«Дені сау ұрпақ - жарқын болашақ». Бұл - «Тұран Спорт Груп» ұжымының ту қылып көтерген ұраны. Жай ғана ұран емес. Ұжым соған сай жұмыс атқарып келеді. Соның бір дәлелі - Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінде бой көтерген «Ер Жәнібек» батыр атынағы шынықтыру-сауықтыру спорт кешені.

Аталған ғимараттың спорт күніне орай лентасы қиылып, ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға аудан жұрты көп жиналды. Халықтың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, ел ертеңі жеткіншектердің жүзі бақыттан бал-бұл жанады. Өйтпей ше, ауданда бой көтерген алып спорт кешені талай баланың арманына қанат бітіріп, қиын да қызықты спорт жолына кең есік ашқан еді.

Құны жарты миллиардқа жуық қаржыны құрайтын спорт кешені Түркістан  облыстық  дене  шынықтыру және  спорт  басқармасы мен  Түлкібас  ауданы  әкімдігі,  сонымен  қатар, «Тұран спорт Групп» компаниясымен үш  жақты  келісімнің  нәтижесінде  салынған. Ал шын мәнінде кешеннің барлық қаржысын көтеріп, "Туған жерге туыңды тік" бағдарламасы арқылы салған азамат, кәсіпкер, «Тұран спорт Групп» құрылтайшысы Есбол Әуесбекұлы Қамбаров мырза.

Спорт кешені 240 адамға арналған. Шынықтыру-сауықтыру орталығы деп саналатын ғимаратта бокс, дзюдо, үстел теннисі, баскетбол, еркін күрес тағы басқа спорт түрлерімен еркін айналысуға болады. Спортшылардың киім ауыстыру, жуыну секілді қажеттіліктеріне ыңғайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, бапкерлер мен медбикелерге арналған бөлмелер де ескерусіз қалмаған. Осы міндетті мойнына алған «Тұран спорт Групп» компаниясы құрылысты белгіленген 11 айда емес, одан ерте 9 айда бітіріп, пайдалануға берген.

Ғимараттың ашылуы жас спортшыларды жеңіс жолына бастайтын жарыс қорытындысын жариялау рәсімімен тұспа-тұс келді. Бокстан 10 салмақ бойынша сынға түскен 80-ге жуық былғары қолғап баһадүрлері бақ сынады. Жеңімпаздары жүлделі орынға көтерілді. Туринрдің бас  төрешісі Байқадам Омаровтың  айтуынша, жеңімпаз спортшылар ендігі кезекте  республикалық  жарысқа  жолдама  алады екен. Байқағанымыздай, жеңіс тұғырына көтерілген боксшы балалардың дені "Ер Жәнібек" сопрт кешені атынан түскені аңғарылып тұрды...

Салтанатты шараның ашылуына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Болат Қырықбаев, КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Махамбет Сапарбаев, ғалым, түрколог Қаржаубай Сартқожа, "Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия, аталған қордың солтүстік өңір бойынша вице-президенті Толқын Ақан және Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұршабеков қатарлы құрметті қонақтар қатысты.

"Ер Жәнібек батыр бабамыз Абылай хан заманында ерен ерлік көрсеткен, елге тұтқа, жерге қорған болған тұлға. Ол Қабанбай, Бөгенбай, Тұрсымбай және басқа қазақ батыларымен бірге халқымыздың ұлы күрестерінде ту ұстап, алдыңғы шепте жүрген қолбасшы. Сондықтан, Түлкібас жерінде салынатын осы спорт кешенімізге батырдың атын беру туралы обылысқа, ауданға өтініш хат жаздық. Ол кісілер келісім беріп, кешен батыр бабамыздың атымен аталды. Бұл біз үшін үлкен мерей. Осындай ұлы тұлғалардың, баһадүр бабаларымыздың рухы қолдап, спорт орталығынан елдің атын аспанатып, әлем ареналарында туын көтерер талай жеңімпаз спортшыла шығады деген сенімдеміз" - дейді Есбол Қамбаровм мырза.

"Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қоры тарапынан кешенге батырдың арнайы салынған картинасы тарту етілді, сондай-ақ, жеңімпаз спортшылардың мойнына батыр атындағы медальдар тағылды, қор арқылы шығарылған кітап-журналдар үлестірілді. Ал, Есбол Қамбаровқа Қор президенті Жеңіс Түркия қазақтың тағы бір даңықты ұлы, қолбасшысы Бауыржан Момышұлы атындағы "Намыс" орденін табыс етті.

Айта кетейік, бұл спорт кешені - Есбол Қамбаров мырза басқаратын ұжым салған екінші спорт кешені. Үшінші ғимараттың да құрылысы жүріп жатқанын біліп, кеудемізді ризалық сезімі биледі. Ұлт салауатын, ұрпақ саулығын ту еткен осындай азаматтардың бары қуантты.  Ер елін ойлаған, елі тарихи тұлғаларын түгендеп, береке-бірлікте ұйысқан осындай игі шаралар көп бола берсін деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Мұрат Алмасбек

"The Qazaq Times"