Қазақстандық шенділер соңғы кездері әлеуметтік масылдық туралы жиі айтып, «теріс әдетті» айыптап та жүр. Биыл құқықтық сауаты артып, тұрмыс қажытқан соң жанды жеріндегі жара аузы жарылған соң жұрт биліктен баспана мен жұмыссыздық мәселелерін түпкілікті түрде шешуді талап ету күшейе түсті. Екі тараптың ортақ ымыраға келе алмағанын осыдан-ақ байқауға болатындай. Масылдық интерпретациясы шенеуніктер арасында трендке айналған тәрізді.

Білгір википедия масылдықты «арамтамақтық, жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдылану, арам тамақ болып, кесірін тигізу» ретінде «қазіргі қазақ тіліндегі» инвариациясы екенін айтады. Қысқасы, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай жердегі олжаға дәмелі, жалқау әрі жылпостың ісі. Хош.

Енді шенділер мен биліктік БАҚ-тың масылдық ұғымын тәпсірлеудің биылғы нұсқасын байыппен таратып айтайық.

4 ақпандағы астаналық бір отбасының бес баласы опат болған өрттен кейін аналар наразылығы күшейе түскен кез. Екі жұманың өзінде бірнеше қарсылық жиындары болды. Белсенді аналарға қысым жасалғандығы туралы да ақпар тараған еді. Көп ұзамай 21 ақпан сол кездегі ҚР президенті қызметіндегі Н.Назарбаев «ел үкіметі отставкаға кетуі тиіс» деп мәлімдеме жасады. Ол күзден бергі Сағынтаевтың жетекшілігіндегі үкіметті «экономикада оң өзгерістер болмады», «ІЖӨ тек шикізат есебінен өсіп жатыр», «жұмыс орындары аз құрылып жатыр», әсіресе, «ауылдарда жұмыс орындары аз», «халықтың табысы өспеген», «азық-түлікке кететін шығын көбейген», «шағын және орта бизнес өскен жоқ», ең бастысы жауаптылар «халықтың мәселесін тыңдай алмайтыны» т.б. себептерімен таратқанын айтты. Сөйтіп сол күні-ақ «халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс» деген міндеттеме алған жаңа үкіметтің басшысы ретінде А.Мамин тағайындалғаны есімізде. Бірақ, жасақталған «жаңа» үкіметтің құрамы әдеттегідей «ескі» кадрлармен жүргізілді. Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейдінің кері келді.

27 ақпан Астанада (атауы өзгермеген кезі) «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған кезекті  ХVІІІ съезі өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайындағы төрт мыңға жуық қолдың қошеметі жаңғырып, Н.Назарбаев «көптен күткен» мәлімдемесін жасады.

«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көп балалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», – деді президент. Ел көңілі бір серпіліп, қыс ауасындағы толғағы қатар келген қасіреттерден кейінгі медеу болғандай еді. Елбасы  елінің жайына болысты дескен жұрт «апырайлап» мәз болысқан-ды.

*** 

12 сәуір Қазақстанның уақытша президенті қызметіндегі Қасым-Жомарт Тоқаев маңғыстаулықтармен кездесу барысында әкім-қаралардың ысырапшылдығы мен жағымпаз-жарамсақтығы туралы сөз қозғап, мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырату жайына ерекше назар аударған еді. Масылдықтан арылуға шақырды көпшілікті.

Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі, – деді қырат гүлдеп жатқан тұста.

Абай айтқан бес әдетке асық болуды үндеген ел басшысы Тоқаев Жаңаөзен қаласының жастары жұмыссыз отыруын, жағдайы жұпыны жандарға қолдау көрсету мәселелерін қозғады. Бірақ, бір қызығы Тоқаев іссапарынан ай ілгері бұрын жұмыс орындарын талап еткен жаңаөзендік жастар үнін жеткізіп жүрген Азаттық тілшілері бірнеше рет ұсталып, тіпті сот айыппұл өндірген еді. Жұмыс талап етіп, Тоқаевқа бейнеүндеу жолдаған бір топ жігіттер тобының белсендісі істі болғаны бар.

