Бүгін 2009 жылы тұтқындалып, жемқорлық айыбымен 14 жылға сотталған  Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты  Өскеменде сот отырысы өтті. 21:07-де оқылған үкім бойынша аппеляциялық шағым қанағаттандырылмады.  

Түстен кейін басталған апелляциялық сот Жәкішевтің қатысуынсыз, жабық түрде жүргізілді. Осымен үшінші рет өткізілген сотта судья танымал жазаланушының өзі сөйлеуіне «мүмкіндік жоқ екенін» айтып, адвокаттың отырысты кейінге қалдыру өтінішін қанағаттандырмады. Сиырқұйымшақтанған қоғамның реакциясын тудырған іске қатысушы Жәкішевтің адвокаты Бейсекеев барлық істі қараушы облыстық судьяларға сенімсіздік танытып, өз наразылығын бірдірді.

Республиканың әр өңірінен белгілі "саяси тұтқынды" қолдау үшін келген белсенділер сот шешіміне наразылық білдіріп, "Лағнет", "Бостандық", "Қарғыс атсын", "Жүйе ауыссын" деп ұрандасып айқайлады.

Шілденің 24-сі  Семей қалалық №2 соты түрме дәрігерлерінің растауымен денсаулық жағдайына байланысты оның мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан болатын. Қыркүйектің 10-ы күні де бес сағаттан аса бірнеше үзілістерден кейін судья Жәкішевтің науқастығына қарамастан бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Соңғы кездері «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, он жылдан астам уақытын түрмеде өткізіп, қамауда отырған үшінші топтағы мүгедектік дертіне шалдыққан Мұхтар Жәкішевті қолдап, бостандыққа шығаруды талап еткен наразылық шерулері жиілей түскен. Сейсенбі күннің өзінде елдегі Алматы, Ақтау, Өскемен қалалары мен елордасында «Мұхтар Жәкішевті бостау» талабымен бірнеше наразылық шаралары өтті.

Сонымен қатар, 9 қыркүйек Женевадағы БҰҰ, бүгін Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға шақырды. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы астанадан «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы, темір торда отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевті дереу босатуын талап етті. Естеріңізде болса, құқық қорғаушылар тарапынан «Жазықсыз саяси астармен істі болды» деп бағаланған Жәкішев ісіне қатысты осыған дейін 2015 жылы БҰҰ адам құқығы комитеті дереу босатуын сұрап, ескерту жасаған еді.

Саяси өзгерістер жиілеген тұста халықтың саясатқа назары ауып, билікке нақты құқықтық талаптар қоя бастады. Өзге мәселелерден бөлек бір «саяси тұтқындарды босату» тақырыбы бойынша үш айдың өзінде елдің әр аймағында 40-қа тарта пикет-митинг, наразылықтар көрініс тапқан.

"The Qazaq Times"