ҰҚК қауіпсіздік сертификатын Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша сынақтан өткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айының 6-ы күні Twitter парақшасында қауіпсіздік сертификатына байланысты пікір білдірді. Онда ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Qaznet Trust Network» қауіпсіздік сертификатын өзінің тапсырмасы бойынша сынақтан сәтті өткізгендігін хабарлады.

Дәл осы күні ҰҚК қауіпсіздік сертификатын сынақтан сәтті өткізгендігін, алдағы уақытта «кибершабуыл болған жағдайда» пайдаланатынын айтып, мәлімдеме таратты.

Шілде айынан бастап қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан ғаламторға кедергісіз кіру үшін қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған смс хаттар ала бастаған. Сарапшылар мен азаматтық белсенділер бұны «азаматтардың жеке өміріне қол сұғу», «халықты бақылауда ұстаудың кезекті қадамы» деген пікірлер айтқан. Ал ұялы байланыс операторлары мен билік бұны «кибершабуылдың алдын алу шарасы» деп түсіндірген.

Осыдан бірнеше күні бұрын қауіпсіздік сертификатына байланысты Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қарсылық акциялары өткен.

"The Qazaq Times"