***

Сайлау қарсаңында 2 шілде күні Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев биылғы 1 сәуірден бастап жаңа форматта төлене бастаған АӘК-ні тағайындау кезінде еңбекке қабілетті «азамат жұмыс істемесе, онда біз АӘК төлеуді тоқтатамыз. Осындай талап пен заң бар», – деген еді.  Ақтаудағы Қ.Тоқаевтың масылдық-мұқтаждық туралы сөзін келтірген экс-министр «Ең бастысы – біз масылдыққа жол бермеуіміз керек. Адамдардың үйде жатып, 100 мың теңге немесе 180 мың теңге көлемінде АӘК алуына мүмкіндік бермеу керек. Сондықтан да, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, АӘК төлеуді қысқартамыз», – дегені бар.

*** 

Қазір елімізде 340 мың отбасы немесе 1 миллион 800 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады. 23 тамыз вице-министр кейбір отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасу, мүлікті жасыру т.б. түріндегі алаяқтыққа баратынын айтты. Нақты кірісі 200 мың теңге отбасылар құжатта 40 мың шамасында деп кеміткен деседі ведомство қызметкерлері. Осындай күдікпен 70 мыңға жуық отбасылардың шынайы кірісін айқындау бойынша мониторинг жүргізіліп жатыр екен.

Осы орайда үкімет басшысының орынбасарлық қызметіне жаңа кіріскен Сапарбаев халық мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуі керек екеніне тағы бір мәрте тоқталды. «Көмек нағыз мұқтаж адамдарға ғана берілуі керек. Егер бәріміз масыл болып кетсек, ертең болашағымыз не болады? Мемлекетіміз қалай дамиды? Сондықтан масылдық болмауы тиіс. Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс істеуі керек. Оған барлық мүмкіндік бар», – деді вице-премьер.

АӘК үшін бөлінген 103 миллиард теңге қайсыбір күмәнді тұлғаларға үлестірілген болса, сот арқылы өндіретіні туралы да жариялап үлгерді министрлік.

«Әлеуметтік көмектің арқасында отбасылардың табысы, былтырғымен салыстырғанда, екі есеге өсті. Бұрын бір отбасыға бөлінген атаулы әлеуметтік көмек 30 мың теңге болса, қазір 88 мың теңгеге жетті», – деген Б.Сапарбаевтың сөзі сандық тұрғыда жақсы боп көрінгенімен, шынтуайтында көңіл көншітпейді.

– Егер біз осыны пайдаланып, жұмыс істемей масыл болып кетсек,  болашағымыз қалай болады? Жастарды қалай тәрбиелейміз? Бұл жерде масылдық болмауы керек, – деді ол.

*** 

Сайлаудан соң тамыздың 21-і ел астанасында өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің жиынында партия лидері, экс-президент Н.Назарбаев биліктен жәрдем сұраған көпбалалы әрі тұрмысы мүшкіл отбасыларды сынап, «...Қазір сол отыз жыл бұрынғы ұранды көтеріп, «маған бер, менің балам көп, айлығым аз» дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой» деді. Қымбатшылық пен тұрмыстың тауқіметінен ашынған аналар жыл басында ғана ел ахуалын дамыта алмады деп үкіметті мінеген Назарбаевтың бұл пікірі шамына тигенін, мұндайды күтпегенін айтты Азаттық қызметіне. Сондай-ақ, жиындағы экс-президенттің «Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра» деген тұрмыс хәлін оңалту туралы кеңесі қоғамда қызу талқыға түсіп, коммуникацияда сарказм сипаттағы мемге айналып кетті.

*** 

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыссыз адамға жәрдем берсек, еңбектеніп салық төлейтін азаматтар ренжиді деген пікірін білдірді. 24 тамыз күні Хабар агенттігіне берген сұқбатында «біздің негізгі мақсатымыз – халыққа  қармақ беру. Балық емес. Бір күні жеп тастайсың бәрібір бітеді. Өз адал еңбегімен көп адамдар жұмыс істеп жатыр», – деді ол. Ел ертеңіне алаңдаған Бауыржан мырза  «Біреуге тегін берсең, онда бәріміз жұмыс істемей отырайық. Онда не боламыз ертең? Сондықтан, мен ойлаймын адамдардың білімін, мәдениетін көтеру керек. Түсіндіру керек» деп, мәселенің шешімін де ұсынды.

