Бүгін ертеңгілік үш адамнан тұратын альпинистер тобы (Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және өкпе қабынуынан қайтыс болған Александр Чечулин) із-түзсіз жоғалып, байланыссыз қалған. Бұл туралы Алматы әкімі әлеуметтік желіде жариялаған.

"Таң ата дабылды хабар жетті: Іле Алатауының қырғыз жағында қазақстандық бір топ альпинистер із-түзсіз жоғалып кеткен. Жігіттеріміз Қырғызстан аумағында болғандықтан, СІМ мен ІІМ жұмысты үйлестірудеміз. ІІМ іздеу-құтқару жұмыстары басталды. Хантәңірі тауынан іздестіру орнына құрамында тауда жаяу жүріп іздейтін құтқаратын топ бар тікұшақ жіберілді. Қиындығы сол, тікұшақ биік шыңдар үстімен ұша алмайды. Шыңның биіктігі 4500 метр. Одан әрі қарай іздестіру тобы мен еріктілер жұмыстарын бастайды. Қырғыз әріптестеріміз қолдау көрсетеді деп сенеміз", – деп жазды Бақытжан Сағынтаев инстаграм желісінде.

Сонымен қатар, жағдайды өз бақылауына алған Б.Сағынтаев сағат 15-тер шамасында интасграм парақшасында ҚР Қорғаныс министрлігінің үш әскери альпинисі құтқару операциясын орындау үшін «Қазавиақұтқарудың» МИ-703 (171) тікұшағымен жіберілгендігін мәлімдеді. Мақсұт Жұмаев басқаруындағы топтағы "Құтқарушылардың шыңға шығуда тәжірибе жинақтаған нағыз мамандар екенін атап өткім келеді", – деді ол. Сағынтаев құтқарушылардың Ыстықкөл облысындағы (Қырғызстан) Қаракөл қаласына жіберілетінін, «құтқару отряды жоғалған альпинистер тіркелген «AK-SAI TRAVEL» туркомпаниясының лагеріне барады. Олар қажетті қондырғылармен толық жабдықталған», – деп айтты.

Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевтың жоғалған альпинистер туралы әлеуметтік желідегі жазбасы. 19 тамыз 2019 жыл. Фото: sagintayev.b инстаграм парақшасынан скриншот

Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен альпинистер Қырғызстандағы 7439 метрлік Жеңіс шыңының жоғарғы жағына көтерілген. Тянь-Шаньның жоғарғы шыңына шығу бағыты альпинизмдегі ең күрделі, яғни 5-6-шы санатына жататын биік, еңсеру қиын шыңдардың бірі. Әзірге белгілі ақпарат, топта Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев бар және Александр Чечулин өкпесінің қабынуынан көз жұмған.

Бүгін альпинистердің бірі Мұрат Өтепбаевтың қызы Айгүл әлеуметтік желіде "Үш альпинистен құралған топ Жеңіс шыңында шамамен 6600 метр биіктікте қалып қойды, сол жерден не төмен түсе алмай, не сонда қала алмайды. Табиғи жағдайлар мен жабдықтардың жетіспеуі топтың базалық лагерьге уақытында түсуіне мүмкіндік бермеді. Аман қалған Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев ешкіммен байланыса алмайды", – деген жазбасымен бөлісіп, мүмкіндігінше дереу көмектесуін сұраған. Белгілі болғандай Мұрат Өтепбаев альпинизмде 13 жылдық тәжірибесі  бар спорт шеберіне кандидат, Alpine Asia Team бапкері, төрт баланың әкесі.

13 жылдық тәжірибесі бар спорт шеберіне кандидат, альпинист Мұрат Өтепбаев туралы әлеуметтік желідегі жазба. 19 тамыз 2019 жыл. Фото: @baktybala инстаграм парақшасынан скриншот

Альпинистердің бірі Андрей Корнеев туралы әлеуметтік желідегі жазба. 19 тамыз 2019 жыл. Фото: @baktybala инстаграм парақшасынан скриншот

Қазақстандық әскери қызметшілер дабыл бойынша көтеріліп, толық жауынгерлік әзірлікте тұр. ҚР ІІМ ТЖК бөлген тікұшақпен 4400 метр биіктіктегі базалық лагерьге көтерілуді жоспарлауда және жаяу іздестіру жұмыстары жалғасуда.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша құтқару тобында – капитан Мақсұт Жұмаев, майор Аманжол Рахметов, топ басшысы – аға лейтенант Василий Пивцов бар.

«Аталған операция ауа-райының нашарлығына байланысты күрделенуде. Мұндай биіктікте жұмыс жасау үшін күн-райына бейімделген құтқарушыларды жіберу аса маңызды. Бұл операцияда Еуропадағы биік шыңдарды бағындырып жүрген, Ресейде өткен «Эльбрус шеңбері-2019» халықаралық сайысына қатысушылары жұмылуда», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Қазақстанның ТЖ комитеті хабарлағандай, тау жақта бүгін де қар жауып тұр.

"The Qazaq Times"