Қазақ журналистикасының іргесін нығайтқан белгілі журналист, ғалым, жазушы, ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов 12 қыркүйекте 90-ға қараған шағында дүниеден өтті.

Әбілфайыз Ыдырысов 1930 жылы 23 ақпанда Қостанай облысы Амангелді ауданы Егіндісай ауылында туған. Жазушы, журналист, педагог, тарих ғылымдарының кандидаты.

Қазақ журналистикасының ардагері Әбілфайыз Ыдырысов. Фото: ашық дереккөз

Еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, бас редактор қызметіне дейін көтерілген. Радиода, республикалық басылымдарда тынымсыз еңбек етті. Ол 800-ден астам публицистикалық мақалалар, очерктер, оқулықтар, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Очерк журналистика жанры ретінде», «Баспа өнімдерін әсемдеу» тағы басқа да пәндер бойынша әдістемелік құралдар әзірледі. Әбілфайыз Ыдырысов қазақ оқырмандарына «Таңшолпан» деректі романының авторы ретінде де кеңінен танымал жазушы.

 

Ұлттық университетте ұзақ жыл еңбек еткен көрнекті тұлғалар жайлы жарық көрген 51-кітап Ә.Ыдырысов туралы. Фото: ашық дереккөз. 

Ұзақ жылдар өзі түлеп ұшқан (1953 ж.) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет еткен. Қазақ журналистикасының ардагері, профессор Әбілфайыз Ыдырысов өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын осы жоғары оқу орнына арнады. Ол полиграфия ісі, газетті безендіру және түрлендіру өнерінің негізін салып берді.

Қазақ журналистикасының ардагер ұстазының қазасына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына және бүкіл қазақ жұртына қайғыра отырып көңіл айтамыз! Марқұмның топырағы торқа, мекені жұмақ болсын!

"The Qazaq Times"