайтыс болған.

Белгілі болғанындай, таңертеңгісін №40 бағыттағы қоғамдық көлік  жеңіл көлікпен қатты соқтығысып, салдарынан автобус аударылып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендер көп.  Астана даңғылы мен Бәйтереков көшелерінің қиылысында орын алған ЖКО 5 жедел-жәрдем бригадасы көмек көрсеткен. Отырар жергілікті арнасының хабарлауынша, жол апаты орнында 13 адам зардап шеккен, олардың үшеуі – балалар, тоғызы – ересектер. Өкінішке орай, кондутор әйел көз жұмған. Аталған оқиға бойынша әзірге ресми ақпарат берілген жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан үш күн бұрын ел астанасында да №53 бағдарындағы автобус пен тепловоз соқтығысқан болатын. Күні кеше, қыркүйектің 15-і кешкілік Алматы облысында Ақсеңгір-Шамалған станциясында өткелде тұралап қалған автобусты поезд соғып өтіп, бір адам (автобус жүргізушісі) қаза тапқан еді.

Үш күннің ішінде еліміздің ең ірі үш мегаполисінде орын алған қоғамдық көліктердің жол апатына ұшырау фактілері қазақстандықтардың алаңдаушылығын тудыруда.

Елімізде қоғамдық көлік түрлеріне қатысты жол апаты фактілері жиілей түскен. Алдыңғы жылғы Шу станциясындағы темір жол апаты, жыл сайынғы жеңіл көліктер мен автобустардың қатысуымен болатын сан алуан қақтығыстар көбіне адам шығынына алып келеді. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Мәселен, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жарақат алып, 2086 адам қайтыс болған. Ал, былтыр (2018 жылы) Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркеліп, онда 20 445 адам жарақат алса, 2096 адам қаза тапқан.

The World Bank-тың мәліметінше, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8 коэффициентті құрайды. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Қоғамдық көлікпен соқтығысқан жеңіл көліктің көрінісі. 16 қыркүйек 2019 жыл. Фото: ашық дереккөз

"The Qazaq Times"