150 жылдық атаулы мерейтойы жақындаған қазақ халқының әмбебап ғалымы, ұлт ұстазы, реформатор, Алаштың аяулы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының тұрған музей-үйі әлі күнге дейін мемлекет қарауына өтпеген. Тұрақты қаржыландыру көзі жоқ нысанның күтім-бабы да сайлаулы емес, сәйкесінше өңі де қайта бастаған. Осы шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шығып жүріп, ширек ғасырдай шырақшысына айналған  мұражай-үй директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, ахметтанушы Райхан Имаханбет Сахыбекқызынан сөз суыртпақтап көрдік. 

  1. Халық ағартушысы, ақын, ұлт ұстазы Ахаңның тұрған музей-үйі қашаннан бастап өз жұмысын бастап еді? 30-ға тарта музейі бар Алматыдай алып шаһардың жүрегінде орналасқан рухани қарашаңырақтың келешігі туралы айтсаңыз.

– Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталғаннан 1988 жылдан кейін, еліміздің «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімінің «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі № 60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын» деген №413 шешім негізінде реформатор ғалым Ахмет Байтұрсынұлының Алматыдағы мұражайы 1993 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын бастаған.

Нақтырақ, тарихи үйді мұражай ретінде жасақтау – 1993 жылдың 9 қыркүйегінде «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» Алматы қаласының сол тұстағы әкімі З.Нұрқаділовтың №360 шешімі негізінде азып-тозған үйге қарабайыр ғана жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кейінірек республикалық бюджеттен – 1997-1998 ж.ж. Үкімет тарапынан ғалымның 125 жылдық меретойына орай жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2006 жылы Алматы қаласы әкімі И.Н.Тасмағамбетовтың қолдауымен күрделі жөндеуден өтіп, жұртшылыққа қоғамдық негізде шама-шарқынша қызмет көрсетіп келеді.

Тарихи ғимарат 2010 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі ретінде маңызы зор тарихи ескерткіштер тізіміне қайтадан жаңа атаумен енгізілді. Ал, көне қалалар қатарына кіретін Алматы шаһарының әкімшілігі үшін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйді «көзінің қарашағындай» сақтап, әрі күтіп ұстау ұрпақтық парызы деп түсінемін.

А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, ахметтанушы Райхан Имаханбет Сахыбекқызы 26 жыл бойы музей шырақшысы болып келеді. Фото: ашық дереккөз

  1. Жуырда музей-үйдің «Қазақстанның киелі географиясы» жобасына енгенінен хабардармыз. Бұл тізімге кіргізудің қандай маңызы бар? Мұны музей-үйдің мемлекет қамқорлығына өтуінің алғышарты ретінде бағалауға бола ма?

– Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің осы «Қазақстанның киелі орындары» жобасына енгенінің өзі үлкен жетістік деп түсінемін. Себебі, бұл  үй жай ғана қатардағы ғимараттардың бірі емес. Әрі бұл үйде қазақ ұлтының қалыптасуы мен дамуына саналы ғұмырын арнаған, нақтырақ ұлтына арымен қызмет еткен бірегей тұлға Ахмет Байтұрсынұлы соңғы өмірін өткізді. Тарихи тұлғаның ардақты есімі қайта оралған 1988 жылдан бергі жүзжылдықтар тоғысында тәуелсіз елінің тарапынан Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негіздеуші, реформатор-ғалым, шебер көсемсөзші, дарынды аудармашы, рухшыл ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ана тілдің айбары» медалі және «Ғасыр саңлағы» белгісімен марапатталғаны баршаға мәлім. Десе де «Қазақстанның киелі орындары» жобасы аясында ғұлама ғалым мұрасына, тұлғаның көзіндей болған музей-үйіне үкімет тарапынан ыждаһатты көңіл бөлініп, көне ғимарат мемлекет қамқорлығына алынып, еліміздегі басқа тарихи тұлғаларға арналған мемориалдық музейлердей толыққанды жұмыс жасауына жұмыс істеу керек.

Музей ауласында А.Байтұрсынқлының бюсть-ескерткіші бар. Фото: ашық дереккөз

  1. Ширек ғасыр ғұмырыңызды Ахметтануға арнап, ұлт ұстазының шаңырағының отымен кіріп, күлімен шығып, жарығын сөндірмей, шырақшы болып отырсыз. Басы ашық сұрақ Ахаңның үйі неліктен әлі күнге дейін билік қарауына өткізілмей келеді? Әрі осы үйге еңбегі өткен маман ретінде музейдің келешегін қай деңгейде көргіңіз келеді?

