Қытай мен Солтүстік Кореяның ең жоғары әскери лауазымдылары Бейжіңде бас қосып, екі ел қарулы күштер арасында жоғары деңгейдегі алмасуды күшейту жөніндегі міндеттерді жаңғыртып, екі ел армиясының қауіпке қарсы ынтымақтастығын күшейту туралы талқылаған. Бұндай мәліметті америкалық «Ассошиэйтед Пресс» агенттігі хабарлады. 

Сенбі күні Солтүстік Корея жаңа зымыран сынағын өткізгені белгілі болған еді. Сол күні және КХДР жоғары әскери лауазымдылары Бейжіңде Қытай әскери шенділерімен кездесу өткізгені де анық болды. Екі ел әскери шенділерінің кездесуі КХДР-ның зымыран сынағымен қатар келгені Оңтүстік Корея және АҚШ қорғаныс өкілдерінің назарын аударған. Солтүстік Кореяның аталмыш зымыран сынағы АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы бірлескен әскери жаттығуға қаратқан жауабы ретінде бағаланып келген еді.

Ал, Қытайдың "Шинхуа" ақпараттық агенттігінің бұл туралы хабарында, ҚХР Орталық әскери комиссиясының төрағасы Жаң Юшия мен Корей халық армиясы саяси бюросының жетекшісі Ким Су Жының кездескенін айтқан.  Қытай әскери шендісі кездесуде Қытай қарулы күштерінің байланысты тереңдетуге мүдделі екенін, ынтымақтастық пен өз ара қолдауды күшейтіп, аймақтың қауіпсізді мен тұрақтылығын сақтауға тырысатынын білдірген.

Қытай мен Солтүстік Корея бұған дейін де маңызды одақтас ретінде саналатын. Өткен ғасырдың орта шеніндегі Корей соғысы кезінде Қытай коммунистік режимі "Солтүстік Кореяға қолдау көрсетіп, АҚШ-қа қарсы тұру" ұранын көтеріп, Корей түбегіне миллиондаған әскер аттандырған. Алайда, сол соғыстағы шығындары да орасан зор болған. Корей түбегінің қазіргідей күрделі де қайшылыққа толы кезеңінде Қытай мен КХДР арасындағы мұндай қадамдар АҚШ пен Оңтүстік Кореяны алаңдатпай қоймайды.

“The Qazaq Times”