***

Хабар агенттігі демекші 21-і күнгі кешкі жаңалықтарда Назарбаевтың көпбалалы отбасылар мен оралмандарға қарата жасаған мәлімдемесіне қатысты сюжетте тілші «Масылдық соңғы уақытта қазақ қоғамының теріс мінезіне айналып барады. Ежелден еңбек еткен халықты жалқаулық неге жайлап барады?» деп «тың» тақырыптың көбесін сөгіпті. Сонымен қатар журналист Гүлжан Марқабаева дайындаған материалда «Елбасы тағы бір мәрте адал еңбекке үндеді» деп қорыта отырып, өзінің субъективті позициясын танытады.  Көпбалалы әйелдердің ашынған жан айқайын «масылдық» деп бағалау – журналистің бұқараға қарай емес, бүйрегі сарайға бұратынын байқататындай. Ерте көктем мен сарша тамыз арасындағы бір ғана көпбалалылардың оннан астам наразылық жиындары қоғамның емес, сірә, жүйедегі қордаланған мәселелерден хабар берсе керек-ті, әріптес. Ел өз құқығын талап қылуға берісі мұқтаж, арысы құқылы.

Әсілі, шын масыл кім..?

Масылдық психологиясын мұқтаждықтан, механизмі мөлдір әрі қайтымды реакцияға негізделген орнықты әлеуметтік саясаттың жүргізілмеуінен туатынын да ескерген жөн болар. «Меншігінде үш қабатты коттедж бен автокөлігі бар азаматтарға АӘК төленіп кеткен жағдайлар да болған» деп оқырынған жауапты органдар бұған қалай жол бергенін әуелі өздері түсінуі һәм түсіндіруі тиіс. Масылдықты негізсіз көпке таңа бермей. Дұрыс, қоғам болған соң оның әралуандылық сипатына орай, ұрымтал тұста оңай олжаға кенелгісі келетіндердің табылары сөзсіз. Егер мұндай факті тіркелсе, бағдарламаны толық ойластырмай, шала әзірлеушілер де айыпты дегені емес пе? Дағдарыс дүниені қыспағына алған қиын шақта бизнеске икемделіп үлгермеген елдің күнкөрісіне демеу болған азын-аулақ жәрдемді бұлдау, шенділердің масылдық челленджін жүргізуі тек қарсылық тудырады. «Күніңнің кісіге қарағаны құрысын» деп білетін қазақты жалқаулықпен жатырлас етіп көрсету ешкімге опа бермесі қанық жайт.

АӘК әуелі мұқтаж отбасының балаларына берілетінін ескерсек, бала – біздің басты байлығымыз, жалғасымыз, ертең бізге зейнет көрсететін субъекті. Бір шоғыр «айналып өтушілердің» әрекетінен кінәрат іздеп, «бұқара масылдыққа салынуда» деп айыптай бергеннен гөрі бұған не себеп айдап әкелуде деген сауалға ден қойған дұрыс. Социолог-экономистер мен дербес саясаткерлердің пікірі осыған саяды. Еңбек «мәнді өмір» идеалы ретінде ұлықталмай, әр күні әр жерден жемқорлық жайлы «жаңалық» берілсе, барлық сала бойынша шынайы еңбекпен көктегендер насихатталмаса, көше бойы арзан табыс «букмекерлер» мен «ломбард» қаптаса, орташа жалақы министр мен еден жуушының қосындысымен есептелсе, көлеңкелі құпия жолдармен тез байитындар көбейсе, дәулеттілер жариялылыққа көнбесе, еңбекақы мардымды болмаса, шенеуніктер ашықтыққа келмесе... қалайша еңбекқор қоғамға айналмақпыз?

Дамыған-өркениетті елдерде «халық мемлекетке масыл болмайды» дейтін бірқатар шенділерден әуелі көңілге қонымды, реалға негізделген, бүтін бұқараны қамтитын тау бұлағындай мөп-мөлдір еңбек жүйесін қалыптастыруын сұраймыз. Одан кейін жайдан-жай алақан жаюшы азаматтар саны  сиремесе, көбеймесі анық. Тұтас жұртта жалқаулық жайламасы – анық. Масылдық мінез тоғышарлаққа, арысы мешкейлікке алып келеді. Елге шапқат сыйлайтын жауапты орында отырып өз үддәсінан шыға алмау да – масылдық екенін «бұқаралық масылдық туралы» жиі айтатын шенділердің есіне салғымыз келеді.

Абай «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!» деп опынады. Көп тілеуі – қайткенде де бұ деңгейге түспеу. Мейірлі бай еңбексүйгіштен шығады, жай байынан, шенді байы көп ел қашанда қауіпті.

"The Qazaq Times"