– Бұл сауал орындалуы үшін музейде іріктелген толыққанды жұмыс штаты жасақталуы керек. Мұражай ашылғалы мұнда ондай жағдай болған емес.., ахметтанушы ретінде 1996 жылдан қоғамдық негізде жұмыс істеп келемін. Мұражай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қорға берілген, аталған қор қандай да жұмыстарды атқаруға қауқарсыз. Тіпті, қор басшысының жыл он екі айда бір рет музейге бас сұғуға құлықты болғанын көрмедім. Қалай ойлайсыздар, қоғамдық негізде мәдени мұра болып табылатын музей үйдің жұмысын қаншалықты алға дамытуға болады?! Қоғамдық қордың барлығы дерлік мемлекеттік жобаларға қатысады, ол үшін қажетті пакет құжаттар дайындау керек. Музейдің аты бар, заты жоқ, яғни заңды тіркелмеген... мұны қоғамдық қордың басшысы Серік Самыратұлына сан рет айтқаныммен селт етпеді. Ақын жырлағандай «Жүрегі тастан ба, әлде қоладан ба» ұқтыра алмай-ақ қойдым.

Музейдің жұмысын қажетті деңгейде дамыту үшін оның өзекті әрі келелі мәселелерін жедел шешу керек. Ол үшін:

  • Біріншіден, қоғамдық қорға қарайтын тағылым үйін – Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйі – «Ахметтану» ғылыми-зерттеу орталығы деген атаумен дербес мекеме ретінде заңды тіркету;
  • Екінші, дербес жарғы мен өзінің жеке мөрі бар мемлекеттік мекеме болу және қалың жұртшылыққа қызмет жасайтын штат жасақтау;
  • Үшінші, 1992 жылдан мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына енгізілген Ахметтің тағылым мектебіне, яғни музей-үйге Республикалық немесе ұлттық мәртебе берілуін жедел шешу;
  • Төртінші, республикалық бюджеттен қаржыландырылуын, әрі еліміздегі тарихи тұлғаларға арналған музейлер сияқты жұмыс істеу үшін музейдің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету.

Шегелей айтқанда, 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар мемлекеттік құжат негізінде Ұлт Ұстазының артында қалған тарихи үйді «халық қазынасы, ел игілігі» деп танып, ұлттық нысанға айналдыру. Ұлттық рухтың ұлы тіні, ұлт көсемі, ұлағатты ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы, «тірі көзіндей болған үйін» қаз-қалпында сақтап, мемлекеттің дербес қамқорлығына алып, қазынадан қаржыландыру мәселесін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы қадағалауындағы сакральды тізімге енген «Қазақстанның киелі орындары» жобасы негізінде шешіп алу жағын шұғыл қарастыру керек.

Музей-үйдің ішкі көрінісі: экспонаттар залы. Фото: ашық дереккөз

  1. Расында да, ғазиз ғимараттың келешегін үкіметке тапсырмай тұрып Ахметтанудың ғылыми бағдар-әлеуеті жайлы сөз қозғау күлкілі сияқты. Қыстың сары аязында студенттермен бірге қарын күреп, күздігүні ауласын тазалау, басқа да шаруашылық жұмыстарын өзіңіз жүргізгеніңізді талай мәрте өз көзімізбен көрдік. Директор, ғылыми жетекші, ЖОО-да ұстаздық ету әрі қажет тұста техперсонал боп кету орта жастан асқанда оңайға түспесі анық.

– Жербесікке жамбасымыз тигенше қолдан келген амал-харкеттен аянып қалмайтынымыз – қасиетті қағида, баба рухы алдындағы серт.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде өз мамандығым оқытушылықпен қатар, қоғамдық негізде (айлықсыз) жұмыс істегеніме ширек ғасырдан асыпты. Сол аралықта табиғаттың төрт мезгіліндей түрлі жағдайды басымнан өткіздім. Ұлт мүддесіне арымен қызмет еткен тарихи тұлғаның әруағы үшін соңғы демім біткенше жұмыс жасауды Алла Тағалам нәсіп етсе армансызбын

Ақиқатында, ахметтанушы ретінде ғалымның шығармашылық мұрасын насихаттау бойынша кешенді ісшараларды ұйымдастыруды, әрі ғылыми зерттеу еңбектер (монография, оқу құралдары т.б.) жазуды тоқтатқан емеспін. Атап айтсақ: «А.Байтұрсынұлы көп томдық шығармалар жинағы», «Ғасыр саңлағы: А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны» , «Ұлағатты ұлт ұстазы» анықтамалық-көрсеткіші, «Ұлт ұстазы» және «Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы – қазақ халқының көсемі»   деректі фильмдері, Ахаңның алты томдық шығармалар жинағы, «Ахметтану мәселелері: ғылыми жинақ», «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» (Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі) деректі зерттеуі, «Ахмет Байтұрсынұлы» фотожинағы, т.б. бірқатар еңбектер жарық көріп келеді.

