әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың келбеті көз тартар Ыстықкөл жағасындағы спорттық-сауықтыру лагеріне Арыс қаласының 50 бүлдіршіні демалуға келді. Таңғажайып табиғат пен саф таза ауа және көркемдігі көз сүріндірер «Қырғызстанның інжу-маржаны» аясында оларды алдағы уақытта ұмытылмас демалыс күтеді.

ҚазҰУ әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету мақсатында Арыс қаласының оқушылары үшін білім беруді дамыту, бос уақытын тиімді өткізу, сауықтыру-оңалтудың кең көлемді бағдарламасын дайындады. Аталмыш бағдарламалар аясында балалар коммуникативтік қабілеттерін дамыту, қоғамдық ортада сәтті әлеуметтену, кәсіби өзін-өзі анықтау мәселелері бойынша қызықты тренингтерге қатысады.

Терапияның түр-түрі (арт-терапия, ертегі, ойын терапиялары) және спорттық сайыстар, театр қойылымдары мен алау жанында жаңа достармен отырып ән шырқау, көңілді жаттығулар және би кештері, шығармашылық және танымдық іс-шаралар – осының бәрі кәсіби психологтар мен әлеуметтік педагогтардың ұйымдастыруымен өтетін болады.

«Балалар лагерь өміріне бірден бейімделіп кетті. Мұнда оларға өте қызықты. Төтенше жағдайдан соң балаларға демалыс өте қажет екені белгілі. Сондықтан біз балалардың демалысын ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Қазіргі біздің басты мақсатымыз – орын алған оқиғадан балалардың назарын аудару. Олардың лагерьдегі күндерінің ең қызықты әрі пайдалы өтуіне бар күш-жігерімізді салатын боламыз», – деді ҚазҰУ спорттық-сауықтыру лагерінің директоры Талғат Дүйсембаев.

"The Qazaq Times"