Мәліметтерге сай, төрт реткі «Жусан» операциясы барысында Сүриядан 400-ге жуық бала елге жеткізілді. Әрине, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ...». Елдікті танытып, елдіктегі кеңдікті танытып, адасқан ағайынды елге қайтарып, бір қазақтың баласы болса да жат топырақта жанарын жәудіретіп қалдыруды қаламадық. Дегенмен, адасқан азаматтарды, өзі болмаса бала-шағасын елге жеткізе салумен шаруа біте салмайды. Себебі, олардың жат топыраққа той тойлап немесе саяхаттап кетпегені жұртқа мәлім-ді. Олар жат ағымдардың, залалы мол, зобалаңы көп экстремистік топтардың арбауына түскендіктен, қоғамымызды ондай індеттен таза ұстау үшін де елге қайтарылған азаматтармен аз болмаған жұмыс алып баруға тура келеді. Әсіресе, олардың жас балаларына жүйелі әрі ғылыми түрде көмек көрсету тіпті де керек.

Өкініштісі, қоғамда қазір «Жусан» операциясы арқылы елге әкелінген азаматтар туралы терең түсінік жоқ десек те болады. Олардың жат ағымға қаншалықты уланғанын, балалардың санасында экстремистік пиғылдың ұрығы себілген бе, жоқ деген сауалдардың жауабын білмейміз. Сондықтан да, «Жусан-4» операциясымен елге келген балалармен жұмыс жүргізген дінтанушы, маман Балғабек Әбдіқайымұлының мына бір жазбасын сайт оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Қоғам назарын аударатын мәселе. Фото: ҚазАқпарат.

Дүниеге кеше ғана келген, өрімдей жас бала болғанына қарамастан, олардың қойған сұрақтары мен тартқан тауқыметтері кез келген адамды терең ойға тартады.

Сириядағы соғыс аймағынан оралған 7 жастағы бала менен «Ахи, неге сенің сақалың жоқ, кәпірлер қырып тастады ма не?» деп сұрады. Әрине, бала өзіне үйреткенін айтады. Ал осы балаға сақалы жоқ кәпір дегенді кім үйретті? Жалған жихад жолында адасып жүрген ата-аналары өкінішке орай балаларының санасын осы секілді қате мәліметтермен толтырып тастаған. Балалар 6-7 жасында қолына қару ұстап көргендерін, әкелері оны қалай пайдалануды үйреткендерін жарыса мақтанып айтып жатты. Сондай ақ, «Бәладқа» бармағандар мұсылман санала ма деген сұрақ қойды.

Ең ауыры, олардың әкелері жоқ. Әкенің мейірімін сағынғаннан болар, 4-8 жас арасындағы сәби балалар мені көргенде маған қарай жарыса жүгіріп біреулері арқама шығып, енді біреулері тіземе жастанып еркелегілері келіп жатты. Ата-аналарының кесірінен тағдырдың тауқыметін ерте шеккен, балалық балғын шақты ойынмен емес жарылған снарядтар мен бомбалардың  ішінде өткізген сәбилер Қазақстанға келіп, тыныштық пен бейбітшілікті көріп жадырап жүгіріп ойнап жүр. Соның өзінде жүздерінен: «Ішімдегіні тауып ал, көп нәрсені айта алмаймын» деген хал байқалады.

Абдуррахман атты бала әкесін сағынғанын, дегенмен оны енді көрмейтінін, себебі, шахит болғанын салқынқандылықпен айтып бергені,  өмірдің оны ерте есейткенін білдіреді. Әкесімен жұмақта кездесетініне сенімді. Әркімге өзінің әкесі асқар тау, кез келген қиындықта пана болар қамал болып көрінері хақ. Сондықтан болар, сенің әкең қате жолда кеткен деп айтып баланың жүрегін жаралағым келмеді.

Санасына Сириядағы өмір сіңіп қалған баланың тағдыры бір жағынан аянышты, бір жағынан өмір бойы бақылауды талап ететін мәселе. Аштықты көрген, жауған оқтың астынан еңбектеп өтіп кеткен, жасы әлі 10-ға толмаған балаларды өзіміздің күнделікті қоғамға бейімдеу біраз шаруа екендігі түсінікті. Бұл балалар Құран аяттарын жаттап, қате болса да діни үкімдерді үйренген. Сондықтан, олармен психологтармен қатар, дін қызметкерлері (имамдар мен теологтар) да үзбей жұмыс жүргізіп отырулары қажет.

“The Qazaq Times”