Венесэула президенті Николас Мадуро елдегі оппозициялық топтарды күшпен таратып, жаңа құрам дайындамақ. Бұл жағдай үкіметтегі шиеленісті (эскалация) күшейтіп, саясаттағы кризис жалғасуы мүмкін, – дейді венесуэлалық оппозиция лидері Хуан Гуайдо.

Гуайдо өзінің Twitter парақшасындағы видео-үндеуде: «Осы апта Мадуро парламентте әділетсіз сайлау өткізіп, оппозициялық топтарды күшпен таратуды жоспарлап отыр. Артынша ол оппозиция өкілдерін, біздің жақтастарымызды қудаулауға ұшыратуы әбден мүмкін. Бұл жайт біздің Норвегиямен жақында жүзеге асқан дипломатиялық серіктестігімізге нұқсан келтіріп, елдегі дағдарыс, саяси кризисті жалғастырады. Президенттің бұл қадамы билік үшін де, халық үшін де ауыр тимек», – деді.

Reuters агенттігі хабарлағандай, елдің Ақпарат министрлігі оппозицияның бұл үндеуіне қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен, басқарушы топ жақтастары, саясаткерлер Гуайдоның бұл сөзін негізсіз деп танып, парламенттік сайлаудың 2020 жылдың желтоқсанына жоспарланғанын айтты. Социалистік партия өкілі Диосдадо Кабелло ғаламторда «Гуайдо мырза, егер биліктен қорықсаңыз, ит сатып алыңыз!» – деп жауап қатқан.

Биыл Венесэула ассамблеясы Гуайдоны құқықтық иммунитетінен айыру туралы үкім шығарып, белсенді 15 жылға биліктен аластатылды. Аталған жағдайдан кейін Гуайдо жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбатында «билік қысым көрсетіп, арнайы ұйымдасқан топ қастандық жасамақ» деген. Кейіннен Хуан Гуайдо бастаған оппозициялық топ БҰҰ-дан гуманитарлық көмек сұрап, Норвегиямен арнайы келісімге келетінін хабарлаған болатын. Гуайдоның айтуынша, оның Норвегиямен күш біріктіруі президент пен елдегі билік құрылымдарының ауысуына әкеледі. Егер жоспар тиісінше орындалмаса, Каракаста кезекті мәрте наразылық акциялары орын алуы мүмкін.

Венесуэладағы саяси дағдарыс қаңтарда ушыға түскен. Сол уақытта Ұлттық ассамблея бақылауындағы оппозицияны басқарған Хуан Гуайдо өзін үкімет басшысы ретінде жариялаған. Оған АҚШ-пен қоса алғанда 50-ден астам мемлекет қолдау көрсетті. Еуропалық одақ Гуайдоны елдің легитимді басшысы ретінде таныды. Ал Қытай мен Ресей билігі қазіргі президент Николас Мадуро үкіметіне сенім білдіріп, АҚШ және Еуропа елдерінің Венесуэла оппозициясына қолдау білдіруін «халықаралық құқықбұзушылық» деп атаған.

"The Qazaq Times"