Бүгін еліміздің бірнеше қаласы Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау, Тараз және елордасында қоғам белсенділері  «қытай экспансиясы» мен 55 зауыттың салынуына қарсылық танытып, жаңаөзендіктердің бастамасын қолдау шараларын өткізді.

Түске дейін өткен жиындарда азаматтық қоғам өкілдері мен тұрғындар Қазақстан билігіне қытайлық кәсіпорындардың келмеуін, мемлекет басшысы Тоқаевтың 11-12 қыркүйек күндеріне жоспарланған ҚХР-на іс-сапарынан бас тартуын талап етті.

Сағат 10:00 шамасында Алматы қалалық әкімдігінің алдына жиналған отыз шақты азамат өз пікірлерін білдіріп, бұқаралық жиын бастамашысы жаңаөзендіктерді қолдайтынын жеткізді. Наразы топтың ішіне қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков келіп, көпшілікті компрамистке келуге шақырып, ішке кіруін әрі сонда ұсыныс-талаптарды қағазға түсіруін сұрады. Әйтсе де жиындағы азаматтар «әкімнің ортаға келсін, халықтан үлкен емес» деп бас тартты. Артынша қала әкімі Б.Сағынтаевтың орынбасары «Болашақ» түлегі Сапарбек Тұяқбаев Қазақстандағы қытайлық 55 жобаға қатысты түсініктеме беріп, «әрбір жобаның өз маңызы бар, оны егжей-тегжейлі түсінідіріп бере аламын» деп, экономикалық-инвестициялық қарым-қатынастың «қажеттілік» уәжін айтуға тырысты. Шараға белгілі журналист, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы келіп қосылып, «жаңаөзендіктердің талабын бүкіл ел болып көтеруге» үндеп, 7 қыркүйек өтетін Халық құрылтайына қатысуға шақырды. Жиын барысында «саяси тұтқындарды: Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев...» дереу босату, қаладағы «Қытаймен байланысы бар мектептерді жабуды» қолға алу мәселелері көтерілді.

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков наразыларды ғимарат ішіне кіруге шақыруда. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

Стихиялы түрде өткен жиында жазушы Талғат Айтбайұлы өзінің өткір пікірін білдірді. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

Қытай экспансиясына қарсы өз ұстанымын білдіргендердің арасындағы егде жастағы азаматтардың бірі 83 жастағы Күлпаш Шаймерденова. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев наразыларға 55 жобаның бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беруге дайын екенін айтты. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

Ал Ақтөбеде таңертеңгі 10-дар кезінде облыстық әкімдіктің алдына жиналған жүзге жуық азамат «қытайлық зауыттарға қатысты жобаға түпкілікті түрде тыйым салынсын» деп талап қойды. Азаттықтың хабарлауынша, мұнда да елде «Қытай жобаларының қаптап бара жатқанын» сынаған азаматтар арасына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова және өзге де шенеуніктер шығып, «бұл рұқсат етілмеген жиын» деп жұртты таратуға тырысқан. Алайда наразылық білдіруші топ шенділердің ескертулеріне құлақ түрмеді.

Дәл осы мазмұндағы қарсылық акциялары Шымкент пен ел астанасында да өтті. Жиында «Қытай экспансиясы», «Жаңаөзендіктерді қолдау», «Жемқорлықтың етек жаюы», «Отыздыққа талпынған елдің күні екі сиырға қарауы», «Әділ мемлекет», «Шыңжаң қазақтарының қысым көруі», «Биліктің рұқсатынсыз талабын ашық білдіру» т.б. тақырыптар сөз болды.

Сонымен қатар осы сипаттағы шеру өткен өңірдің бірі Ақтау. Қаланың 11 ықшам ауданында орналасқан «Ынтымақ» алаңына жиналған жүздеген жаңаөзендіктерді қолдайтынын, «Қазақстан жері баршаға ортақ» екендігін айтып, «қытай зауыттарына қарсымыз» деп айқайлады.

Ақтау қаласының Ынтымақ алаңында да жаңаөзендіктерді қолдау акциясы өтті. Алматы қаласы. 4 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Lada.kz

Өскемен қаласында он шақты адам саяси тұтқындар мен Қытай экспансиясын қарсы мәндегі баннерлер ұстап шықса, Қарағанды орталығында спорт саласының өкілдері мен ерікті азаматтар Жаңаөзен бастамасын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Тараз қаласының әкімдік алдындағы Достық алаңында белсенділерден құралған бір топ азамат "Біз де қытайлық 55 зауыттың елімізге әкелінуіне қарсымыз, бұл біздің азаматтық борышымыз" деп жаңаөзендіктермен бірге екенін мәлімдеді.

55 қытайлық жобаны Қазақстанда жүзеге асыру мәселесі тамыздың соңынан бері қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап келеді. Жалпыхалықтық сипат ала бастаған наразылықтарда түске дейін  құқық қорғау органдары тосын әрі өрескел әрекеттерге бара қойған жоқ. Алайда сағат 13:00 шамасында Көкшетау қаласының орталығындағы Абылай хан ескерткіші маңына жиналған бір топ орта-егде жастағы азаматтарды ұзақ тұрғызбай, "5-10 минут ішінде келген полиция" наразыларды алып кеткен. Бүгін ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігі Жаңаөзенде заңсыз митинг ұйымдастыру шараларының жолын кесетінін мәлімдеді.

Айтпақшы, 4 қыркүйекте Жаңаөзен қаласының әкімі қызметіне 49 жастағы Ибағаров Мақсат Оңғарбайұлы тағайындалды. Кадрлық ауыс-түйістің үш күндік Жаңаөзен протестеріне қандайда бір байланысы бар ма деген сұрақтың басы ашық қалып отыр.

"The Qazaq Times"