Бүгін Нұр-сұлтанда Үкімет отырысы өтті. Жиында елдегі тауар айналымы, азық-түлік өнімдері бағасының өсуі, инфляция салдары мен себептері талқыланды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің, әсіресе Ресейдегі бағаның Қазақстанға салқыны тиіп жатқанын айтты. Мәселен, 2017 жылдан бастап бағасы 38%-ға өсіп 192,5 литр/теңге болған дизель отыны азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне әкеп соққан.

Осы жылдың 16 тамызында Ішкі сауда ережесіне енгізілген өзгерістер күшіне енгізілген болатын. Өзгерістер бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан аспайтын сауда үстемелерін белгіленуі тиіс. Нәтижесінде, азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сауда желілері алатын ретро-бонустарды (сыйақыларды) белгілеуге тыйым салынып, басқа азық-түлік тауарлары бойынша 5%-ға дейін сыйақы лимиті белгіленген. Дегенмен, санаулы уақыт ішінде тауарлар бағасы бұрынғыдан құбыла түскен. Бағаның өсуіне реттелмеген өндіріс, тиімсіз делдалдардың санының көп болуы, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы себеп болып отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов азық-түлік бағалары өсуінің жартысы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарына тиесілі екенін және олардың бағасы 9%-ға көтерілгенін атап өтті.

Статистикаға сүйенсек, жылдық инфляция 5,4% деңгейге жеткен. Ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9%-ды көрсеткен. «Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен азық-түлік тауарлары» — деген Дәленов, бүгіннен бастап тауар бағаларына апта сайын бақылау жүргізілетінін айтты.

Үкімет отырысында мәлім болған жаңалықтардың бірі — алдағы уақытта «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заң жобасының енгізілуі. Министр Сұлтановтың айтуынша, 2020 жылы «айналым» схемасын республика деңгейінде және барлық 19 тауарлық позиция бойынша іске асыру да жоспарланып отыр. Бұл — екінші жаңалық делік. Үшіншіден, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында көтерме-тарату орталықтарын салынбақ.

Көрші мемлекеттердегі экономикалық жағдайдың Қазақстанды айналып өтпейтіндігін ескерсек, тауар бағаларын тұрақтандыруда шенділер біраз қиындыққа тап болары сөзсіз. Қазірдің өзінде 1 АҚШ доллары 387.84 бағамын көрсетіп тұр. Дегенмен, экономикада жағымды жаңалықтардың болатынын ескерткен Сұлтанов былтыр Ресей, Орталық Азия және Қазақстанның ішкі тауар айналымының көлемі 579,6 млрд АҚШ долларын құрауы Қазақстан сату жүйесін құруда үлкен потенциалға ие екенін тілге тиек етті.

"The Qazaq Times"