Моңғолияның президеті Қалтыма Баттұлға мен Моңғолия Ұлы Құрылының депутаты Мұрат Дәкейұлы екеуінің ұлттық киімдерімен түскен осыбір фотосы көзге соншалық жылы ұшырайды. Бір-біріне құрметпен қарап, берекелі өмір сүріп жатқан бауырлас қазақ-моңғол екі халықтың символы секілді.     

Бұл суреттің өз тарихы бар. Ұлттық киімді Мұрат Дәкейұлы 2017 жылы Қалтыма Баттұлғаны ұлықтау рәсімінде киіп барған. Салтанатты шараға шетелдік мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері және белді саясаткерлер мен дипломатия корпусының өкілдері қатысқан. Олар осы шапан мен бөрік арқылы Моңғолия билігінде, ел саясатында өз орны бар қазақ дейтін ұлтты таныды. Қазақ-моңғол халқының бірлігін сезінді.

Тарихи мұрағаттарда Дәуітбай деген кісінің 1924 жылы құрылтайға қазақ киіммен қатысқаны айтылып қалады. Одан бері де бір ғасырға жуық уақыт өтіпті. Бүгінгі ХХІ ғасырда ұлт айшығын парламенттегі халық өкілі жалғап жатқаны тарихи сәт деп бағалауға лайық көрініс. Бұл мақтау емес. Екі халықтың, билік пен үкіметтің арасына дәнекер болып жүрген азаматтың шынайы көңілден туған ісіне тілектестік таныту.

Бүгінде Моңғолияның Ұлы Құрылында үш қазақ депутаты бар. Соларың ішінде Мұрат Дәкейұлы ғана ұлықтауға ұлттық киіммен барған екен. Өйткені, ол парламентке демократтар партиясы атынан сайланған жалғыз қазақ депутат. Киімнен демократтарға тән еркіндікті де байқайсыз. Сондай-ақ, ол ұллтық болмысы дәстүріне құрметпен қарап, өз деңгейінде дәріптеп жүретін азамат. Бүгінде Мұрат Дәкейұлы парламенттегі Қазақстан-Моңғолия депутаттық тобының жетекшісі. Соған орай, ол жұрт игілігін көздеген істерге бастамашы болып, қолдау көрсетіп жүрген саясаткер. Биылғы маусым айынан бастап Нұрсұлтан-Ұланбатыр арасына тікелей әуе жолы ашылып, SCAT компаниясының ұшақтары қатынай бастады. Бұл жағдай екі ел арасында барыс-келіске жақсы серпін берді. Бұрын Еуропадан және өзге шетелден қатынайтын жолаушылар Ұланбатырға Мәскеу, Бішкек арқылы ұшатын. Қазір тіке әуе жолы оларға қолайлылық тудырды. Осы іске үлес қосқан Мұрат мырза енді Өскемен-Баян-Өлгий арасына төте ұшақ қатынау мәселесіне де атсалысып жатыр. Бастама жүзеге асса екі арадағы қандастардың, туристердің жолына көп ыңғайлы болар еді.

Фотодан Моңғолия президенті Қалтыма Баттұлғаның да емен-жарқын бейнесін көреміз. Шын мәнінде ол қазақ халқына оң көзбен қарайтын кең пейілді адам екенін білдіріп келеді. Осыған байланысты, тағы бір жаңалықты айта кетейік. Қазір Мұрат Дәкейұлы Моңғолия президенті туралы жазылған кітапты қазақ тіліне аударып жатыр екен. Бұны қазақ депутатына және қазақ халқына көрсектен үлкен сенім десек болады. Сонымен бірге, кітаптың қазақ оқырмандарына берері көп. Өйткені, Моңғолия президенті Қалтыма Баттұлғаның өмірбаяны өте қызықты. Ол жас кезінде спортпен шұғылданып, самбо күресінен әлем чемпионы болған азамат. Моңғолия спортына еңбегі сіңген қайраткер...

Осыбір қарапайым, адамгершлігі мол президенттің жақсы қасиеттері көп. Ол әрине, Мұрат мырза аударып жатқан кітапта кеңінен баяндалмақ.  Президенттің жас кезінде жеке кәсіп бастауы, киім-кешек тігіп сатуы, электроника бизнесін дамытуы, кәсіптің басқа да салаларында жетістікке жетуінің бәрі қазақ жастары үшін үлгі боларлық дүние... Киім-кешек тігуді бекер айтып отырған жоқпыз, Қ.Баттұлға шебер суретші және ісімер де адам екен. "Жігікте жеті өнер де аз" деп осындай кісілерге қаратып айтса керек...

Аударма туралы тағы бір жағымды жаңалықты қоса кетейік. Естуімізше, Мұрат Дәкейұлы "Моңғолдың құпия шежіресі" атты еңбекті қазақ тіліне аударып, оқырмандарға ұсынбақшы. Сонымен қатар, Рашид ад Динның “Жамиғ ат-тауарих” еңбегін моңғол тіліне аудару ісін де қолға алуда. Моңғол-қазақ халқының тарихи тамырластығы сонау арыдан бастау алады. Шыңғыс қаған заманында бір ұлыс болған. Осыған байланысты тағы бір игі істің шетін құлағымыз шалды. Мұрат Дәкейұлы кезінде Шыңғыс қағанның өкіл әкесі болып, елін бүтіндеуге қол ұшын созған, қуатты Керей хандығын басқарған Тұғырыл хан туралы да үлкен бір игі іске бастамашы болып жатыр екен. Бұл да екі елдің ортақ игілігіне жарайтын келелі іс болады деп сенеміз...

Бүгінгі Моңғолиядағы кең саясаттың арқасында, ондағы қазақ халқы тілін бұзбай, салт-дәстүрі мен мәдениетін тұнық сақтап келе жатыр. Моңғол-қазақ – кешегі киіз туырлықты, көшпенді халықтың ұрпақтары, бүгінгі дамуға қадам басқан өміршең мемлекеттің иелері. Бауырлас халықтардың береке-бірлігі жасай беруіне тілектеспіз.

Мағаз Шегетай

"The Qazaq Times"