Қырғызстанда билік транзиті неге Назарбаев және Путин сценарийі бойынша жүрмеді?

Қырғызстандағы билік тарнзитін Алмазбек Атамбаев 2016 жылы бастады. Сол уақытта президент болып тұрған ол, өзінің алдында болған әріптестері жүріп өткен жолды толықтай зерттеп, зерделеді. Ресей мен Беларуське қоныс аударған Ақаев пен Бакиев билік жүйесін толықтай өзгертіп, өзіндік транзиттік кезең платформасын жасады. Ол осы жолда Назарбаев пен Путин сценарийіне ұқсас жүйе қалыптастыруға ұмтылды. Конституцияны өзіне ыңғайлы етіп өзгертті, билік партиясы мен танымал ақпараттық ресурстарды уысында ұстады, негізгі басқарушы билік органдарына өз адамдарын қойды. Бірақ осының барлығына қарамастан Атамбаев жүйесі үш жыл ішінде тас-талқан болды. Асқар Ақаевтан бастап, Құрманбек Бакиев, Роза Отумбаева сияқты өзіне дейінгі үш президенттің үшеуімен де белгілі бір дәрежеде бірге жұмыс істеген Атамбаев неден қате жіберді? Экс-президент құдай қосқан көршісі Қазақстан мен одақтасы Ресейде болған билік транзитін неге қайталай алмады? Жауап біреу, мұрагер Жээнбековтың амбициясы Атамбаевтан асып түсті.

Жоғарыда айтқанымыздай, Алмазбек Атамбаев 2017 жылы болған президент сайлауына дейін барлығын билік транзитіне ыңғайластырып жасап қойды. Сайлау науқаны кезінде мұрагері, ұзақ жылдардан бергі үзеңгілес досы болған Сооронбай Жээнбековты ертіп жүріп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Әкімшілік ресурсты толығымен пайдаланды. Жээнбековтың сайлау алдындағы 4 пайыздық рейтингі әп-сәтте 40 пайызға бір-ақ көтерілді. Ақыр соңында Жээнбеков 54,22 пайыз дауыспен су жаңа президент болып шыға келді. Бірақ Атамбаев пен Жээнбеков тандемі Ресейдегі Путин мен Медведев бірлестігінің саяси сиқырын қайталай алмады. Бастапқыда су жаңа президент экс-басшыға «Қырғызстан Республикасының батыры» атағын беріп, қолдап, қолпаштап Ақ үйден шығарып салғанымен, кейіннен екі лидер арасында бақталастық басталды. Күресті Атамбаевтың өзі бастады. Экс-президент апта сайын баспасөз мәслихаты мен митинг өткізіп, Жээнбеков билігін жерден алып, жерге салды.

Атамбаев пен Жээнбеков қарым-қатынасы 2018 жылдың 28-ші наурызынан бастап түбегейлі үзілді. Дәл осы күні бұрынғы және қазіргі президент жабық есік жағдайында кездесу өткізді. Олардың онда не жөнінде келіссөз жүргізгені белгісіз. Кездесуден кейін үш күннен соң биліктегі Социал-демократиялық партияның жабық құрылтайы өтті. Оған Сооронбай Жээнбековтың інісі Асылбек Жээнбеков пен президент отбасына жақын Ескендір Матраимов шақырылмады. Жиында Атамбаев партия төрағасы болып тағайындалып, 2020 жылы өтетін парламент сайлауына дайындықты бастайтынын айтты. Атамбаевтың бұл шешімі Жээнбековқа қарсы жасалған қадамдардың ең алғашқыларының бірі болды. Себебі өзі президент болып тұрғанда ол Конституцияны өзгертіп, билік тармақтарының негізгі күшін премьер-министрдің еншісіне ауыстырған. Яғни, ол парламент сайлауында жеңіске жетіп, алдағы уақытта үкімет құрамын жасақтауға ниетті екендігін білдірді. Бірақ Атамбаевтың партияны Жээнбековқа қарсы пайдалану жоспары абсурдтық деңгейге жетті. Ол «Социал-демократиялық партия бұдан былай оппозицияға өтеді» - деп мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда қазір билікте көпшілік орынға ие болып отырған партия өз-өзіне оппонент болды. Осылайша ол 90-шы жылдары өзі құрған партияны екіге жарды.

Атамбаев су жаңа президент командасына қарсы ашық майданға шығып, БАҚ беттерінде түрлі материалдар жариялап жатқанда Жээнбеков үнсіз қарсылық тактикасына көшіп, сахна артындағы текетірес ойынын жүргізуге кірісті. Ол осы уақытқа дейін Атамбаев тағайындап кеткен кадрлардың барлығын орындарынан алып, қысқа уақыт ішінде үкімет, президент әкімшілігі, күштік құрылымдар мен қауіпсіздік кеңесі мүшелерін толықтай тазартып, өз адамдарын қойды. Бұл  мәселеде оған Бішкек жылыту қазандығына қатысты іс үлкен көмек болды. 2013 жылы Атамбаев президент болып тұрған тұста Қытайдың Экспорт-импорттық банкі Қырғызстанға Бішкек жылыту қазандығын жөндеуден өткізуге 386 миллион доллар несие берген. Келісім бойынша, құрылысты Қытайдың ТВЕА компаниясы жүзеге асыруы тиіс болған. Бірақ модернизациялық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, 2018 жылдың қаңтарында қазандықта авария болып, Бішкек қаласының тең жартысы жылусыз қалды. Осыдан кейін прокуратура тексеру жұмыстарын бастап, алғашқылардың бірі болып Атамбаевтың оң қолы саналаған сол кездегі премьер Сапар Исаков қызметінен кетті. Кейіннен оның үстінен «Қытай компаниясының мүддесіне жұмыс істеді» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, Бішкек жылыту қазандығы мәселесіне байланысты 30 шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олардың барлығыдерлік Атамбаевтың тұсында билік басына келген атқамінерлер. Бір сөзбен айтқанда Атамбаев-Жээнбеков текетіресі кеше немесе бүгін басталған дүние емес. Бұл күректей үш жылға созылған саяси тартыстың жалғасы. Атамбаев абақтыға жабылып, үстінен том-том іс қозғалғанымен бұл текетірес жақын уақытта аяқталады деп айту қиын.

Негізі Атамбаевтың Назарбаев пен Путин үлгісіндегі билік транзитін қайталай алмауының тағы бір себебі Қырғызстандағы кланаралық тартыстың Қазақстан және Ресеймен салыстырғанда әлде қайда күшті әрі белсенді болуында. Бұған қоса Назарбаев пен Путин Ақорда мен Кремльде қалыптасқан жүйені Атамбаев сияқты үш жылда емес, 20 жылдан астам уақытта жасады. Бірақ Атамбаевтың абақтыға жабылуымен Қырғызстанда саяси бәсекелестік тоқтап қалды деп айтуға болмайды. Жақында Бішкекке 2017 жылғы сайлауда Жээнбековтың басты қарсыласы болған Өмірбек Бабанов қайтып оралды. Оның «Республика» партиясы мен өзінің халық арасындағы рейтингі әлі күнге дейін жоғары екендігін ескерсек, Қырғызстанда саяси өмір бұдан ары қызатыны және алдағы уақытта Қазақстан мен Ресейдегідей бір адам шымылдықтың ар жағында да, бер жағында да еркін басқара беретін жүйе қалыптастыру мүмкін болмайтындығы анық...

"The Qazaq Times"