Міне, осы атқарылған жұмыстар топтамасын ғылыми айналымға түсіріп, оқу үдерісінде қолдану үшін кәсіби сарапшылар да, ғылыми қызметкерлер де керек-ақ. Ал, оларды тарту қаражатқа келіп тіреледі. Мәселен, сакралды тізімге енген бұл ғимаратты «Ахмет Байтұрсынұлы музейі экспозициясының ғылыми тұжырымдамасы және тақырыптық жоспары» жобасы деген атаумен жаңа форматта қайта жасақтау да кезек күттірмейтін мәселе. Оған жылдар бойы жинақтаған материалдар жеткілікті-ақ. Бірақ, қол қысқа...

1988 жылғы "Ақтаңдақтарды ақтау" науқаны кезіндегі Ахаңның ақталғаны жөніндегі анықтама. Фото: музей мұрағатынан

  1. Тарихи объектілер қатарына толық ене қоймаған Ахаңның көзіндей қадірлі қарашаңырағы көпке беймәлім, ақиқатқа ғана анық мехнатты күн кешіп келеді. Жағдайды түпкілікті оңалту үшін қандай шараларды қолға алған жөн?

– Иә, Қабанбай батыр көшесі мен Жамбыл көшесі аралығында орналасқан  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақты, музей ауласындағы ғалым бюст-ескерткішін де тарихи нысан деп танып, қорғауға алу керек. Себебі, осы саябаққа ғалым есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 1998 жылы берілсе де, әлі күнге саябаққа атауы көрсетілген белгі қойылмады. Тарихи тұлғаның есімі берілгеніне жиырма жыл өтті, бірақ Ахмет Байтұрсынұлы аты жазылған маңдайша (вывеска) әлі күнге ілінген жоқ. Тек, 2012 жылы қор тарапынан шағын белгі ғана қойылды, мұның өзіне Ахаңша айтсақ, «ызыңдап жүріп» әрең қол жеткіздік. Бұл дегеніңіз елдігімізге үлкен сын, себебі Алаш арысы Ахметтің аяулы есімі күллі түркі жұртына мәшһүр, тіпті мұхиттың ар жағындағы Америка құрама штатындағы Колумбия университеті профессорының жетекшілігімен 1967 жылы жарық көрген «Орталық Азия Ресей билеуінде» деп аталатын ағылшын тіліндегі ұжымдық зерттеуде: «Байтұрсынұлы шын мәнінде ең маңызды саяси тұлға болды», «Қазақ жазуының көшбасшысы» деген баға әрі фотосы берілген. Біз болсақ, Ахаң музейін әлі күнге мемлекеттік жасай алмай отырмыз. Сонда Ахмет Байтұрсынұлының музейі өзінің рухани шәкірті республикалық статустағы Мұхтар Әуезов, бүгінгі күні қала балансына қарайтын Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Дінмұхаммед Қонаев, Ахмет Жұбановтардың музейлерінен несі кем?!

1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі Алматы қаласының сол тұстағы әкімі З.Нұрқаділовтың «Қазақтың халық ағартушысы А.Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» №360 шешімі. Фото: музей мұрағатынан

  1. 26 жыл бойы заңдастырылмаған ғимараттың мүшкіл хәлі бүгінде толық жөндеуге сұранып тұр. Десе де, біздің білуімізше, бүгінде мұражайға иелік ететін Сергей-Серік Самыратұлы Байтұрсынов оны мемлекет қарауына беруге түбегейлі қарсы көрінеді. Қазақ шенеунігі деген атқа лайық туған Заманбек пен Иманғалидің шапағатын көрген қарашаңыраққа қазіргі биліктің бүйрегі неге бұрмай отыр? Әсілі билік өз қаулысын соңына дейін жеткізуде дәрменсіздік танытпаса керек-ті.

– Меніңше, мұражай деген ешкімнің жеке мұрагерлік мұрасы болмау керек. Ол бүкіл Қазақстанның мұрасы. Сондықтан ол бір ғана адамға тиесілі болып, бір ғана адамның басқаруында болмауы тиіс. Осы жерде жалақысыз, демалыссыз жұмыс істеп келе жатқаныма 26 жыл болды. Байтұрсыновтарға ешқандай туыс­тық жақындығым жоқ. Десе де, өзіме артылған сенім мен жауапкершілікті аяқ асты ете алмаймын.

