Осыдан бес жыл бұрын (2014 жылдың 17-ші шілде күні) Украина әуе кеңістігінде Мalaysia Airlines  компаниясына тиесілі «Бойнг-777» ұшағы апатқа ұшыраған. Сол уақыттан бері апаттың себеп-салдарын анықтаумен айналысқан арнайы комиссия өз жұмысын қорытындылады.

Нидерланды елінің басшылығымен құрылған халықаралық комиссия қорытындысы бойынша, 2014 жылдың 17-ші шілде күні сағат 16-20 шамасында Амстердамнан Куала-Лумпурге бағыт алған «Бойнг-777» ұшағын Ресейшіл сепаратистер басқаруындағы Донбас аймағынан 9М38 зымыранымен «Бук» жүйесі арқылы атып құлатқан. Сарапшылар пікірінше, «Бук» зымыран жүйесі Донбасқа Ресейден әкелінген. Бірақ комиссия қорытындысын Ресей мойындамауда.

МН17 трагедиясы соңғы жылдары еуропа аумағында болған ең үлкен әуе апаты. Осы уақытқа дейін 298 адамның өмірін қиған адам қолынан жасалған апатты ешкім мойынына алған жоқ.

Сот неге Гаагада емес, Амстердамда өтеді?

«Бойнг-777» апатына байланысты сот отырысы 2020 жылдың наурыз айының 9-ы күні Амстердам қаласы маңындағы Схипхол комплексінде өтеді. Бірақ іс негізінде Гаага сотына берілген. Нидерланды билік өкілдерінің сөзінше, соттың Схипхолда өтуінің себебі Гаага бұндай ауқымдағы істі өткізуге қауқарсыз.

Бұл сот халықаралық трибунал ма?

Істі Гаага соты қарағанымен бұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сотымен шатастырмау қажет. Нидерланды мен Австралия сияқты елдер Біріккен Ұлттар Ұйымынан МН17 ісіне халықаралық трибунал статусын беруді сұрағанымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Ресей бұған қарсы шығып, ұсыныс қабылданбай қалған.

МН17 апатына кім кінәлі?

Халықаралық комиссия әзірге апатқа қатысы бар делінген төрт адамның атын атады. Олардың ішінде Игорь Гиркин, Сергей Дубинский, Олег Пулатов есімді үш бірдей Ресей азаматы мен Леонид Харченко есімді Украина азаматы бар. Олардың барлығы өздерінің апатқа қатысы жоқ екендіктерін алға тартуда. Жыл аяғына дейін күдіктілер саны көбеюі мүмкін. Себебі тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Қылмыстың істе Украина мен Ресейдің орны мен рөлі қандай?

Қазіргі таңда «Бойнг» бортында болған төрт отбасы Украинаға қарсы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына шағым түсірген. Олар ресми Киевті тиісті деңгейде жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етпеді, соғыс болып жатқан аймақтың әуе кеңістігін жаппады деп айыптауда. Арыз 2014 жылы берілген. Бірақ, соты арызды қабылдағанынан әлі күнге дейін растаған жоқ.

Ресей де аталмыш іске байланысты жазылған 380 адамның арыз-талаптарына жауап беруі тиіс. Арызданушылар Мәскеуді адамдардың өмір сүру құқығын бұзды, апаттың себеп-салдарын анықтауға тиісті деңгейде күш жұмсамады деп айыптауда.

"The Qazaq Times"