Еуропарламент отырысы нәтижесінде Германияның қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен Еурокомиссия төрағасы болып сайланды. Сөйтіп ол Еуропа одағы атқарушы жоғары билік органының басшылығына тағайындалған бірінші әйел атанды.

Еуропа парламентіндегі 383 депутат Урсула фон дер Ляйеннің кандидатурасын қолдап дауыс берсе, 327 депутат қарсылық білдірген. 22-сі қалыс қалған. Ал осыған дейін аталған қызметті атқарған Жан-Клод Юнкер 2014 жылы 422 дауыс жинаған. Дауыс беру алдында сөйлеген сөзінде Урсула фон дер Ляйен Еурокомиссиядағы гендерлік баланстың сақталуына назар аударатынын айтып, Brexit мәселесін тілге тиек еткен.

Енді Урсула фон дер Ляйен 1 қарашадан бастап Еуропа комиссиясының қазіргі төрағасы Жан-Клод Юнкердің орнын басады. ЕО саммитінің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен Германия қорғаныс министрі Еурокомиссияны 2019-2024 жылдар аралығында басқарады.

4 шілдеде Брюссельде Еуроодақтың жауапты лауазымдарына үміткерлерді сайлауға қатысты үшкүндік марафон мәресіне жеткен болатын. Нәтижесінде, Еурокеңес төрағалығына Бельгия премьері Шарль Мишель сайланды. Одаққа мүше 28 мемлекет басшыларының шешімі бойынша Еурокомиссия президенті қызметіне Германияның қорғаныс министрі Урсула фон дер Ляйен ұсынылған. Еуропаның Орталық банкіне Халықаралық валюта қорының өкімші-директоры Кристин Лагард, ал ЕО дипломатиясы басшысылығына Испания сыртқы істер министрі және Еуропарламенттің бұрынғы төрағасы Жозеп Боррель кандидатурасы лайықты деп танылды.

"The Qazaq Times"