Бұл жер сатып алынбаған, тек сеніп тапсырылған. Бұл үкіметтің қызметтік үйі, кезінде Ахметке берілген. Одан соң мұнда қызы Шолпан апа тұрды. Одан соң бұл ғимараттың басынан түрлі жағдай өтті. Бұл үйді алғашында жеке меншікке алған кезде «шығармасын насихаттаймыз, мұрасын дамытамыз» деп алған.  Дегенмен, мұрасын дамыту тұрғысында ешқандай әрекет жасалмады.

Қалай ойлайсыз, жалғыз адам осындай ғимаратты ұстап отыра ала ма? Менің арманым мен мақсатым – мұражай үкіметпен қорғалып, үкіметпен қаржыландырылатын болса. Бүгінде өзге мұражайлардың барлығындағы жағдай сондай. Кезінде Иманғали Тасмағанбетов ғимаратты үкіметтік етіп, 12 штат бөлетін болған. Қазіргі қамқоршысына үкіметке өтеусіз қайтаруды талап еткен. Бірақ бұл іс тағы да аяқсыз қалды. Коммуналдық төлемдерді жалғыз өзім төлеймін.

25 жыл өтсе де әлі күнге мұражай тіркелмеді. Сол кездегі әкімдік тарапынан қабылданған шешім орындалмай отыр. Десе де, үміт үзгіміз келмейді. Араға 25 жыл салып, заңдастырылып жатса, мұражай деген атақ берілсе, «қоғамдық қор» деген­нен құтылар едік. Қор 1994 жылы құрылды. Ал әкімдіктің шешімі1993 жылы қабыл­данған болатын.

2017 жылдың 27-ші қаңтары вице-примьер Иманғали Тасмағамбетов Ахаңның музей-үйіне арнайылап ат басын бұрып, шұғыл қолға алу шаралары туралы айтып еді. Фото: ашық дереккөз

P.S.: Қалың Алаштың әліпбиі мен әліппесін түрлеп, әдебиетінің теориясын түзген, ЖОО-ның іргесін көтеріп, мемлекеттілік институтын негіздеп, өткенін түгендеген... ұлт ұстазы Ахаңның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихи жәдігері музей-үйі Үкімет қамқорлығына алынып, бап пен күтімде болуы – аса маңызды сауапты іс. Ахаң қатарлы перзенттері бар өзге халықтар тұрған үйінен бөлек тартқан шылымына дейін әспеттеп, төбесіне тұтады. Тіпті, танымдық-мәдени мәнде туристік маршрут нысанына енгізілген. Ал бізде ше? Алаштың ардақтысы, мұқым ұлттың бағына жараған Ахаңның қарашаңырағы ұрпағының қабағына қарап, алақан жайып тұр. Тарихы мен мәдениетін жауһарым деп білетін ешбір өркениетті ел мұндай масқаралыққа жеткізбес еді. Қарның ашады.

P.S.1: Ұлт ұстазының табаны тиіп, алақанының табы қалған жалғыз шаңырақты заманауи инновациялық музей стандарттарына негіздеу, «Қазақстанның қасиетті ме­кен­дері» тізіміне лайықты трансформациялау өте маңызды. Десек те тұрақты әрі сенімді қаржыландыру көзі болмағандықтан ғимараттың күтіміне техперсоналдарды ұстау қиынға соғып, ғылыми қызметкер шаруамен де шұғылданып, жертөлесін коммуналдық шығындарға жамау болсын деген ниетпен жалға беріп отыр. Сиырқұйымшықтанған бұл жағдай қашанғы созыла бермек? Ертең қандайда бір белгісіз себептермен жекешеленіп кетсе, ұлт перзентінің шаңырағының орнын сипап қалардай күн туса – билік пен қоғам ар соты мен кейінгі ұрпақ алдында қылмыс жасаумен тең. Байтұрсынұлы музей-үйінің бар үміті, бүгіні мен болашағы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қарап тұр, жұрт одан мәдени-тарихи мекеннің бағын ашар батыл қадам күтеді.

Түрколог ғалымдардың жоғары бағасын алған Байтұрсынов графикасы. Фото: ашық дерекккөз

Тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының реформаторы Ахаңның көрме залы. Фото: ашық дереккөз

"The Qazaq Times"