9 қыркүйек Женевадағы БҰҰ және бүгін Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға шақырды.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында  ұйымның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет «Қазақстандағы адам құқығы жағдайы» туралы баяндамасында биыл наурызынан бері  өтіп жатқан «наразылық акциялары кезінде 4 мыңнан астам адам ұсталғанын» мәлімдеді.

Азаттық таратқан хабарға сәйкес, комиссар Бачелет «саяси тұтқын саналатын азаматтарды қамауда ұстау мен оппозицияның бейбіт жиналуын шектеу шынайы және ашық диалогқа кедергі келтіреді» деп айтқан. Сонымен қатар, ол Қазақстан билігін «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне азаматтық қоғам өкілдерін қосуға», «өзгеше ойлайтындарды қудалауға қолданылатын заңдарды өзгертуге» шақырған.

Ал Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы астанадан «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы, темір торда отырғанына 10 жылдан асқан 56 жастағы Мұхтар Жәкішевті дереу босатуын талап етті. Құқық қорғаушылар тарапынан «Жазықсыз саяси астармен істі болды» деп бағаланған Жәкішев ісіне қатысты осыған дейін 2015 жылы БҰҰ адам құқығы комитеті дереу босатуын сұрап, ескерту жасаған еді.

Ұйымның Еуразия бағдарламалары бойынша директоры Марк Берендттің айтуынша, Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар бойынша халықаралық пактіге қол қойған ел ретінде істі әділ әрі ашық қарауы тиіс, әйтпегенде «Қазақстан билігі адам құқығын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндетін бұзады».

Ұйым талабы ретінде «Қазақстан билігі Мұхтар Жәкішевті түрмеден дереу босатып, сол арқылы халықаралық заңдарды сақтайтынын және сыйлайтынын дәлелдеуі тиіс» деді Марк Берендт.

14 жыл жазаға кесілген Мұхтар Жәкішев түрмеде үшінші топ мүгедегі болып қалды, шілденің 24-і  Семей қалалық №2 соты оның түрме дәрігерлерінің растауымен денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Апелляциялық шағым бойынша бүгін де Семейде кезекті сот отырысы өтуде.

Саяси өзгерістер жиілеген тұста халықтың саясатқа назары ауып, билікке нақты құқықтық талаптар қоя бастады. Өзге мәселелерден бөлек бір «саяси тұтқындарды босату» тақырыбы бойынша үш айдың өзінде елдің әр аймағында 40-қа тарта пикет-митинг, наразылықтар болып өтті.

"The Qazaq Times"